Озған заман мен тозған мектеп: абайлық балалардың білім деңгейі қандай?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Озған заман мен тозған мектеп: абайлық балалардың білім деңгейі қандай?

Озған заман мен тозған мектеп: абайлық балалардың білім деңгейі қандай?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Ел аузында "Бүркеген жерге бүрге үйір" деген тәмсіл бар. Мұны қоғамдық талқылау тұрғысынан тәпсірлесек, болған және болуы ықтимал проблема мен келеңсіздікті жасырып, жабудың салдары ауыр болатынын меңзейді.

Дәл осы жағдайды білім саласына қатысты да айтуға болады. Сол себепті отандық оқу-ағарту саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге жұрт болып жұмылуға тиіспіз. Жалпы, бұл тақырып бойынша осы салаға жауапты органдардың проблеманы зерделеп, шешімін табуға деген ұмтылысы қуантады. Әсіресе, аймақтардың білім беру саласындағы ізденістерін әділ бағалау ләзім. Әрине, бұл ең әуелі сол аймақтар үшін тиімді екені анық. Екіншіден, облыс әкімдерінен бастап, білім беру мен тәрбие тетігіне жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік алуы жағдайды оңалтып қана қоймай, кейбір мәселелерді түбегейлі шешетіні сөзсіз. Осы үрдіс қазір Абай облысынан байқалады.

Басын ашып айтайық, Абай өңіріндегі білім саласының проблемасы, әсіресе, инфрақұрылымға қатысты жағдай бір күнде пайда болған жоқ. Ұзақ жылдар бойы аймаққа лайықты көңіл бөлінбеудің салдары оқу-ағарту жүйесіндегі сапаға да кесірін тигізді. Мұның артында тозығы жеткен оқу ғимараттары мен мектептердің адам төзгісіз материалдық-техникалық базасы туралы шындық тұр.

Ел ішіндегі емеурінге қарасақ, Абай облысындағы барлық мектептердің жағдайына шынайы көңіл бөліне бастағанына бір-екі жылдың жүзі ғана болған сияқты. Бірақ, ешбір талапқа сай келмейтін мектептерде де сапалы білім мен саналы тәрбие беру дәстүрі үзілген емес. Бұл тұрғыда өңірдегі мұғалімдердің еңбегін жоғары бағалауымыз керек.

Жә, тақырыпқа оралайық. Инфрақұрылымға қатысы айтқанда, Абай облысының мектептері жаңғыру кезеңіне аяқ басты деуге болады. Ашық дереккөздердегі мәліметтер облыста жалпы 75 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді дейді. Биыл соның жиырма алтысы толықтай аяқталмақ. Бұған дейін 9 мектепте реновация жүргізілген екен.

Ал 2025–2026 оқу жылында облыста 311 мектеп жұмыс істеуде. Оның ішінде 304 мемлекеттік мектепте және 7 жекеменшік мектепте 100 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 10 155 оқушы қабылданған көрінеді. Бұл аймақтағы демографиялық ахуалдың тұрақтанып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені, облыс аудандарындағы тұрғын санының кемуі мектеп жасындағы балалардың да азаюына әкеліп соқты. Яғни, ауыл мектептерінің қысқаруы мен жабылу қауіпі Абай облысына да тән. 

Негізі 2026 жылдың басындағы деректер бойынша облыстағы халық саны 595 700 адамды құрайды. Мұның ішінде қала тұрғындарының саны 374 500 адам болса, ауыл халқының үлесі 221 200 адам шамасында екен. 

Демек, шалғай ауылдардан басқа аумақтағы тұрғындардың үлесі тұрақты деңгейде. Ал қала және қала маңына қатысты жағдай бөлек. Бұл екі ситуация да мектеп санына қатысты мәселелер туындатады. Шалғай елді мекендердегі мектептер оңтайландыруға ұшыраса, облыс орталығы мен тірек қалаларда керісінше, орын тапшылығы пайда болуда. Ашық дереккөздер былай дейді: 2025–2026 оқу жылында облыс мектептерінде барлығы 8 934 орын тапшылығы анықталған. Қала бойынша 8 846 балаға орын жетіспесе, ауылдардағы тапшылық 88 оқушыға жетіпті. Әрине, соңғы цифр ойландырады. Бұл жердегі мысал оңтайланған ауылдардың оқушыларын тірек ауылдарындағы білім мекемесіне тасымалдап оқытуға қатысты болса керек. Ал облыс орталығы мен шағын қалалардағы мектептерді күрделі жөндеуден бөлек, заманға сай білім ордаларының құрылысы да қарқынды. Кейінгі екі жылда білім инфрақұрылымы барынша жаңғыртылып, бірнеше жаңа мектеп салынған. Семейде ұзақ күттірген Оқушылар сарайы ашылды. Жалпы, "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында облыста жалпы сыйымдылығы 2700 орындық 4 заманауи мектеп пайдалануға берілген.

Абай облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр облыстағы 12 мектепке күрделі жөндеу жүргізуге 2,9 млрд теңге бағытталыпты. Оның ішінде 9 мектеп толық реновациядан өтіп, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, облыстың 75 мектебіне 131 оқу кабинеті, оның ішінде 89 жаңа модификациядағы кабинеттер сатып алынған екен. Сондай-ақ, ауылдағы қосымша білім беруді дамыту мақсатында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 36 мектеп 58 кабинетпен және 4 балалар шығармашылық орталығы 500 миллион теңгеге техникалық-ғылыми, stem бағытындағы жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталған көрінеді.

Мұның бәрін неге жіпке тізіп отырмыз?

Жоғарыда Абай облысының дамуына қатысты ұзақ жылдық жоспардың жүзеге аспағанын айттық. Білім саласындағы, нақтырақ айтқанда мектептердің инфрақұрылымына қатысты мәселелердің қордалануына да осы жағдайдың кесірі тигені анық. Бірақ, бұл Абай облысының білім беру жүйесіндегі сапа мен тәрбие жұмысы нашар деген пайым емес. Керісінше, бірқатар ерекшелікке толы жаңалық бар екен. Мысалға, білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша жүргізілген зерделеу оң нәтиже көрсеткен. 2025–2026 оқу жылының 1-тоқсан қорытындысы бойынша Абай облысының орташа білім сапасы 62,5 пайызды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғарылапты.

Қорыта айтқанда, Абай облысының білім саласындағы жағдайды зерделеу екі факторды айқындайды. Біріншісі, аймақтағы инфрақұрылымдық проблема әлі де өткір күйінде тұр. Бұл әсіресе, ауылдық жерлерге тән болғандықтан ішкі миграция мен урбанизация үрдісіне жол аша бермек. Соның кесірінен мектептердің оңтайлануы жалғасады. Яғни, ауылдардағы демографиялық кризис сақталып отыр. Мұны тіпті жақында облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен науқанға айналған "Қаладан - ауылға" жобасы да шеше алмауы мүмкін. Дегенмен, бетбұрыс бар.

Екіншіден, мектептердегі материалдық ахуал мен өңірлік ситуациялар өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жауапкершілікті жеңілдетпейді. Бұл тұрғыда абайлық ұстаздардың да міндет жүгі еселене бермек.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.