Астанадағы білім беру ұйымдарында 18 маусым күні жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтеді. Осыған байланысты ата-аналар мен түлектер мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы қажет, деп хабарлайды kznews.kz.
Түлектердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітіру кештерін мейрамханаларда, дәмханаларда, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге, автокортеж ұйымдастыруға, таңды қарсы алу шараларын өткізуге, сондай-ақ қатысушылардың қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін өзге де іс-шараларды ұйымдастыруға жол берілмейді.
"Сондай-ақ аттестат тапсыру рәсімін ұйымдастыру мен өткізу кезінде ата-аналарға, заңды өкілдерге немесе оқушыларға ақша, сыйлық, түрлі жарналар мен өзге де материалдық заттар жинауға қатаң тыйым салынатыны ескертілді", - делінген хабарламада.
Мектеп бітіру кешінің басты құндылығы – қымбат мейрамхана мен мерекелік дастарқан емес. Оның шынайы мәні – ұстаздарға алғыс білдіру, мектеппен қоштасу, сыныптастармен ерекше естеліктерді бөлісу және болашаққа сеніммен қадам басу.
Ата-аналар мен түлектерді осы айтулы күнді жоғары мәдени деңгейде өткізуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және өзара жауапкершілік танытуға шақырамыз.