1 шілдеден бастап аулаларға көлік қоюға тыйым салынатыны рас па?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Миллиард теңгелік майшелпек: Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мемлекеттен бөлек пе?

Миллиард теңгелік майшелпек: Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мемлекеттен бөлек пе?
Фото: ашық дереккөздерден

Еліміздің мемлекеттік даму институттарының қатарында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар атауымен белгілі құзыретті құрылым бар. Оның құзыреттілігі сонда, аймақтардағы қаржы айналымының бір пұшпағына мықтап жабысып отырған майшелпек жүйеге айналып кеткен. 

Жалпы, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысы туралы мардымды ақпарат табу қиын. Әсіресе, бюджет қаржысын игеруге қатысты құрылымның ұстанымы жабулы қазан сияқты. Бірақ, өңірлерде үлкен еңбек ұжымы ретінде қалыптасып, ондаған адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме екені белгілі.

Сипаты мен құрылымына көз жүгіртсек, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар бастапқыда өңірлерге инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және экономикалық белсенділікті арттыру үшін құрылған болатын. Алайда, ӘКК құрылымы негізгі миссиясын атқара алмай отырғанға ұқсайды. Мұнан бөлек, бұл құрылым бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсайтын мекемеге айналғанға ұқсайды. Мұны ӘКК жүйесіне тексеру жүргізген Жоғарғы аудиторлық палата өкілдері анықтаған екен.

Жоғары аудиторлық палатаның өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға жүргізген аудиті біраз былықтың бетін ашты.Бұл аталған құрылымның тиімділігіне қатысты өткір сұрақтарды қайта күн тәртібіне шығарды. Өңір экономикасының қозғаушы күшіне айналуы тиіс құрылымдардың қызметінде жүйелі кемшіліктердің анықталуы мемлекеттік қаржының қайтарымы мен тиімділігі мәселесін тағы да алға тартты. 

Аудит қорытындысы ӘКК өзіне жүктелген міндеттерді толық орындамай отырғанын көрсетті. Соңғы бес жылда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға 528 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінгенімен, нақты әлеуметтік-экономикалық әсердің төмендігі байқалады.

Аудиторлар анықтағандай, кейбір корпорациялар инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына қаржыны банктегі депозиттерге орналастырып, жекелеген бизнес құрылымдардың коммерциялық жобаларын қаржыландырумен айналысқан. Бұл мемлекеттік институттың даму құралы ретіндегі миссиясына қайшы келеді.

Ең алаңдатарлық мәселенің бірі құрылымның созылмалы шығынға батуы. Тексерілген корпорациялардың жинақталған шығыны 2025 жылдың басында 209 миллиард теңгеден асып, бес жыл ішінде жеті есеге өскен. Егер мемлекеттен тұрақты қаржы алып отырған ұйымдар өзін-өзі ақтай алмаса, олардың қызметінің тиімділігіне қатысты заңды сұрақтар туындайды.

Соңғы бес жылда құрылымға 528 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты бөлінген дедік. Оның 288 млрд теңгеден астамы кәсіпкерлікті несиелеуге бағытталуы тиіс еді. Алайда аудит қорытындысы бұл қаржының бір бөлігі өңірлік дамуға емес, коммерциялық сипаттағы жобаларға жұмсалғанын көрсетті. Мәселен, 

Павлодар облысындағы "Ертіс" ӘКК инвестициялық жоба ретінде 16,6 млрд теңгелік коммерциялық тұрғын үй құрылысын жүзеге асырған. Аудит барысында осы жоба бойынша 3,3 млрд теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталған. Бұл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның өңірлік даму институтынан гөрі құрылыс компаниясының функциясын атқарып кеткенін аңғартады.

Ал Батыс Қазақстан облысындағы "Aqjaiyq" ӘКК инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдері берілген. Алайда, тексеру нәтижесінде олардың бір бөлігі игерілмегені, ал кейбірі бастапқы мақсатынан ауытқып, өзге коммерциялық жобаларға пайдаланылғаны белгілі болды.

Ақтөбе облысындағы "Ақтөбе" ӘКК бойынша да аудит ең өткір мәселелердің бірін анықтаған көрінеді. Соңғы үш жылда мемлекеттік қолдау негізінен бір ғана жеке компанияның өндірісін кеңейтуге бағытталған. Аталған кәсіпорын мемлекеттен несие мен субсидия түрінде жалпы көлемі 11,2 млрд теңге қолдау алған. Бұдан бөлек, несие беру жөніндегі комиссия құрамында сол компаниямен байланысы бар тұлғаның болғаны және несиенің кепілдік қамтамасыз етусіз берілгені көрсетілген.

Сондай-ақ, дәл осы өңірде корпорация бір кәсіпорынға 544 млн теңге көлемінде несие берген. Қарыз қайтарылмаған соң міндеттемені бюджет қаражаты есебінен өтеуге тура келген. Осы жағдайдан кейін сақтандыру шарттарын кепіл ретінде қабылдау тәжірибесі қайта қаралды.

Абай облысындағы "Семей" ӘКК бойынша жобаларды іріктеу кезінде тәуекелдерді бағалау мен экономикалық талдау жеткіліксіз жүргізілгені анықталған. Аудиторлардың пікірінше, кей жағдайда басты мақсат қаржыны тиімді жұмсау емес, оны қысқа мерзімде игеру болған.

Жалпы, аудит қорытындысында жалпы көлемі 138 млрд теңге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған. Сонымен қатар тексерілген әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жиынтық шығыны 209 млрд теңгеден асып, соңғы бес жылда жеті есеге ұлғайған.

Бұл деректер мәселенің жекелеген өңірлермен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Абай облыстарындағы фактілер ӘКК жүйесінде бақылау мен жауапкершілік тетіктерін күшейту қажеттігін айқын аңғартады.

Мемлекет өңірлерді дамыту үшін миллиардтаған теңге бөліп жатқан кезде оның нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижесі қоғам үшін басты өлшем болуы тиіс. Ал осы бағыттағы жұмыстың алғы шебінен табылуға тиіс әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың бұл тірлігі мемлекеттік басқару жүйесіне үлкен сын болғалы тұр...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.