Аралды құтқару мүмкін емес: Қазақстанның ендігі жоспары қандай?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Кедейлік шегі: табыс теңсіздігі мен әлеуметтік жік неге көбейіп келеді?

Кедейлік шегі: табыс теңсіздігі мен әлеуметтік жік неге көбейіп келеді?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Ресми статистика елдегі табыс теңсіздігінің аздап төмендегенін көрсеткенімен, өңірлердегі жағдай біркелкі емес екен. Әсіресе, кейбір облыстарда кедейлік шегі тереңдеп, әлеуметтік жіктелу күшейіп келеді-мыс. Бұл туралы finprom.kz⁠ аналитикалық порталы Ұлттық статистика бюросы деректері негізінде дайындаған есепте айтылған.

Дерекке қарасақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы "кедейлік тереңдігі" 0,8 пайыз, ал "кедейліктің өткірлігі" 0,2 пайыз деңгейінде қалған. Яғни, бір жыл ішінде кедейлік жүктемесінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Сонымен қатар, Джини коэффициенті мен қорлар коэффициентінің төмендеуі табыс теңсіздігінің аздап қысқарғанын көрсетіп отыр.

Осы жерде кедейлік жүктемесін анықтауға қатысты қолданылатын ұғымдар туралы түсіндіре кетейік. Атап айтқанда, сараптамаға негіз болған "кедейлік тереңдігі" ұғымы нені білдіреді? Бұл халықтың табысы күнкөріс минимумынан орта есеппен қаншалықты төмен екенін көрсететін индикатор. Көрсеткіш жоғары болған сайын, аз қамтылған отбасылардың қаржылық жағдайы соғұрлым күрделі деген сөз. Ал "кедейліктің өткірлігі" дегеніміз табысы төмен топтың ішіндегі айырмашылықты сипаттайды екен. Яғни, кейбір адамдардың табысы күнкөріс минимумынан сәл ғана төмен болса, басқаларының табысы одан әлдеқайда төмен болуы мүмкін. Бұл көрсеткіш жоғарылаған сайын ең ауыр кедейлік жағдайындағы тұрғындардың үлесі көбейеді. Сондай-ақ, тақырыпқа қолданылған "Джини коэффициенті" ұғымы халық табысының қаншалықты тең бөлінгенін көрсетеді. Мәселен, көрсеткіш нөлге жақындаған сайын табыстар біркелкі бөлінеді, ал оның өсуі байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықтың ұлғайғанын білдіреді. Және бұл жердегі "қорлар коэффициенті" индикаторы ең ауқатты топтардың 10 пайызының табысы күнкөріс деңгейі төмен адамдардың 10 пайызының табысынан қанша есе жоғары екенін көрсететін өлшем ретінде белгіленген.

Сараптамаға оралсақ. Бір қарағанда жағдай тұрақты көрінеді. Бірақ, өңірлік көрсеткіштерге үңілсек, басқа көрініс байқалады. Яғни, республикалық орташа көрсеткіштер көбінесе өңірлер арасындағы үлкен айырмашылықтарды бүркемелеуге тырысады. Мысалы, Ұлытау облысында кедейлік тереңдігі 1,6 пайызға жетсе, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш одан екі есеге төмен. Бұл жерде мәселе тек кедей адамдар саны туралы емес. Кедейлік тереңдігі мен өткірлігі олардың қаншалықты тәуекелді жағдайда өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Ал Ұлытау облысында екі көрсеткіштің де өсуі халықтың бір бөлігінің күнкөріс минимумынан бұрынғыдан да алыстап кеткенін аңғартады. Экономикалық тұрғыдан бұл өңірдегі табыс көздерінің жеткіліксіздігіне, еңбек нарығының әлсіздігіне немесе әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігінің төмендігіне байланысты болуы мүмкін.

Дерекке қарасақ, 2025 жылы Ұлытау облысындағы кедейлік тереңдігі 1,6 пайызға, өткірлігі 0,7 пайызға жетіп, ел бойынша ең жоғары деңгейге көтерілді. Бір жыл ішінде тереңдік көрсеткіші 0,6 пайыздық тармаққа, өткірлік 0,4 тармаққа өскен. Сонымен қатар Джини коэффициенті 0,314-тен 0,308-ге, қорлар коэффициенті 6,9 еседен 6,75 есеге төмендегенімен, өңір табыс теңсіздігі жоғары аймақтардың қатарында қалды. Жалпы алғанда, Ұлытау облысы кедейлік көрсеткіштерінің жиынтығы бойынша ең проблемалы өңірге айналды.

Маңғыстау облысындағы жағдай да ерекше назар аудартады. Мұнда кедейлік тереңдігі де, өткірлігі де өскен. Бірақ, сонымен қатар өңір елдегі ең төмен табыс теңсіздігіне ие. Бұл парадокс сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, оның түсіндірмесі қарапайым ғана, халықтың көп бөлігі табыс деңгейі жағынан бір-біріне жақын болуы мүмкін, бірақ, ол табыс та салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып отыр. Яғни, өңірде шалқыған байлар мен тақыр кедейлер арасындағы алшақтық аз болғанымен, халықтың едәуір бөлігі әлеуметтік тұрғыдан осал жағдайда қалуы ықтимал екен.

Жалпы, Маңғыстау облысы кедейлік тереңдігі бойынша екінші орында тұр. Көрсеткіш 1,1 пайыздан 1,3 пайызға дейін өсті. Кедейліктің өткірлігі де 0,2 пайыздан 0,4 пайызға көтерілді. Алайда, бұл өңірде де табыс теңсіздігі елдегі ең төмен деңгейде сақталды. Джини коэффициенті небәрі 0,173 болса, қорлар коэффициенті 3,08 есені құрады. Демек, өңірде кедейлік мәселесі айқын сезілгенімен, халық арасындағы табыс айырмашылығы салыстырмалы түрде аз.

Сондай-ақ, Жетісу және Түркістан облыстарындағы кедейлік тереңдігі 1,1 пайыз деңгейінде сақталды.

Жетісу облысында кедейліктің өткірлігі өзгермей 0,3 пайыз болды. Джини коэффициенті 0,288-ден 0,291-ге көтерілгенімен, қорлар коэффициенті 6,37 еседен 5,96 есеге төмендеді.

Ал Түркістан облысында кедейліктің өткірлігі 0,3 пайыздан 0,2 пайызға дейін азайды. Сонымен бірге Джини коэффициенті 0,214-тен 0,203-ке, қорлар коэффициенті 3,76 еседен 3,56 есеге төмендеп, табыс теңсіздігінің қысқарғанын көрсетті.

Мұнан бөлек, 2025 жылы Павлодар облысы табыс теңсіздігі бойынша ең нашар көрсеткіштердің бірін көрсетті. Джини коэффициенті 0,311-ден 0,331-ге дейін өсіп, ел бойынша ең жоғары деңгейге жетті. Қорлар коэффициенті де 6,46 еседен 7,58 есеге дейін артты. Кедейлік тереңдігі 0,7 пайыз деңгейінде қалғанымен, өткірлік 0,1 пайыздан 0,2 пайызға көтерілді.

Ал Қарағанды облысындағы жағдай одан да күрделі. Мұнда барлық негізгі көрсеткіштер нашарлаған. Мәселен, кедейлік тереңдігі 0,5 пайыздан 0,8 пайызға, өткірлігі 0,1 пайыздан 0,3 пайызға өсті. Джини коэффициенті 0,299-дан 0,317-ге, ал қорлар коэффициенті 6,45 еседен 7,31 есеге дейін көтерілген.

Айтпақшы, Абай облысындағы жағдай біршама оңалған сияқты. Мысалы, былтырғы есеп бойынша кедейлік тереңдігі 2024 жылғы 1,6 пайыздан 1,2 пайызға дейін төмендепті. Өткірлік көрсеткіші де 0,5 пайыздан 0,3 пайызға қысқарған. Сонымен бірге Джини коэффициенті 0,28-ден 0,282-ге, қорлар коэффициенті 5,31 еседен 5,35 есеге өсті. Бірақ, аймақта кедейлік ауырлығы азайғанымен, табыс теңсіздігі аздап күшейген екен.

Тоқетерін айтқанда, 2025 жылғы статистика Қазақстандағы кедейліктің азаймағанын, бірақ, оның сипаты өзгеріп жатқанын көрсетеді. Кейбір өңірлерде кедейлік тереңдеп бара жатса, енді бір жерлерде табыс теңсіздігі күшейіп келеді.

Сондықтан әлеуметтік саясаттың басты міндеті орташа республикалық көрсеткіштерді жақсарту емес, өңірлер арасындағы алшақтықты қысқарту болуы керек-ті. Әйтпесе, жалпы статистикадағы оң өзгерістер халықтың күнделікті өміріндегі нақты мәселелерді толық көрсете алмай отырғаны уақыт өткен сайын білініп қалып жатыр...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.