Ел тұрғындары арасында алкоголь тұтынуға деген сұраныс жыл өткен сайын азайып келеді екен. Бұл жерде негізгі көрсеткіш градусы жоғары ішімдік түрлеріне қатысты өзгергені байқалады. Есесіне, ел ішінде сыра ішу үлесі артқан.
Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша халық арасында сыраға сұраныс артып, керісінше арақ пен шарап тұтыну көлемі төмендеген. Сарапшылар мұны тұтыну мәдениетінің трансформациясымен және жастардың өмір салтындағы өзгерістермен байланыстырады.
Дерекке сәйкес, былтыр ішуге ынталы адам орта есеппен 7,9 литр күшті алкоголь, 5,2 литр шарап және 115 саптыаяқ сыра тұтынған. Ал арғы жылы бұл көрсеткіш 108 кружканы құраған екен. Нәтижесінде сыра тұтыну көлемі 649,7 миллион литрден 690,5 миллион литрге дейін өсті дейді деректер. Осылайша, сыра бүгінде сұранысы артып отырған жалғыз алкогольдік өнім саналады.
Ал дәстүрлі күшті ішімдіктер бойынша кері үрдіс байқалады. Арақ тұтыну көлемі 84,8 миллион литрден 80,3 миллион литрге дейін азайған. Шарап пен шампан сегментіндегі төмендеу бұдан да айқын екен, 77,5 миллион литрден 62,2 миллион литрге дейін қысқарған.
Мамандардың пікірінше, бұл үрдіс халықтың жалпы алкогольді көбірек тұтына бастағанын емес, ішімдік түрлеріне деген таңдаудың өзгергенін көрсетеді-мыс. Яғни, нарық біртіндеп күшті алкогольден жеңіл өнімдерге ауысуда.
Жалпы, ішімдікке қатысты жаһандық тренд Қазақстанға да жетті деген пайым бар. Мысалы, халықаралық зерттеулер де осы үрдісті растайды. International Journal of Drug Policy журналында жарияланған ғылыми еңбектерде соңғы жиырма жылда табысы жоғары елдердегі жастар арасында алкоголь тұтыну деңгейі тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны айтылған. Қазақстанда да осы құбылыстың алғашқы белгілері байқалады. Жас буын арасында күшті алкогольге деген қызығушылықтың азаюы, ал жеңіл сусындарға сұраныстың артуы нарық құрылымын өзгертуде.
Айтпақшы, алкоголь өндірісі мемлекет бюджеті үшін маңызды кіріс көздерінің бірі болып қала береді. Сараптамалық бағалаулар бойынша, 2025 жылы алкоголь өнімдерінен түскен акциз көлемі 200–250 миллиард теңгені құраған. Қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығын қоса есептегенде, бюджетке түскен жалпы түсім көлемі 300–400 миллиард теңгеге жеткен.
Сондай-ақ, қазақстандықтар алкоголь өнімдерін сатып алуға шамамен 130 миллиард теңге жұмсаған. Бұл ішкі нарықтың ауқымды екенін көрсетеді. Яғни, сатылған әрбір бөтелкенің артында тұтас экономика тұр деген сөз. Анығында алкоголь нарығы тек өндірушілер мен сауда орындарынан тұрмайды. Ол ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, логистика, көтерме және бөлшек сауда, қоғамдық тамақтану салаларымен тығыз байланысты.
Сондықтан да бұл сектор мыңдаған жұмыс орнын қамтамасыз етіп, көптеген кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Жалпы, биылдан бастап алкоголь өнімдеріне салынатын акциз мөлшерлемесі шамамен 10 пайызға ұлғайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл өндіріс шығындарының артуына, бөлшек сауда бағасының қымбаттауына және кейбір кәсіпорындардың табыстылығының төмендеуіне алып келуі мүмкін.
Екіншіден, арақ-шарап өндірісі әлі де импортқа тәуелді болып отыр. Мәселен, Қазақстанға әкелінетін арақтың негізгі бөлігі Ресейден келеді екен. 2025 жылы Ресейден импортталған арақ көлемі 25 миллион АҚШ долларына жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 3 миллион долларға артқан. Импорттаушылар арасында мұнан бөлек Грузия - 6,5 млн доллар, Әзербайжан - 6 млн доллар, Армения - 5,5 млн доллар және Израиль - 4 млн доллар қаржы айналымымен үлеске кіреді.
Отандық нарық бойынша айтсақ, Қазақстандағы арақ өндірісі салыстырмалы түрде шоғырланған нарық саналады. Қазір елде шамамен 10–20 ірі өндіруші жұмыс істейді. Нарықтың жартысынан астамын үш жетекші компания бақылайды. Сарапшылардың бағалауынша, нарықтағы көшбасшылар қатарында "Хаома", "Славянка", "Журавушка", "White Horse", "Кедровица" және "Capital Gold" брендтері бар.
Тоқетерін айтқанда, Қазақстанның алкоголь нарығы жаңа кезеңге қадам басып отыр деуге болады. Өйткені, градусы жоғары ішімдіктердің үлесі біртіндеп азайып, жеңіл алкоголь өнімдері алдыңғы орынға шығуда. Бұл өзгеріс тек нарықтағы құбылыс емес, сонымен бірге қоғамдағы тұтыну мәдениетінің де өзгеріп жатқанын аңғартады.