Кең байтақ еліміздің аумағы 272,5 миллион гектарды құраса, соның шамамен 80–90 пайызы ауылдық аумақтарға тиесілі екен.
Яғни, Қазақстан территориясының үлкендігімен ғана емес, шын мәнінде ауыл кеңістігі басым елдердің көш басында тұр. Тек бұл деректер мақтаныш сезімін ғана туғызбауы керек. Әсіресе, ауылдық аумақтарға қатысты сындарлы көзқарастағы пікірлерді ашық айтатын уақыт келді.
Жалпы, ауыл кеңістігіне қатысты сөз қозғағанда бірнеше факторды ескеруге тиіспіз. Ең әуелі осы кеңістікті игеріп отырған халық үлесінің жылдан жылға азайып отырғаны ойлантады. Статистикаға сүйенсек, бүгінде ауыл халқының саны 7,5–8 миллион адамның шамасында-мыс. Бұл елдегі жалпы халықтың 40 пайызға жуығы ғана. Осы мысалдан мемлекеттегі урбанизация үдерісінің күн санап күшейіп келе жатқаны байқалады.
Әсіресе, мегаполистердің маңына бағытталған ішкі миграция ағынның себебі мен салдарынан туындайтын мәселелер шаш-етектен. Оның бір парасына бұған дейін Алматы облысының мысалында тоқталғанбыз.
Екіншіден, ауылдардағы адам санының азаюы экономикалық тұрғыдағы тиімділік мәселесін күн тәртібіне шығарады. Ал бұл мәселе ауыл мен өңірдегі әлеуметтік әділеттілікке қатысты дертті тақырыпты қозғайды. Яғни, мемлекеттік саясаттың ірі табыс әкелмейтін секторларға деген көзқарас айқын: бұл бағыт "қалдық принципімен" қаржыландырады және ауылдың мәселесі үнемі екінші орында қалып отыр. Тіпті, кейінгі отыз жыл ішінде аймақтарды дамытуға қатысты бірнеше стратегиялық бағдарлама қабылданып, триллиондаған теңгені құрайтын қаржы бөлінгенімен, оның нақты нәтижесі 10 пайызға да жетпеген екен. Оның ішінде құмға сіңген судай болған бірнеше бағдарламаға кейінірек арнайы мақала арнаймыз.
Үшіншіден, ауылдағы әлеуметтік инфрақұрылымның жағдайы дәл қазіргі мемлекеттік дамудың да айнасы іспетті. Өйткені, елдің экономикалық қуат-күші аймақтардың өркендеуін толық қамти алмай отырғанын статистикалық көрсеткіштер айқындайды. Қазіргі сәтте мемлекет қазынасынан өңірлерді қолдауға бөлінетін қаржының қысқарғанын көреміз. Мұны да айтып, жаздық Бұл онсыз да жергілікті айналымдағы қаражаттың бір теңгесін екі ете алмай отырған облыстардың бюджетіне ауыр соққы болмақ. Әлбетте, орталықтан ағылатын қисапсыз ақшаға үйреніп қалған әкімдер үшін ауылдардағы инфрақұрылымға бөлінетін қаражатты қысқарту оңтайлы үрдіске айналады. Ал елде сапалы ауызсуы жоқ, жолы жоқ, интернет пен телефон байланысы жоқ, тіпті, толыққанды электр желісі жоқ ауылдар жүздеп саналады.
Жалпы, ауылдардың қазіргі деңгейде сақталып тұруына ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұраныс пен әлеуметтік қамту саясаты ғана сүйеу болып отыр. Яғни, егін егіп, мал өсіретін диқан мен шаруаның үлесі ауылдық жердегі адами капиталдың да негізгі көрсеткіші екені анық. Ал дәл осы еңбек күшінің айналасындағы әлеуметтік-экономикалық сұраныс пен талап мемлекеттің адамдардың алдындағы міндеттерін орындауға әкеледі. Мәселен, денсаулық сақтау мекемелері, дене шынықтыру -сауықтыру орталықтары және мектептердің жұмыс істеуі ең бірінші қажеттілік. Өкінішке қарай, осы үш тірек нысанының өзімен толық қамтылмаған ауылдар бар. Ал бұл тізімдегі мектепке қатысты сөз бөлек. Себебі, осы сәтте ауылдардың болашағы мектепке байлаулы болып отыр. Біріншіден, білім беру мекемелері ауыл адамдарын тұрақты әрі кепілді жұмыспен қамтамасыз етуде. Екіншіден, оқушылардың үлесі ауылдардағы адамдардың санын ғана емес, сапасын да анықтайды.
Дерек бойынша, шамамен 5,2 мыңнан астам ауыл мектебі бар. Бұл елдегі барлық мектептердің үштен екісінен астамы. Сол мектептерде 1,5 миллионнан астам бала білім алады. Демек, ауылдың тек аграрлық өндіріс алаңы ғана емес, болашақ ұрпақ тәрбиеленетін маңызды әлеуметтік орта екені айқындалады.
Енді осы мектептердегі бала санының азаюы ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіреуіне әкелуде. Анығы, оқушы саны азайған сайын мектептер жабылады немесе біріктіріледі. Бұл ауылдағы білім сапасына ғана емес, жалпы өмір сапасына әсер етеді. Дәл қазір еліміздің солтүстігі мен шығысындағы ауылдарда бұл мәселе өткір тұр. Оның сипатын Солтүстік Қазақстан мен Абай облысының мысалында айтып өткенбіз.
Жалпы, 220 миллион гектардан астам ауылдық жері бар елде халық тығыздығының төмендеуі қауіпті құбылыс болуы керек сияқты. Өйткені, бұл экономикалық тұрғыдан да, геосаяси тұрғыдан да маңызды фактор. Біріншіден, ауылдан адамдардың жаппай көшуі еңбек ресурстарының қысқаруына әкеледі. Әсіресе, мал шаруашылығы мен егіншілікке бейім өңірлерде жұмыс күшінің жетіспеушілігі қазірдің өзінде байқалады. Бұл өз кезегінде жердің толық игерілмеуіне, өнім көлемінің төмендеуіне әсер етеді. Ал ауылдардағы табиғи азық-түлік өнімі өндірісінің азаюы немесе мүлдем жойылуы импортқа тәуелділікті арттырады.
Екіншіден, ауылдар орналасқан кеңістіктің бос қалуы Қазақстан сияқты аумағы үлкен мемлекет үшін тек экономикалық емес, стратегиялық мәселе. Әсіресе, шекара маңындағы және шалғай ауылдардың қаңырап қалуы ұлттық қауіпсіздікке де әсер ететін факторлардың бірі.
Осы жерде "Адамдар неге ауылдан көшеді?" деген заңды сұрақ туады. Әлеуметтік сауалнамалар адамдардың жақсы жұмыс, сапалы білім, қолжетімді медицина іздеуінің соңы қалаға көшуге әкелетінін көрсеткен. Яғни, адамдардың таңдауы мен Конституциялық құқына ешкім шектеу қоя алмайды.
Демек, біз ішкі миграция туралы айтқанда адамдардың ауылдан көшуін тоқтатуды басты мақсат етпеуіміз керек. Бұл үдерісті адамдар мен мемлекетке пайдалы тұрғыдан қарастырған жөн. Яғни, мемлекет үшін басты міндет ауылды әкімшілік жолмен сақтап қалу емес, оны өмір сүруге қолайлы, экономикалық тұрғыдан тартымды ортаға айналдыру болуға тиіс.
Әлбетте, бұл бағытта атқарылған істер бар орындалатыны да жеткілікті. Ауылды дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қадағалауында екенін айтуға тиіспіз.
- Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 миллион адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз соңғы жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз, - деген еді өз сөзінде Президент.
Мұнан бөлек, ауыл кеңістігін қалпына келтіруге қатысты қадамдар бар. "Ерікті қоныс аудару" мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздің бір қатар аймақтарына көшіп барушыларды қаржылай қолдау тетіктері жұмыс істейді.
Айтпақшы, Абай облысында бұл мәселе қызу науқанға ұласты. Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен "Қаладан - ауылға" жобасы басталып, тұрғын саны азайған ауылдарға адам тарту үрдісі жолға қойылды. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір жоба басталған 1 айдан астам уақыттан бері облысқа 32 отбасы қоныс аударыпты. Бұл жалпы 157 адам және оның тоқсан үші мектеп жасындағы бала екен.