Қостанайда соңғы күндері әлеуметтік желі мен жергілікті ақпараттық пабликтерде тараған мәлімет ресми түрде расталды. Қостанай облысының прокуратурасы қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаеваның ұсталғанын хабарлады, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұған дейін қала тұрғындары білім бөлімі ғимаратында ауқымды тексеру, тінту жұмыстары жүріп жатқанын және бірнеше қызметкердің жауап алуға шақыртылғанын айтқан болатын. Кейін бұл ақпараттың қылмыстық іс шеңберінде жүргізілген тергеу әрекеттері екені белгілі болды. Істі Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті тергеп жатыр.
Ресми мәліметке сәйкес, лауазымды тұлғалар қала мектептерінің қажеттілігіне бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке ілінген.
Қадағалау органының дерегінше, сотқа дейінгі тергеу аясында 2026 жылғы 1 маусым күні бірқатар жедел-тергеу шаралары жүргізілген. Сол күні күдіктілердің жұмыс орындары мен тұрғылықты мекенжайларында тінту амалдары ұйымдастырылып, тергеу органы Гүлсім Оразбаеваны Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша күдікпен ұстап, Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабы негізінде қамауға алған.
Қостанай облысының прокуратурасы тергеу амалдарының жалғасып жатқанын, іс бойынша барлық мән-жайлар анықталып жатқанын мәлімдеді.