«Өмірлік миссиясы — әділеттілік»: Тоқаевтың туған күні туралы нумерологиялық сандар не дейді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше 68 жасқа толды. Бұл мемлекет басшысының ел тізгінін ұстағалы бері болып отырған үшінші туған күні. Алайда президент жылына бір келетін төл мерекесін дүркіретіп атап өтуді қаламайтынын естіп жүрміз. Десе де, Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі қандай өзгерістер болды?
Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
17 мамырдың президент үшін әдеттегі дүйсенбіден еш айырмасы жоқ. Бекітілген кестеге сәйкес кәдімгі жұмыс күні. Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күн тойламайтыны осыған дейін талай айтылып келген. Биыл да аста-төк думан, отшашу, жүрекжарды құттықтаулар жоқтың қасы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жұлдызнама бойынша торпақ. Сандарды сөйлеткен нумеролог мамандар президенттің өзін-өзі бағалауы жоғарғы деңгейде екенін айтады. Әрі қатаң тәртіптің адамы. Қол астындағылардың жауапсыздығына шектен тыс жекімесе де, ара тұра сөзбен сыбап-сыбап алатыны бар.
«Матрицасын қарайтын болсақ, басқарушы жағынан өте мықты және де логикалық ойлау қабілеті өте мықты. Психологиялық жағынан өте мықты. Дипломатиялық жағынан өте жоғары қарым-қатынаста бола алады», — деді нумеролог Гүлнәз Найман.
«Бұл адамда 314 деген код бар. Бұл бізде «әділет» коды. Яғни, өмірлік миссиясы әділет әкелу. Бұл адам өмірде көп нәрсені таразыға салып жүреді. Ерік-жігері мықты адам. Лидер, көшбасшы адам», — деді нумеролог-сарапшы Құрала Бақытқызы.
Мемлекет басшысы ұстамды, көпшілік алдында эмоциясын сирек көрсететін кісілердің қатарында. Көркем, саяси және мемуарлық әдебиеттерге әуес. Теннистен спорт шебері. Қазақ және орыс тілдерінен бөлек, қосымша үш тілді жетік меңгерген.
Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке келгелі еліміз біраз сынды бастан өткеруде. Соның бірі — әлемдік пендемия. Салдары күллі адамзатқа оңай соғып жатқан жоқ. Алайда солай екен деп, елдегі кезек күттірмес мәселелерді коронавирустың көлеңкесінде қалдырмады. Президенттің тікелей тапсырмасымен аштық пен қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға да негізгі қадамдар жасалды. Бастысы, жылдар бойы жалғасқан жер дауына да нүкте қойылды.
«Президент тарапынан жасалған ұсыныстар, тапсырмалар, нақты, дәйекті, уақытылы беріледі. Бірақ өкінішке қарай, мемлекеттік аппараттың жайбасарлығы ма, қауқарсыздығы ма, осының әсерінен президенттік билікке деген қандай да бір кері әсерлер тиіп қалып жатады. Десек те, соңғы екі жылда қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынас өзінің жаңа деңгейіне өтіп отыр», — деді саясаттанушысы Қазбек Майгелдинов.
Қазір биліктегі шенділердің дені әлеуметтік желіде белсенді. Бұл да мемлекет басшысының пәрменімен қолға алынған үрдіс. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де желідегі белсенділігін жоғалтқан емес. Қоғамдағы өзекті мәселелерге уақтылы үн қатып тұрады. Кейбір маңызды тапсырмаларды твиттер арқылы беріп жатады. Инстаграмм желісінде 2 миллионға таяу оқырманы бар. Ал твиттерде Джо Байден, Джеф Безос, Илон Маск сынды әлемдік тұлғалардың парақшасына жазылған.
«Қоғамнан жасалып отырған талаптарды ескеру, қоғам айтып отырған сындарды елеу деген сияқты президент тарапынан осындай жаңашылдықты байқап отырмыз. Бұл кейіннен толыққанды құқықтық-демократиялық қоғам құруға басты қадамдардың бірі деп есептеймін», — деді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов.
Мемлекет басшысы жағымпаздықты жек көретінін жиі айтады. Одан қалды, ысырапшылдық пен бос даңғазалық қоғамның дамуын тежейді дегені бар. Ел тізгінін қолына алғалы, халықты білім мен ғылымға үндеп келе жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевқа сарқылмас төзім мен мұқалмас ерік-жігер тілейміз.