Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жеке өмірі мен демалысына қатысты қоғамда қалыптасқан көзқарасқа пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, мұғалім тәулігіне 24 сағат бойы тек ұстаз ретінде өмір сүруге міндетті емес. Депутат қоғам осы қарапайым шындықты қабылдауы керек екенін айтты.
"Мұғалім 24 сағат бойы мұғалім емес. Осы қарапайым шындықты қабылдайтын уақыт жетті", – деп жазды Асхат Аймағамбетов Threads парақшасында.
Аймағамбетовтің сөзінше, балаларға сапалы білім беру үшін ең алдымен ұстаздың өзі бақытты, демалған және өміріне көңілі толатын адам болуы қажет.
Ол шаршаған, күйзеліске түскен мұғалімнің сапалы білім беруі қиын екенін атап өтті. Сондықтан ұстаздың демалысы мен жеке өміріне құрметпен қарау — білім сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.