Жоғары балл жинаған 19 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды

0

19 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері 100-ден жоғары балл жинаған талапкерлердің бейнежазбасын тексереді.

Биыл ҰБТ бейнежазбаларының бір бөлігін егжей-тегжейлі қарап шыққаннан кейін, 19 талапкердің шпаргалка қолданғаны және ережені бұзғаны анықталды. Осыған байланысты олардың нәтижесі жойылды.

«Түлектеріміз өз біліміне ғана сенуі үшін осындай мұқият тексеріс жүргізіп жатырмыз. Өйткені бүгін тест тапсырып, ережені бұзған талапкердің ертең полиция қызметкері, дәрігер, мұғалім немесе судья ретінде адал маман болатынына кепілдік жоқ. Сондықтан комиссия 19 талапкердің нәтижесін жоюға шешім қабылдады», – деп атап өтті БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.

Оның айтуынша, енді олар білім гранттарын тағайындау конкурсына қатыса алмайды. Бірақ мұндай әрекет балалар тарапынан жасалғаны ескеріліп, оларға жоғары оқу орындарында ақылы негізде оқу мүмкіндігі беріледі.

«Бейнежазбаларды тексеруді жалғастырамыз. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда нәтижелер, тіпті берілген гранттардың да күші жойылады», – деп түйіндеді Дидарбекова.

Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері өткен жылдағыдай, 145 мың талапкердің бейнежазбасын қарап шығады.

Өткен жылы бақылау камераларынан бейнежазбаларды қарау туралы ереже енгізілген болатын. ҰБТ аяқталғаннан кейін 152 талапкердің тестілеу ережесін бұзғаны анықталып, нәтижесі жойылды. Олардың 91-і білім грантынан айырылды.