Мырзағали Айтжанов: «Сәкеннің жеңілгеніне қарсыласы да сенген жоқ»

0

Бұл туралы Sports.kz басылмы жазды.

Қазақстан боксшысы нокдаунға түсіп, 2020 жылғы Олимпиадада қола жүлдемен қалды.

– Біз Ұлыбританиядан келген боксшының мүмкіндіктерін жақсы білдік. Бұрын ол Біржан Жақыповпен жекпе-жек өткізген. Бұл Олимпиада ғой, барлығы жеңгісі келеді. Сәкен асығыстық жасап, жекпе-жектің алғашқы секундтарында үлкен күшпен алға шықты. Осы жерден қателік жіберіп, соққыны өткізіп алды.  Әрине, есеп ашуға негіз болды ма, жоқ па, оны біз шешпейміз. Бірақ төреші нокдаун есептегендіктен, бірінші раундта ұлыбританиялық басым түсті. Ал екінші және үшінші раундта… Бүкіл әлем біздің боксшының қалай жұдырықтасқанын көрді…

Қазір ғана Ұлыбританиядан келген жаттықтырушылар маған келіп, жақсы жекпе-жек өткенін айтып, алғыс білдірді, төрешілер осындай шешім шығарғанын айтты. Біз әріптеспіз ғой, кім мықты болғанын білеміз. Әрине, өкініш бар.

Аллаға шүкір, Сәкен жүлдегерлер қатарында. Бұл да жақсы жетістік, көп тер төгілді, күш жұмсалды… Жекпе-жек алдында мен финалға шығамыз, елді қуанта аламыз деп үміттенген едім. Сәкен бұл қарсыласты жеңе алатынына сендім. Соңына дейін Сәкеннің жеңгеніне сендім, бірақ төрешілердің шешімі  басқаша болды. Жалпы, Сәкен тамаша бокс көрсетті. Бәрі болды – мінез, ерлік, батылдық. Екінші раундтан бастап Сәкен жоғары жылдамдықпен жұдырықтасты… Ол нағыз ер адамға тән барлық қасиетті көрсете алды. Бірақ төрешілердің көргені осы болды.

– Жекпе-жек барысында Сәкенге арақашықтықты сақтау керегін  бірнеше рет айттыңыз…

– Көрдіңіздер ғой. Сәкен қарсыласқа бейімделіп, онымен өз мәнері бойынша жұдырықтаса бастады. Иә, біріншісінде қателік болды,  алға шығып кетіп, арақашықтығын  таппай қалды. Екінші және үшінші раундта Сәкен өз стилінде әрекет етті.

–Сәкенге екінші раундтан кейін не дедіңіз?

— Үшінші раунд шешуші кезең екенін айттым. «Жеңіс үшін бар күшіңді сал, бүкіл ел сенен жеңіс күтіп отыр»», – дедім. Мен Сәкенді кінәламаймын. Ол барын салды.

–Сәкен бір кездері Біржан Жақыповқа бұйырмаған Олимпиада медалін алды…

— Иә, Біржан, Қайрат Ералиев… Сәкен Олимпиаданың қола жүлдесін алды, Аллаға шүкір. Өкінішке қарай, барлық боксшымыз жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Кезінде Токиода алтын медаль алу өзімнің де арманым болды, бірақ арманның бәрі орындала бермейді ғой. Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасында командалық есепте  бірінші орынға ие болады және шәкіртім алтын алады деп армандадым. Өкінішке қарай, олай болмады… Енді Париждегі келесі Олимпиадада осындай жетістікке жететінімізге сенемін. Сол үшін еңбектенеміз.