Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша еліміздегі 153 кәсіпорында жалақы бойынша берешек анықталғанын хабарлады. 1,2 мыңнан астам жұмысшыға төленбеген жалақы көлемі 719 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары жүргізген тексерулер барысында түрлі ұйымдарда еңбек заңнамасының 2,7 мыңнан астам бұзылуы тіркелді. Атап айтқанда, еңбек қатынастары саласында – 2 340, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 433, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша 26 құқық бұзушылық анықталған.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты кәсіпорын басшыларына 1 630 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 187,4 млн теңгеден асатын айыппұл салынды.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 859 жұмыскердің құқығы қорғалып, оларға 535,8 млн теңге көлеміндегі жалақы берешегі төленді», – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 2 446 тексеру жүргізген. Нәтижесінде 21,9 мың жұмысшының еңбек құқығы қорғалған.
Еңбек құқығы бұзылған жағдайда не істеу керек?
Құқықтары бұзылған жұмысшылар мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады. Өзінің толық атауын, лауазымын, ұйымның толық атауын, оның орналасқан жерін және еңбек шартының талаптарын бұзу фактісінің сипаттамасын көрсете отырып, жазбаша шағым беру қажет.
Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы тексеру нәтижелері бойынша акт жасайды және анықталған заңбұзушылықтарға байланысты:
еңбек заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы;
өндірістік объектілер мен жабдықтарда қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша профилактикалық жұмыстарды жүргізу туралы;
жекелеген өндірістердің, цехтардың, учаскелердің, жұмыс орындарының қызметін және жабдықтардың, механизмдердің жұмыс істеуін немесе тұтастай алғанда қызмет түрлерін тоқтата тұру немесе тыйым салу туралы;
жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама береді.
Еңбек инспекциясына шағым қалдырмай арыздансаңыз, сот ісіңізді Еңбек инспекциясына жолдайды. Республика бойынша әр өңірде Еңбек инспекциясы бойынша басқарма бар.
Егер Еңбек инспекциясы ешқандай шара қолданбаса, әрі қарай сотқа жүгіне аласыз.
Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмыс берушілер қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылады.