Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде ұялы телефон пайдалану тәртібі мен педагогтердің жауапкершілігіне қатысты заңға қол қойды, деп kznews.kz тілшісі dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ақорда мәліметінше, Президент "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне педагог мәртебесі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңды бекітті.
Құжатта мұғалімдер мен білім беру ұйымдары басшыларының оқушыларға қатысты жауапкершілік шегі нақты көрсетілген. Енді педагогтер мен мектеп басшылығы білім алушыларға немесе тәрбиеленушілерге қатысты оқиғалар үшін тек ресми жұмыс уақытында және сабақ барысында ғана жауапты болады.
Бұл өзгеріс мұғалімдерді сабақтан тыс уақытта немесе мектеп аумағынан тыс жерде балалардың қатысуымен болған жағдайлар үшін негізсіз жауапқа тартудан қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар жаңа заң аясында Оқу-ағарту министрлігіне қосымша құзырет берілді. Министрлік орта білім беру ұйымдарында оқушылардың ұялы телефон қолдану тәртібін әзірлеп, бекітеді.
Аталған бастама мектептегі оқу процесінің сапасын арттыруға, оқушылардың сабақ кезінде смартфонға алаңдамауын реттеуге және білім беру ұйымдарындағы тәртіпті күшейтуге бағытталған.