Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шешуге 204 миллион теңге бөлінді
Маңғыстау облысындағы малдардың жаппай қырылуына байланысты қуаңшылық мәселесін шешуге облыс бюджетінен 204 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды Астана арнасы.
Өңірде жедел штаб құрылып, жем-шөп дайындау жұмыстары қолға алынды. Қазір малға азық жеткізу басты мәселеге айналған. Осыған орай, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарымен келіссөздер жүргізілген. 15 маусымнан бастап жем-шөп жеткізіледі.
«54 миллион теңгеге қазір 630 тонна арпа азық-түлік келісімшарт корпорациясы арқылы бөлінетін болып жатыр. Дәл қазіргі уақытта соны сатып алу рәсімделуде. Енді келесі аптаға дейін сол арпаны темір жолмен жеткізу мәселесі шешілетін болады», – деді ҚР АШМ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов.
Айта кетсек, өңірде қуаңшылықтан соңғы бірнеше айда 536 жылқы қырылыпты. Қазір жалпы шығын есептелуде. Нәтижесі 2 апта ішінде белгілі болады. Соған сәйкес тиісті ұсыныстар енгізіледі.
Еске салсақ, бұған дейін Маңғыстауда жылқылардың жаппай қырылғаны жайлы айтылған еді.