"Әділет" партиясы: "жаңа дегеніміз ұмытылған көне" ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тосын тексерулер оқу-ағарту саласын оңалта ма?

Тосын тексерулер оқу-ағарту саласын оңалта ма?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Жалпы, еліміздің орта білім беру саласы реформаға жиі ұшырайтыны жасырын емес. Әдетте мұндай бастамалар салаға басшылық етуге келген әр министрдің жеке инициативасымен жасалып, кейіннен жүзеге аспай қалатыны бар. Ал білім беру бағыты, оның ішінде орта мектептер тірі ағза сияқты дамуын тоқтатпайтыны анық.

Дегенмен, мектептердегі оқыту үрдісі мен білім сапасы ғана емес, ішкі тәртіп пен жүйеге қатысты сын жиі айтылады. Атап айтқанда, педагог мәртебесінің аяқ асты болуы, оқу үдерісінің өрескел бұзылуы, тәртіп пен тәрбие талабының орындалмауы немесе қаржы жымқыру сияқты заңға қайшы әрекеттер жиі орын алуда. Бұл мәселеге Оқу-ағарту министрлігі көз жұмып қарап отырған жоқ. Саланы сауықтыруға қатысты бірқатар шаралар жасалуда. Сол қатарда мұғалімдер арасында "тосын тексеру" аталып кеткен комиссиялардың жұмысы да бар. Қазір ел мектептеріндегі жағдайды саралауға осы тосын тексерулердің нәтижесі оң ықпал етеді деген пікір қалыптасты. Осы орайда біз Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға комиссия жұмысына қатысты сауал жолдағанбыз. Сауалымызға орай Оқу-ағарту министрлігі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Набира Марбанова ресми жауап берген екен. Сұрақ-жауаптың толық нұсқасы төменде:

- Тосын тексерулер қандай критерийлер негізінде жүргізіледі?

- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 59-бабына сәйкес білім беру жүйесіндегі мемлекеттік бақылау тексеру және профилактикалық бақылау нысандарында жүзеге асырылады . Осыған байланысты практикада «тосын тексеру» ретінде аталып жүрген іс-шаралар мәні бойынша жоспардан тыс тексерулер болып табылады. Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексерулер тек нақты заңды негіздер болған жағдайда ғана жүргізіледі, атап айтқанда бұрын анықталған бұзушылықтарды жою талаптарының орындалуын бақылау, жеке және заңды тұлғалардың нақты фактілер бойынша өтініштері, прокурордың талабы, мемлекеттік органдардың жолданымдары немесе қылмыстық қудалау органдарының тапсырмалары. Сонымен қатар, тексерілетін субъект тексерудің басталуы туралы кемінде бір тәулік бұрын хабардар етіледі, тексеру мерзімі шектелген және анонимдік өтініштер тексеру жүргізуге негіз бола алмайды.

- Тексеру нәтижесінде анықталған негізгі бұзушылықтар қандай?

- Тексеру нәтижелері бойынша анықталатын негізгі бұзушылықтар, әдетте, білім беру қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді қамтиды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес келмеуі, білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларының талаптарын бұзу, кадрлық құрамның белгіленген біліктілік талаптарына сай болмауы, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігі, білім алушылардың құқықтарының сақталмауы, сондай-ақ бұрын берілген нұсқамалардың орындалмауы сияқты жүйелік сипаттағы бұзушылықтар анықталады. Бұл ретте тексерудің нысанасы заңнамада айқындалған талаптардың сақталуын бағалауға бағытталған .

- Анықталған жағдайларға сәйкес қанша лауазымды тұлға тәртіптік немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылды?

- Тексеру нәтижелері бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шешіледі. Егер ресми тексеру жүргізіліп, бұзушылықтар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапкершілік қарастырылады. Атап айтқанда, білім беру саласында негізінен 409-бап (білім беру саласындағы заңнама талаптарын бұзу), 463-бап (кәсіпкерлік немесе өзге де қызметті лицензиясыз жүзеге асыру) және 464-бап (лицензиялау талаптары мен шарттарын бұзу) бойынша әкімшілік шаралар қолданылады. Жауапкершілікке тартылған тұлғалардың нақты саны жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша айқындалады және белгіленген тәртіпте есепке алынады.

- Тексеру қорытындысы бойынша қандай жүйелі шаралар қабылданады?

- Тексеру қорытындылары бойынша ең алдымен анықталған бұзушылықтарды жоюға бағытталған міндетті нұсқамалар беріледі және олардың орындалу мерзімдері белгіленеді. Бұдан әрі бұзушылықтардың жойылуын бақылау қамтамасыз етіледі, орындалмаған жағдайда қосымша бақылау шаралары қабылданады. Сонымен қатар, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту, анықталған бұзушылықтардың себептері мен жағдайларын талдау, сондай-ақ мұндай бұзушылықтардың қайталануын болдырмауға бағытталған жүйелі алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Жалпы алғанда, қабылданатын шаралар білім беру ұйымдарының қызметін заңнама талаптарына толық сәйкестендіруге және білім беру сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Әрине, министрлік өкілінің жалпылама жауабынан тосын тексерулердің нәтижелері туралы нақты түйін жасау мүмкін болмады. Дегенмен мұны жүйедегі мәселелерді шешуге бағытталған оң қадам ретінде бағалауымыз керек.

Қысқасы, бұл тақырып тұрақты назарда. Ал kznews.kz ақпарат порталы отандық білім беру саласындағы жүйелі проблеманы жазудан жалыққан емес. Жақында ғана біз білім сапасы, оқушылар тәртібі, ұстаздардың біліктілігі және мектептердің материалдық жағдайы туралы мәселе көтеріп, еліміздің төрт облысындағы ахуалды зерделегенбіз. 

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.