Трансферт бөлінісіндегі жаңа тренд: өңірлер өз күнін өзі көре ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Трансферт бөлінісіндегі жаңа тренд: өңірлер өз күнін өзі көре ме?

Трансферт бөлінісіндегі жаңа тренд: өңірлер өз күнін өзі көре ме?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, республикалық бюджеттен 43,4 млрд теңге көлемінде нысаналы трансферт бөлінген. Бұл төмен деңгейлі бюджет санатындағы жергілікті өңірлерге бөлінген трансферттердің 1- наурыздағы жалпы жағдайы.

Атап айтқанда, бөлінген қаражаттың 43 млрд теңгесі даму бағдарламаларына және 0,4 млрд теңгесі ағымдағы бағдарламаларға бағытталып отыр. Ал трансферттердің жалпы орындау деңгейі 80,9 пайыз болды. Бұл ретте ағымдағы бағдарламалар толық игерілген, ал даму бағдарламалары бойынша орындау 80,7 пайыз шамасында. Сонымен бірге жергілікті бюджеттерге 11 млрд теңге көлеміндегі бюджеттік кредиттер қарастырылған екен, алайда, есепті кезеңде бұл қаражаттың орындалуы 0 пайыз деңгейінде қалған.

Жалпы, зерделеу бойынша биыл трансферттер көлемінің күрт қысқаруы байқалған. Яғни, 2026 жылғы бюджет құрылымының ең маңызды ерекшелігі ретінде аймақтарға берілетін трансферттердің айтарлықтай азаюын айтуымыз керек.

Есеп бойынша жыл қорытындысында нысаналы трансферттер көлемі 388,3 млрд теңгені құрауға тиіс. Бұл 2025 жылғы 1,8 трлн теңгемен салыстырғанда шамамен бес есеге аз. Ал трансферттердің құрылымы бойынша биыл даму бағдарламаларына 325,2 млрд теңге бөлінген, былтыр бұл сома 1,3 трлн теңгені құрапты. Ал ағымдағы бағдарламалардың биылғы сомасы 63,1 млрд теңге деп жобаланса, ол былтыр 508 млрд теңге шамасын болған.

Мұнан бөлек бюджеттік кредиттердің биылғы көлемі 225 млрд теңге деп алынса, өткен жылы 275 млрд теңге көлемінде игерілген екен.

Бұл көрсеткіштерден орталық бюджет тарапынан аймақтарға бөлінетін тікелей қаржылық қолдау ауқымы айтарлықтай шектелгенін көреміз.

Дегенмен, республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің жекелеген аймақтарға шаққандағы көлемі қомақты. Мысалы, 2026 жылы республикалық бюджеттен ең үлкен трансферт көлемі төрт өңірге тиесілі екен. Яғни, биыл Астана қаласына 102,9 млрд теңге бөлініп, ол барлық трансферттің 16,8 пайызын құрамақ. Мұнан кейінгі орында Жамбыл облысы тұр, қаржы көлемі 73,9 млрд теңге шамасында. Бұл жалпы үлестің 12,1 пайызы. Сондай-ақ тағы екі облыс бүкіл трансферттердің 6,3 пайызына жеке ие болмақ. Атап айтқанда, Қызылорда облысы - 38,7 млрд теңге және Түркістан облысы - 38,3 млрд теңге қаржы алады. Сарапшылардың түсіндірмесі бойынша жекелеген өңірлерге бөлінген трансферттердің көлемінің көп болуы аталған аймақтардың әлеуметтік инфрақұрылымға сұраныстың жоғары болуымен әрі халық саны тез өсіп жатқанымен байланысты екен.

Сондай-ақ, республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің орындалуына қатысты да айқын айырма пайда болып отыр. Мәселен, 1-наурыздағы жағдай бойынша 5 өңір трансферттерді толық игерген көрінеді. Бұл қатарда Жетісу, Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Алматы және Астана қаласы тұр. Ал 8 өңір трансферттерді иегеруде артта қалған. Олар - Алматы облысы, Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қарағанды облысы, Маңғыстау облысы және Абай облысы. Бірақ, бұл тізімдегі Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарынан өзге өңірлерге трансферттер әлі бөлінбеген деген мәлімет бар. Мұның себебі әлі белгісіз.

Жалпы, жылдың алғашқы тоқсанындағы мониторинг бойынша Үкіметтің аймақтарды қаржыландыру саясатында жаңа тренд қалыптасқанын көрсетті. Яғни, трансферттерді қысқарту үрдісінен орталық бюджетке түсетін жүктемені азайту мен өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруға бағытталған батыл қадам байқалады.

Екіншіден, бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі даму бағдарламаларына жұмсалатындықтан, Үкімет басқа бағыттағы қаржы сұранысын инвестициялық сипаттағы жобалар арқылы шешуді ұйғарған сияқты. Және бұл жердегі басымдық пен жауапкершілік облыстардың өзіне берілетінге ұқсайды. Үшіншіден, жыл басындағы қаржыландырудың біркелкі бөлінбеуі жобаларды іске қосу мен қаражатты жеткізу рәсімдерінің әлі де күрделі жағдайда екенін аңғартады. Демек, трансферттердің жалпы көлемінің қысқаруы мен олардың тиімді әрі уақтылы игерілуіне қатысты мәселелердің айтылуы орталық бюджеттің өзіндегі жағдайға қатысты да алаңдаушылық тудырады.

Қалай болғанда да биыл өңірлік даму бағдарламаларының табысты жүзеге асуына қатысты сұрақ көбейетін сияқты...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.