Әлеумет

Сұлтанғазиев саяжайлар мәселесіндегі жасырын «бомбамен» бетпе-бет келді

Сұлтанғазиев саяжайлар мәселесіндегі жасырын «бомбамен» бетпе-бет келді
Фото иллюстрация: kznews

Бұл ретте ауыр салмақ Алматы облысының Іле, Талғар, Қарасай аудандарына түсіп отыр. Осы аумақтағы саяжайлар аз уақыт ішінде үлкен ауылдарға айналып, халық тығыз қоныстанған елді мекендер қатарына қосылып жатыр. Әрине, бұл өз кезегінде бірқатар әлеуметтік, экономикалық, құқықтық проблемаларды туғызады.

Дерекке жүгінсек, қазір мегаполис маңындағы 674 саяжай массиві үлкенді-кішілі ауылға айналып кеткен екен. Жалпы ауданы ондаған мың гектарды қамтитын бұл массивтерде 83 578 жер телімі тұрғын үй салу үшін ресімделген көрінеді.  Ресми тіркелген адам саны 182 мыңның үстінде.

Бірақ, заңдастырылмаған үй құрылысы мен тіркеуге тұрмаған халық санының есебіне ешкім жете қоймасы анық.

Жалпы, биылғы 1-тамыздағы дерек бойынша Алматы облысындағы халық саны  1 581 000 адамды құраған. Оның ішінде 1 275 000 адам ауылдық жерлерді мекендейді екен. Яғни, облыс халқының 80,6 пайызы ауылдарда тұрады. Ал қала жағалаған жұрттың үлесі - 306 000 адам немесе 19,4 пайыз. Тиісінше, өңірдегі тұрғын үй құрылысы да ауылдық жерлерде артып келеді. Статистикаға салсақ, биылғы алты айда облыста жалпы алаңы 819,1 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 573,6 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысына тиесілі. Бұл деректерден аймақта жеке адамдардың қолымен салынған баспананың үлесі көп екенін бағамдауға болады.

Әрине, біз сөз етіп отырған саяжайлар мәселесі осы үрдістен шет қалмайды. Себебі, жұрт жарты лашық болсын жеке баспана тұрғызып алуға жанталасып жатыр.

Жалпы, бұл жерде екі мәселенің басын ашып алуымыз керек сияқты. Біріншісі, аудандарды дамытудың бас жоспарына еш үйлеспейтін, баспана салуға қатысты техникалық бақылау талаптарына мүлдем сай емес "жабайы" құрылыстың тоқтаусыз жүріп жатқаны Алматы сияқты сейсмикалық қауіпті аймақтағы төтенше жағдайды күрделендіре түскені анық.

Екіншіден, миграция ағыны аса маңызды әлеуметтік проблеманың ошағына айналып кетті. Адам санының күрт көбеюі жергілікті жерде мектеп пен емхана тапшылығын туғызып отыр. Бұдан бөлек, ауыз су, көгілдір отыр, жол мәселесі де өте өткір тұр. Ал жаңадан қоныстанушылардың жұмыспен қамтылуы туралы мүлдем тіс жармаймыз.

Осы мәселенің ішіндегі бірінші кезекте шешілуі тиіс жағдай - мектеп. Былтырғы жылдың есебі бойынша, Алматы облысында үш ауысымда білім беретін алпыстан астам мектеп бар екен. Жалпы, биылғы оқу жылында аймақтағы 491 мектепте 362 мыңнан астам бала білім алуды бастады. Оның ішінде 35,5 мың бүлдіршін 1-сыныпқа барған. Ал аймақтағы үшаусымды мектептерді жою әзірге мүмкін болмай отыр. Есесіне мектебі жоқ саяжай массивтерінде тұратын оқушыларды тасымалдау мәселесі ушығып келеді. Күні кеше Іле ауданындағы "Мерей" саяжайының тұрғындары бас көтеріп, облыс әкімдігіне талап қойған болатын. Өйткені, ауылға бөлінген жалғыз автобусқа балалар сыймай, мектепке жету мұң болған. Тұрғындармен кездесуге әкімнің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым келіп, оқышыларды тасымалдау мәселесін шешуге уәде берген.

- Саяжайға қосымша үш автобус жолға шығарылады, ал маршрут 1,5 шақырымға ұзартылып, тұрғын алабына жақындатылды.2026 жылы бұл саяжай ауылдық округ мәртебесі беріледі. Бұл қадам әлеуметтік нысандар салуға мүмкіндік жасайды, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым тұрғындарды тыныштандырып.

Мектеп автобустары дегеннен шығады, өткен жылы осындай арнайы көліктің бірі оқушыны басып кетіп, жасөспірім қайтыс болған. Жалпы, қанша жерден қадағалау күшейсе де, бала тасымалдайтын көліктердің апатқа ұшырауы азамай тұр.

Жалпы, ауызды қу шөппен сүрте беру де әділетті болмас. Аймақтағы саяжайлардың мәселесін шешуге атқарушы билік талпынып келеді. Бұл туралы сөз болғанына ондаған жыл болған. Әуелі Амандық Баталов еншісі бөлінбеген облыстың әкімі кезінде уәде берген, бірақ орындалмады. Одан кейін аз-кем ат үстінде болған Қанат Бозымбаев та білек түре кіресті, нәтиже болмады. Ал үшінші жыл әкім лауазымын атқарып отырған Марат Сұлтанғазиев өткір мәселені шешуге кірісіпті. Мәліметке сүйенсек, 2023–2024 жылдары Алматы облысындағы бірнеше саяжай массивтерін ауылдық округ балансына өткізіп, елді мекен статусын беру туралы Үкімет шешімі қабылданған. Нәтижесінде Іле,Талғар, Карасай, Еңбекшіқазақ аудандарындағы мыңдаған жер телімдеріне салынған үйлер заңдастырылып, саяжайлар ауыл санатына қосылған.

Дегенмен, саяжайлар проблемасын толық шешу Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің алдындағы негізгі міндет болып қала бермек. Өйткені, дәл қазір жабайы урбанизацияның есебінен көбейіп отырған әлеуметтік мәселе ушықпауы керек. Алматы маңындағы әлеуметтік «аутсайдерлер» армиясының ашулы әрекетінің соңы немен аяқталатынын Қаңтар оқиғасы көрсеткен болатын. Жасырын «бомбаны» басып кетпей залалсыздандыруға әкімдіктің қауқары жете ме?

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz