Саясат

Оқу-ағартудың оң-теріс заряды: Жұлдыз Сүлейменовадан жұрт не күтеді?

Оқу-ағартудың оң-теріс заряды: Жұлдыз Сүлейменовадан жұрт не күтеді?
Фото иллюстрация: kznews

Жалпы, біздің қоғам білім беру саласына қатысты  ұстанымда еш қалғыған емес. Өйткені, кез келген адам ел тағдыры мен әулет болашағын біліммен байланыстырады. Және Тәуелсіздік тарихында жиі реформа жасалып, басқарушы менеджері ең көп ауысқан сала да осы - оқу-ағарту жүйесі. Бұл жердегі қоғам пікіріне құлақ салсақ, білім беру саласына жасалған өзгерістердің нақты нәтижесіне халықтың көңілі толмайтыны байқалды. Сол себептен де ұрпағы мектеп қабырғасында ұлағат үйреніп жатқан ата-аналардың сала министрі болып тағайындалған шенеунікке деген қызығушылығын түсінуге болады. Есесіне, атқарушы билік оқу-ағарту саласына қатысты кез келген мәселеге бейжай қарамай, ұтымды шешім қабылдауға дайын болуы керек сияқты.

Сонымен, оқу-ағарту саласын басқаруға келген он тоғызыншы министр Жұлдыз Сүлейменовадан жұрт не күтеді?

Қаққа жарылған қоғам пікіріне көз салсақ, жаңа министр істейтін жұмыс аз емес. Жалпы, білім берудегі жүйесіз өзгерістер алдымен ұстаздар қауымының жүйкесіне жүк түсіріп жүргенін жасырмауымыз керек. Оқу бағдарламасындағы тың  талап пен тәрбие ісіндегі түрлі жаңашылдықты жатырқау қалыпты нәрсе болуы мүмкін, дегенмен ол отандық педагогиканың санаты мен мәртебесін сұрыптап, анықтаудан бұрын монополия мен бюрократия жүлгесіне айналып кеткенін ел де, Президент те тілге тиек еткен. Демек, Сүлейменованың бірінші ісі жүйенің ішкі құрылымын реттеп, оқу-тәрбие жұмысын жаңа арнаға түсірумен айналысудан басталатыны анық. Ал ата-аналардың тілегі тіптен бөлек. Және оның тізімі ұзара түсетіні байқалады. Соның ішінен ата-анаға өзекті деген бірнеше мәселеге тоқталайық.

Біріншіден, экс-министрден мұраға қалған ең үлкен сұрақ - оқу бағдарламасындағы негізгі пәндердің біріктірілуіне қатысты мәселе шешімін таба ма? Мұны Сүлейменованың өзі де депутат кезінде сынға алған еді. Ендігі ұстанымы өзгере ме? Әйтпесе орта білім берудің негізі саналатын пәндерді қосып оқыту жүйесін ата-аналар түгілі мұғалімдердің өздері түсініп, қабылдап үлгерген жоқ. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің немесе алгебра мен геометрия пәндерінің сағат саны қысқарып, бір пән сабағы ретінде оқытылуы оқушы үшін несімен пайдалы болмақ? Бұл қандай зерттеуге негізделіп енгізілген бағдарлама екенін айшықтап түсіндірген маман тағы шықпады. Яғни, бұл реформаны ғылыми негіздеп, жауапкершілігін мойнымен көтеретін министрдің өзі бола ма? Әйтпесе, бұғанға дейін оқу бағдарламасына қатысты жаңғырту ісінің дені шетелде тәжірибеден өткен бағдарламалардың сәтсіз көшірмесі ретінде ғана есте қалғаны анық қой...

Екіншіден, балалар оқып жатқан оқу құралдарының сапасына мемлекеттік тұрғыда мән берудің уақыты келді. Анығын айтқанда, оқулық жазу мен басып шығарудың тек табысты бизнеске айналғаны, оның маңызы мен мазмұнының сын көтермейтіні ата-аналарды қатты алаңдатады екен. Бұл оқулық дайындау ісіндегі ғылыми-әдістемелік жұмыстың әлі де жүйеленбегенін, тіпті кездейсоқ адамдардың оқыту бағдарламаларының авторы болып жүргенін білдіреді. Осы жерде әлеуметтік желіде айтылған пікірлерді сараласақ.

Мысалы, қоғам белсендісі, белгілі аудармашы-редактор Назгүл Қожабек әлеуметтік желіде былай деп жазды: "Мектеп оқулықтарын бірін қалдырмай жинап алып, полигонға апарып өртесе деймін. Ол оқулықтардың ізі де қалмайтындай, тып-типыл құртса деймін. Сосын дұрыстап жаңасын жаздырса деймін. Тарихта аты қалатын министр осыны істесе керек. 
Жұлдыз Досбергенқызы, сізге сенейікші..."

Үшіншіден, бізді қазақ мектептерінің мәселесіне қатысты жаңа министрдің ұстанымы қызықтырады. Өйткені, қоғамдағы тіл мәселесі өте нәзік дүние. Енді қазақша сөйлеудің ешқашан "модадан" түспейтінін соқыр көріп, саңырау еститіндей уақытқа қадам бастық. Демек, қазақша оқу да бүгінгі күннің басты проритетіне айналды. Әңгіме сол ұлт тілінде білім алуға жасалған жағдай туралы болмақ. Жалпы, тіл мәселесіндегі табиғи сұрыпталу өз дегеніне бәрібір жетеді екен. Оның үстіне урбанизацияға ұшыраған аймақтардағы қазақша оқуға деген сұраныс билікті ойландырып қойды. Яғни, қазақ тіліне деген сұранысты ұлт тілінде білім алатын ұрпақ қалыптастыратынын жүйе ақыры мойындап келеді. Ал осы сұраныстың өтеуі ретінде сапалы мектеп пен мінсіз оқу бағдарламасы үдемелі түрде жұмыс істеуге тиіс.

Статистика сөйлесін: биылғы оқу жылында 8 мыңнан астам мектеп оқушыларға есік ашыпты. Өкінішке қарай, бұл білім ордаларының қаншасы ұлт тілінде білім беретінін анықтау мүмкін болмады. Есесіне өткен оқу жылында орысша оқытатын мектеп саны 970 мектепке дейін азайғаны туралы дерек бар. Әлбетте, бұл жерде қоғам орыс немесе аралас тілдегі мектепке түбегейлі қарсы деген ой тумауы керек. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл жағдай табиғи сұрыпталу мен нақты сұраныстың көрінісі. Демек, ел ішінде қазақ мектебіне деген талап күшейген үстіне күшейе бермек. Әсіресе, үлкен қалалардың жағдайына қатысты зерделеу мен ұстанымның өзгеретін кезі келді. Бұл болашақта болуы мүмкін үлкен дүмпудің алдын алуға жасалған қадам болса, кәні? Мысалы, биыл Алматы қаласында ашылған жаңа мектептің төңірегінде дау шықты. Білім мекемесінің ұлт тілінде оқытатын мектеп болуын талап еткен ата-аналар мен белсенділердің әрекеті әлеуметтік дүмпу туғызуға аз қалды. Ақыры атқарушы билік халық талабымен санасып, жаңа мектеп таза қазақ тілінде оқытатын ордаға айналды. Бірақ, бұл Алматы сияқты мегаполистегі қазақша оқуға деген талапты толық қанағаттандыра алмайды. Дерекке қарасақ, қала мектептерінің қазақша білім беруі 30-35 пайыздан сәл асады екен...
Сондай-ақ, білім беру саласындағы балалар қауіпсіздігі сын көтермейді. Әрине, қауіпсіздік жайы заңмен анықталып, реттелетін мемлекеттік мәселе. Бірақ, мектептегі әлімжеттік тақырыбы мен қарапайым этикалық талаптарға қатысты проблема шешілген емес. Тіпті, мектеп асханасындағы сапасыз тамақтандыру мен тасымал көлігінің айналасындағы шудың өзі басылмай тұр. Тағы бір өзекті нәрсе, аймақтардағы үш ауысымды мектептердің азаймауы тағы бар.

Әрине, бұл мәселелер министрдің тікелей айналысатын ісі болмауы керек шығар, бірақ, оқу-ағарту жұмысына оң немесе теріс әсерін тигізетін кез келген мәселеге бейжай қарауға болмайды.

Қалмаханбет Мұқаметқали.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz