Дерекке сүйенсек, биылғы оқу жылында Түркістан облысында 1116 мектеп жұмыс істеп тұр. Осы оқу ошақтарында 554 мыңнан астам оқушы тәлім алуда. Ал мектептерде жалпы 66 943 педагог еңбек етеді екен.
Әлбетте, отандық оқу-ағарту саласында мектеп пен оқушы саны маңызды болғанымен, берілген білімнің сапасы бірінші орында тұруға тиіс. Өкінішке қарай, біз тілге тиек етіп отырған Түркістан облысында бұл мәселе өте өзекті көрінеді. Мәселен, жақында ғана жаңадан қызметке тағайындалған облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов кезекті жиналыста өңірдегі білім берудің сапасына қатысты сын айтты. Бұл туралы түркістандық бас ұстаз өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Мәлім болған деректерге қарасақ, өңірдегі педагогтердің 94 пайызы жоғары білімді екен. Әрине, бұл оң көрсеткіш. Дегенмен де білім басқармасының талдаулары жоғары санатты және біліктілігі жоғары мұғалімдердің үлесі әлі де жеткіліксіз деген қорытынды жасауға жетелейді. Өйткені, облыстың білім саласындағы талдау нәтижелері үлкен резонанс тудырып отыр. Мысалы, өңір мұғалімдерінің 62,6 пайызы өздері сабақ беретін пәннен өткен тесттен өте алмаған көрінеді. Ал кейбір аудандарда мектеп директорларының 70 пайыздан астамы біліктілік сынағынан құлаған екен. Ең өкініштісі, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша облыс мектептерін тәмамдаған әрбір үшінші түлек ҰБТ сынағынан шекті балл жинай алмаған.
- Білім саласында шындықты айтатын уақыт келді.Түркістан облысының білім саласы бойынша алқа мәжілісін өткізгенде, бірнеше цифр мені қатты ойландырды. Мәселе 62,6 пайыз пән мұғалімдерінің сынақ кезінде жеке біліктілігін дәлелдей алмауы мен мектеп директорларының 70 пайыздан астамы өз қызметтеріне сәйкес емес болып шығуында тұр. Тіпті, түлектердің көрсеткіші туралы сөз қозғау артық. Осыдан кейін маңызды сұрақ туындайды. Біріншіден, өз пәнін толық меңгермеген мұғалім балаға қандай білім береді? Ал тесттен өте алмаған мектеп басшысы білім сапасын қалай көтереді? Егер біз бүгін білім сапасын көтермесек, ертең облыстың болашағы қандай болады? Бұл жерде бр нәрсе анық: білім саласында формальды есеп емес, нақты нәтиже болуы керек. Себебі, баланың болашағы бәрінен маңызды,- дейді облыстың бас ұстазы Ғалымжан Орынов.
Айтпақшы, облыстың білім беру саласындағы сапа деңгейін анықтауда халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелері де назарға алынған екен. Нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Өйткені, өңір бойынша оқу сауаттылығы көрсеткіші бұрнағы жылдармен салыстырғанда 21 баллға төмендегені байқалыпты. Яүни, бұл цифрлар тек бір пәннің емес, мектептердегі жалпы оқу мәдениетінің, оқушылардың мәтінмен жұмыс істеу дағдысының және тұтас функционалдық сауаттылықтың облыс бойынша өзекті екенін көрсетеді.
Әлбетте, мектептердегі оқу сапасының жағдайы туралы сөз ету барысында оқушылардың тәрбиесі туралы да ұмытпауымыз керек. Бір жақсысы, өткен оқу жылдары мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс жасау дерегі 1,2 пайызға төмендеген көрінеді. Бұл ақпаратты Түркістан облыстық полиция департаментінің балалар және жасөспірімдер арасында қылмысты азайту бойынша қабылданған шараларын талдап отырып таптық.
Әрине, бала тәрбиесіне әуелі ата-ана жауапты. Дерекке сәйкес, 2025 жылы түнгі уақытта көше кезіп ұсталған 6 573 баланың әке-шешесі жауапкершілікке тартылыпты. Ал осы кезеңде бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 324 қолайсыз отбасы анықталып, тәртіп бұзуға бейімі бар 496 жасөспірім полицияның есебіне алынған-мыс.
Тоқетерін айтқанда, Түркістан облысындағы оқу-ағарту жұмысының нәтижесіне жергілікті билік өкілдерінің де көңілдері толмайтын сияқты. Мұны облыстың бас ұстазы Ғалымжан Орыновтың жазбасынан ғана емес, аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің сөзінен де байқауға болады. Жақында әкімнің төрағалығымен білім саласына арналған кеңейтілген мәжіліс өтіп, онда жетістіктер мен кемшіліктер сараланыпты. Көшеров келтірген мәліметтерге қарасақ, кейінгі жылдары өңірде мектеп құрылысы қарқын алып, білім беру саласындағы инфрақұрылым айтарлықтай жақсарған.
Облыстағы 1116 мектеп пен 1438 балабақшаның материалдық базасы жоғары деуге болады. Былтыр өңірде ашылған "Келешек мектебі" санатындағы оқу ошақтарының саны жиырма тоғызға жетіпті. Тағы 115 мектеп жаңғыртылуда екен. Биылдан бастап "Түркістан жаңа мектебі" жобасы жүзеге асырылады. Жобаға сәйкес 6 мыңнан астам педагог пен үш жүзден астам мектеп директоры MBA бағдарламасы бойынша оқытылады дейді.
Қысқасы, осы жиында өңірдегі мектеп құрылысының қарқын алып, инфрақұрылымның айтарлықтай жақсарғанын айтқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қоғамды толғандыратын негізгі сұрақты да төтесінен қойыпты: "Баланың білімі шынымен жақсарды ма?"
Бұл сауалдың басын біз де ашық қалдырамыз...