Прагматикалық парадокс: солтүстіктегі мектептердің саны мен сапасы
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Прагматикалық парадокс: солтүстіктегі мектептердің саны мен сапасы

Прагматикалық парадокс: солтүстіктегі мектептердің саны мен сапасы
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Ұрпақ тәрбиесі мен білім беруге қатысты кез келген дүниеге бейжай қарауға болмайды. Оның ішінде баланың болашағына тікелей ықпал ететін оқу сапасы, тәртіп пен тәрбиеге қатысты мәселелер үнемі назарда болуға тиіс. Бұл - мемлекеттік органдардың ғана емес, ата-аналардың да міндеті.

Осы ретте біз Түркістан, Атырау және Абай облыстарының оқу-ағарту жүйесіндегі білім сапасы мен тәртіп қағидаты және мектептердің материалдық-техникалық базасына қатысты мақалалар сериясын жариялағанбыз. Әлбетте, отандық оқу-ағарту саласындағы мәселелерді айту барысында тек сынап, мінеуді мақсат тұтпайтынымызды тағы да еске салып қоюға тура келеді. Және бұл жолғы жазбамызды Солтүстік Қазақстан облысы бойынша оқу-ағарту бағытындағы жұмыстарға арнамақпыз.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің жағдайын оңтүстік пен орталық аймақтарға қарағанда екі түрлі бағытта сипаттауға болады. Деректерді сараласақ, облыста білім сапасының салыстырмалы түрде жоғары екенін байқаймыз.

Мәселен, 2025 жылғы ұлттық мониторинг нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысы білім сапасы бойынша 41,9 пайыз көрсеткішке қол жеткізген екен. Бұл облыстар арасындағы рейтингте 1-орын деген сөз. Солтүстіктің оқушылары бағалаудың бірнеше жүйесі бойынша, атап айтқанда оқу сауаттылығы, математикалық және жаратылыстану дағдылары сынағынан жоғарғы нәтиже көрсетіп, тізімдегі тұрақты деңгейден көрінген. Яғни, бұл көрсеткіш өңірдегі мұғалімдердің тәжірибесі мен білім беру дәстүріндегі ерекшелікті білдіреді. Әсіресе, Түркістан облысындағы жағдаймен салыстырғанда...

Бірақ, аймақта үлкен проблема бар. Ол - ауыл мектептерінің қысқаруы мен инфрақұрылымға қатысы мәселе. Ашық дереккөздердегі мәліметке қарағанда, кейінгі жылдары шалғай елді мекендердегі білім ошақтары жаппай оңтайландыруға ұшырауда. Жабылып қалғандары да жеткілікті. Мысалы, 2024 жылы 14 мектеп қысқарса, 2025 жылы тағы 7 мектептің басына бұлт үйірілген. Бәріне ортақ жалғыз себеп бар - оқитын бала саны азайған. Аймақта ішкі көші-қонның теріс сальдосы басымдыққа ие. Кейбір ауылдық жерлерде бір сыныпта екі-үш оқушы ғана қалған. Өңірде тіпті шағын жинақты мектептердің жұмысы тиімсіз болып тұр екен. Мұнан бөлек пән мұғалімдерінің тапшылығы мен материалдық базаның әлсіздігі де сезілуде. 

Статистикаға сүйенсек, осы оқу жылында Солтүстік Қазақстан облысында 458 мектеп жұмыс істейді екен. Көзге қораш көрінгенімен, аймақтағы жан санына шаққанда бұл қалыпты цифр. Өйткені, 2026 жылдың 1-қаңтарындағы ресми мәлімет бойынша Солтүстік Қазақстан облысында халық саны 514,2 мың адамды құраған. Оның 50,2 пайызы, яғни 258,1 мың адам қалада тұрады. Ал ауыл халқының саны 256,1 мың адам екен. Бұл тұтас тұрғындар үлесінің 49,8 пайызы. Яғни, өңірдегі мектеп саны тұрғын халық үлесіне шаққанда орташа тығыздықты құрайды. Алайда, шалғай ауылдардағы бала санының аздығы жастардың дені қалаға қоныс аударумен байланысты болса керек. Қазір СҚО селоларындағы демографиялық ахуал өзекті, өлмелі кемпір-шалдың есебімен тұрғын халықтың санын да, сапасын да арттыра алмайсың. Тек кейінгі жылдары белең алған еңбек өндірісі бағдарламасының аясында оңтүстіктен солтүстікке көшу үрдісі мен атамекенге оралған қандастардың үлесі өңірдегі статистиканы аздап өзгертіп келеді.

Екіншіден, Солтүстік Қазақстан облысының шекаралық аймақ екеніне де баса назар аударуымыз керек. Іргелес Ресей федерациясының экономикалық ықпалы ғана емес, мәдени экспансиясы да облыстағы оқу-ағарту саласының тілдік бөлінісіне әсер етіп отырғанын ұмытпауға тиіспіз. Дерекке жүгінсек, қазір Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің дені орыс тілді екенін көреміз. Мәселен, осы оқу жылында 244 мектеп орыс тілінде, 109 мектеп қазақ тілінде және тағы 105 мектеп аралас тілде білім береді екен. Яғни, орыс тілінде білім алушылардың үлесі шамамен 53 пайыз болса, қазақ тілінде оқитындар 24 пайызға жуық. Ал аралас тілді оқушылардың үлесі 23 пайыз шамасында.

Тоқетері, СҚО мектептерінің саны мен сапасын таразыға салғанда қызық ситуация қалыптасады. Яғни, білім беру сапасына қатысты рейтингтің жоғары болуы оқушылар санының аз немесе көп екендігіне байланысты емес екен. Мұның керісінше мысалын Түркістан облысынан байқауға болады. Дегенмен, мұны өңірлік ерекшеліктерге тән дисбаланс емес, прагматикалық парадокс ретінде қабылдауға тура келеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.