Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамытуға арналған жиында елді "Штрафстан" деп атайтын парламент депутаттарын қатаң сынға алды, деп хабарлайды kznews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент өз сөзінде "Таза Қазақстан" тұжырымдамасына байланысты тағы да тоқталды.
"Қалалар мен ауылдарды көркейту, аумақтарды көгалдандыру жұмысына әрдайым ерекше мән беру қажет. Сондай-ақ экологиялық мәдениетті көтеру мәселесіне көңіл бөлген жөн. Әсіресе, адамдардың туристік нысандар мен табиғат аясындағы тәртібіне айрықша назар аудару маңызды. Тәртіп бұзушыларды, яғни, вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Бір сөзбен, құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек", - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтыі сөзінше, заң мен тәртіпке құрметпен қарау – жазадан қорқу емес, бұл – ең алдымен жауапкершілік сезімі жоғары азаматтарға тән айрықша болмыс.
"Осы маңызды дүниені дұрыс түсінген жөн. Қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа, жалпы оң өзгеріс болмайды. Сондықтан құқық қорғау мекемелері заң бұзушылықтарға қатаң шаралар мен жазаларды қолдануы керек. Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары бар, құқықтық әрекеттерімізді "Штрафстан", "Айыппұлстан" деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін. Ал халқымызға қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік керек. Сондықтан біз осы жолдан таймаймыз, батыл түрде "Заң мен тәртіп" саясатын жүргіземіз. Себебі бұл – халқымыздың талабы, халқымыздың сұранысы. Бүкіл қоғам да, әкімдер де бұл мәселеге баса назар аударуы керек", - деді Президент.