Қазақша Құттықтау — тілек: Үйлену той
Бір бойдақ досына:
– Менің әйелім әдемі, ақылды, пысық әрі адал болады – деп мақтанады екен. Сөйтсе досы қалжыңдап:
– Сен өзің сол шарттардың төртеуін де орындай алар ма едің? – деген екен.
Мінеки, достар, біздің күйеу жігіттің жұлдызы оңынан туған екен – таңдаған жары әдемі, ақылды, пысық және адал екені байқалады.
Жаңа өмірдің есігін ашып, табалдырығын аттағалы тұрған бұл екі жасқа тілейтініміз: қатар ұшқан аққудай жұптарың жазылмай, әрдайым бірге болыңдар. Шаңырақтарың биік, керегелерің кең, босағаларың берік болсын. Бақытты болыңдар!
Бір ұлы дана «Біз өмірге шыр етіп келгенде емес, жүрегіміздегі махаббат сезімі оянған сәтте ғана өмірге келеді екенбіз. Өйткені махаббат адамға ұшатын қанат береді және де оны мейірімді етеді, сонымен қатар ол бүкіл әлемді өзінің жылуымен құшағына ала алады » деген екен.
Қымбатты жас отаудың иелері, сендердің махаббаттарың Қозы мен Баянның махаббатынан кем болған жоқ. Барлық қиындыққа төтеп беріп, міне, бүгін екеуіңнің шаңырақ көтергендеріңнің куәсі болып отырмыз. Сендерге тілеріміз: махаббаттарың баянды болып, бір-біріңе деген ыстық сезімдерің суымасын, жұптарың жазылмасын деп тілейміз! Бастарыңа бақ құсы қонсын!
Бірде ерлі-зайыптылар ұрысып қалыпты. Сонда әйелі күйеуіне:
– Мен саған өмірімдегі ең қымбат кезеңдерімді, жылдарымды сыйлап едім, ал сен…
Сонда күйеуі шошып түсіп:
– Ойбай, олай демеші, сенімен алдағы уақытта әлі де өмір сүретінім есіме түссе, құдай-ау, мына өмірден безіп кеткім келеді, — деп зарлайтын көрінеді.
Бүгін жұбайлық өмірдің табалдырығын аттайын деп отырған жас жұбайлар, бұл әңгімені сіздерге келешекте сабақ болар деген оймен айтып отырмын. Сендерге шын жүректен тілейтінім: әрбір өткізген күндерің, жылдарың қызыққа толы болсын. Жаңа көтерген отауларыңның ішінен ұрыс-керістің дыбысы емес, сәбидің пәк күлкісі естілсін! Бақытты болыңдар!
Аса құрметті тойға келген ағайын-жұрт, аға-іні, әпке-қарындастар мен жеңгейлер, нағашылар мен құдажекжаттар!
Бүгін мына тойда қаншама жақсы тілектер айтылып жатыр. Халқымызда «батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген жақсы сөз бар. Тағы да «Қырықтың бірі – Қыдыр, жүздің аузы – уәлі» деп жатады. Яғни бата – көптің тілегін алған дұрыс екен. Көптің көл тілегімен азамат бақытты болады екен-дағы.
Өздеріңіз көрдіңіздер, осынау тілек айтқандардың қатарында ақсақалды қария аталарымыз да, ақ жаулықты аяулы әжелеріміз де, елдің бетке ұстар азаматтары да бар екеніне куә болдыңыздар.
Мен бүгінгі күні ұлан-асыр той жасап жатқан отбасыға, осы әулетке «жоғарыда аталған адамдардың айтып жатқан жақсы сөз – жарым ырыстары лайым періштенің құлағына шалынып, бақытты болсын!» дегім келеді. Сондай-ақ шаңырақ көтеріп отырған екі жасқа «осында ұлағатты тілектер айтқан жақсылардың жолымен жүруді Жаратушы жазсын!» деген тілек айтқым келеді.
Замандарыңыз тыныш, бейбіт болсын! Өсіп-өніп, біріңіз асқар тау әке, екіншіңіз аяулы ана болыңыздар! Тамырларыңыз тереңдеп, бұтақтарыңыз жайылсын, жемістеріңіз көбейсін! Әмин!