Сіңлісі қашып үлгерген. Нұр-Сұлтанда ер адам әйелін, кейін өзін пышақтап өлтірді
Нұр-Сұлтанда отбасылық кикілжің екі адамның өлімімен аяқталды. Ер адам өзінің әйелін өлтіріп, кейін өзіне қол салды.
Оқиға 16 қаңтар күні астана тұрғын үй кешендерінің бірінде болды. Полиция мәліметінше, ерлі-зайыпты арасында кикілжің болған.
«Кикілжің барысында ер адам әйелін бірнеше жерінен пышақпен жарақаттаған. Артынша оның сіңлісіне бірнеше рет пышақ сұққан», — деді полиция департаментіндегілер.
Марқұмның сіңлісі далаға жүгіріп шығып, көршілерді көмекке шақырып үлгереді. Кейінгілері оқиға болған жерге полиция шақырған.
«Бұл уақытта ер адам пәтерге кіріп есікті жауып алған. Келген полиция жасағы есікті бұзып ашып, 46 жастағы әйелдің мәйітін тапты. Оның жанында өзіне қол салған отағасы жатқан. Жедел жәрдем келген соң, ер адамның өлімін тіркеді», — деп қосты полиция департаментіндегілер.
Құқыққорғау органдары қылмыстық іс қозғады.