Алматылық альпинистер Альпідегі «Өлім қабырғасын» бағындырды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Тәлім мен тәрбие: атыраулық оқушылар неге тәртіпсіздікке бейім?

Тәлім мен тәрбие: атыраулық оқушылар неге тәртіпсіздікке бейім?
Фото: ашық дереккөздерден

Бірден айтайық, оқушылар арасындағы әлімжеттік пен құқық бұзушылық дерегі еліміздің барлық аймағында болып жатқаны жасырын емес. Алайда, тақырыпқа орай Атырау облысын мысалға алуымыздың дәлелі бар. 

Рас, балалардың өзара шекісуінің соңы ауыр дене жарақатын салу мен адам өліміне апарып соққан жағдайлар жиілеп кетті. Әлбетте, бұл жария болып, қоғам талқысына түскен оқиғалардың бір легі ғана. Ал болған жайттарды жасырып, жылы жауып қоюға тырысқандардың әрекетінен мұндай жағдайлардың көбін қоғам білмей қалуы да мүмкін.

Дегенмен, Атырау облысының оқу ошақтарында осы тектес оқыс оқиғалардың жиілеуі қауіпті сипат алып бара жатқан сияқты. Мысалы, айналасы бір айдың ішінде мұнайлы аймақ мектептерінде балта мен қайшы сияқты өткір қару қолдану дерегі тіркелген.

Күні кеше Атырау қаласындағы "Бином" мектебінде оқитын қызды үлкен сыныптың оқушысы қайшымен жаралаған болатын. Полицияның мәліметінше, 9-сынып оқушысы мен 8-сыныптың оқушысы арасында келіспеушілік туып, жоғарғы сыныпта оқитын қыз қарсыласына қайшы тығып алған екен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен бір жедел жәрдем бригадасы келген. Ал зардап шеккен оқушы ауыр жағдайда облыстық балалар ауруханасына жатқызылған. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, кінәлі жасөспірім мен оның ата-анасы полиция бөліміне жеткізілген екен.

Ал бұған дейін осы аймақтағы Құлсары қаласында да оқыс оқиға болған еді. Шағын қаладағы мектептердің бірінде оқушының балта ұстап, қатарластарына шабуыл жасауы үлкен резонанс туғызған болатын. Осы оқиғадан кейін Атырау облысындағы барлық білім беру ұйымдарын тексеруге Оқу-ағарту министрлігінің арнайы комиссиясы келген-ді. Дерекөздер "Бином" мектебіндегі қылмыстық оқиға болған кезде құзырлы комиссия әлі де қалада болып, тексеру жұмысын жүргізіп жатқанын айтады. Демек, арнайы тексерушілердің Атырау облысындағы білім беру мекемелеріндегі тәртіп пен тәрбиенің неліктен төмендеп кеткенін ашып айтатын кез келген сияқты.

Әрине, бұл хабарларға қарап аймақтағы қылмыстық ахуалды бір жақты сипаттауға болмас. Тіпті, Атырау облысы бойынша былтыр немесе биыл жасөспірімдер қылмысының күрт өскені туралы ресми ақпарат та жоқ. Бірақ, 2024 жылы мұнайлы аймақтағы тіркелген қылмыс саны 8,5 пайызға артқан екен. Ал балалар арасындағы құқық бұзушылықтың жиілеуі тәртіпсіздік пен тәрбие жұмысына қатысты мәселелердің дер кезінде шешілмеуінен болатыны белгілі. Яғни, әрекетсіздіктің ащы жемісі пісіп-жетілгені анық.

Екіншіден, мұның арғы жағында білім беру саласында белең алған буллинг мысалдары да қылтиятыны рас. Атырау облысы да ондай жаманаттан сақтандырылмаған екен. Мысалы, 2025 жылы Индер ауданындағы мектепте 7-сынып оқушысы сыныптастарынан соққы алып, ми шайқалу диагнозымен ауруханаға түскен. Бұл оқиға мектеп ішіндегі әлімжеттіктің нақты фактісі ретінде тіркелген.

Сондай-ақ, 2024 жылы Атырау облыстық прокуратурасы барлық меншік нысанындағы білім беру ұйымдарындағы құқық бұзу әрекетінің 1200 дерегін анықтаған екен. Бұған мектептегі қауіпсіздік, құрылыс, мемлекеттік сатып алу, білім беру сапасы, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар, өрт қауіпсіздігі сияқты фактілер кірген. Бірақ, облыстың білім беру саласындағы тұлғалар бұдан сабақ алмағанға ұқсайды. Әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қатысты жағдай өршімесе, азаймаған екен. Оның ішінде мектеп директорларының өз туыстарын жұмысқа заңсыз қабылдауы мен жұмысқа келмейтін қызметкерлерге жалақы төленуі сияқты фактілер бар. Парақорлық та аз емес. Мысалы, былтыр Жылой ауданындағы бір мектептің директоры баланы мектептегі дайындық сыныбына қабылдау үшін 20 мың теңге көлемінде пара алғаны үшін ұсталған. Сол тұста Атыраудағы мектеп-интернаттың бас есепшісі де бюджет қаржысын жымқырғаны үшін сотталды. Ол электрондық қолтаңба мен бухгалтерлік жүйелерді заңсыз пайдаланып, мемлекеттің 49 млн теңге қаржысын үптеген еді. Ал биыл мұнайлы астанадағы жекеменшік “Lets School” мектебінің директоры алаяқтық үшін істі болған. Ол да ата-аналардан оқу үшін алдын ала төлем жинап, ақшаны мектеп қызметіне емес, жеке мақсатқа пайдаланған. Келтірілген залал көлемі 119 млн теңгені құрады.

Қысқасы, Атырау облысы мектептерінде орын алған бірқатар оқиғалар аймақтың білім жүйесіндегі проблемалардың асқынғанын көрсетеді. Яғни, буллинг, жасөспірімдер қылмысы және жемқорлық осы сәтте мектептегі тәрбие мен тәртіп жағдайына тікелей әсер етіп отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.