Данияр Елеусіновтің келесі қарсыласы анықталды
Қысқа сілтеме алу
Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов экс-чемпионмен жұдырықтасады. Жекпе-жек он раундқа жоспарланған
НҰР-СҰЛТАН, 18 қараша – Sputnik. Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (8-0, 4 КО) WBC Continental Americas титулының бұрынғы иегері, америкалық Алан Санчеспен (20-4-1, 10 КО) жұдырықтасады, деп хабарлайды Sports.kz порталы.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 20 желтоқсан күні Америка Құрама Штаттарының Аризона штаты Финикс қаласындағы Talking Stick Resort аренасында өтеді. Кездесу он раундқа жоспарланған.
BoxRec.com порталының мәліметіне сәйкес, қазақстандық боксшы 28 жастағы америкалық Алан Санчеспен (20-4-1, 10 КО) қолғап түйістіреді. Ол – WBC Continental Americas титулының бұрынғы иегері, экс-чемпион.
Тағы оқыңыз: «2 минутта быт-шытын шығарды»: Нокаутпен жеңген Елеусіновті Тайсонмен салыстырды
Talking Stick Resort аренасында өтетін бокс кешіндегі басты кездесу орта салмақтағы әлемнің экс-чемпиондары, америкалық Дэниэл Джейкобс (35-3, 29 КО) пен мексикалық кіші Хулио Сезар Чавестің (51-3-1, 33 КО) арасында өтеді. Ал Данияр Елеусінов пен Алан Санчес бокс кешінің андеркардында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов (8-0, 4 КО) соңғы жекпе-жегін 2019 жылдың 14 қыркүйегінде өткізді. Нью-Йорктегі бокс кешінде ол бұрын жеңіліп көрмеген америкалық Решард Хикспен жұдырықтасып, қарсыласын нокаутқа түсірді. Елеусінов осы уақытқа дейін 8 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті.
Тағы оқыңыз: «Ашығын айтайын…» Данияр Елеусінов Головкинмен арадағы дауға нүкте қойды
sputniknews.kz