Павлодарда фитнес-клубтан шықпақ болған қазақстандық блогердің сөмкесіндегі пауэрбанк жарылып, оны жалын шарпыды. Салдарынан қыз ауыр күйік алып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Оқиға Павлодар қаласындағы фитнес-клубта жаттығудан кейін болған. Диляраның айтуынша, үйіне қайтуға дайындалып жатқан кезде оның сөмкесінен кенет қою түтін шыға бастаған. Қыз түтінді бірден байқамаған. Ал сөмкені шешуге әрекет жасаған сәтте пауэрбанк жарылып кеткен.
Жарылыстан кейін қызды жалын шарпып, салдарынан оның басы мен қолдары қатты күйген. Фитнес-клуб қызметкерлері дереу көмекке ұмтылғанымен, өртті толықтай сыртқа шыққан соң ғана сөндіре алған.
Зардап шеккен блогер ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның күйіктерін ауыр деп бағалап отыр және сауығып шыққаннан кейін денесінде тыртықтар қалуы мүмкін екенін ескерткен.