Қазақстанда зейнетақы жүйесі қайта қаралуы мүмкін, үш жоба талқыланып жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Аскарбек Ертаев Қазақстанның зейнетақы жүйесін реформалау бойынша ұсыныстар жақын арада таныстырылатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта арнайы жұмыс тобы үш түрлі жобаны қарастырып жатыр.
– Иә, зейнетақы жүйесі қайта қаралады. Тиісті тапсырмалар берілген. Қазір жұмыс тобы аясында үш жобаны қарап жатырмыз. Оның бірі – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ұсынған «4+1» моделі. Екіншісі – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сақтандыру зейнетақысы туралы ұсынысы. Үшіншісі – Сенат депутаты Амангелді Нұғмановтың 40 жыл еңбек өтілі бар азаматтарды зейнетке ертерек шығару жөніндегі бастамасы, – деді министр.
Оның сөзінше, айдың соңына дейін жұмыс тобы нақты шешім қабылдап, зейнетақы реформасының бағыты жарияланады.
«4+1» моделі қандай?
2024 жылдан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізілген болатын. Оның мөлшері кезең-кезеңімен өсіп, 2028 жылы қызметкер табысының 5 пайызына жетуі тиіс.
Жаңа ұсыныс бойынша осы 5 пайыздың:
4 пайызы қызметкердің жеке зейнетақы шотына аударылады;
1 пайызы ортақ сақтандыру қорына («ортақ қазанға») жіберіледі.
Министрдің айтуынша, бұл жүйе зейнетақы төлемдеріндегі теңгерімсіздіктерді реттеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жұмыс беруші төлейтін жарналар шартты зейнетақы шоттарына түседі. Олар салымшының жеке меншігі болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды. Жаңа өзгеріс бойынша қаражаттың негізгі бөлігі азаматтардың жеке шоттарына бағытталмақ.
40 жыл еңбек еткендер ертерек зейнетке шығуы мүмкін
Сенатор Амангелді Нұғманов биыл сәуір айында зейнетақы жүйесін еңбек өтіліне негіздеу мәселесін көтерген болатын.
Оның пікірінше, азамат қажетті еңбек өтілін жинаған жағдайда зейнетке шығу уақытын өзі анықтай алуы тиіс.
Қазіргі таңда Қазақстанда ерлер 63 жаста, әйелдер 61 жаста зейнетке шығады. Ал 2032 жылға қарай әйелдердің зейнетке шығу жасы да 63 жасқа теңестіріледі.
Зейнетке шығу жасы көтеріле ме?
Аскарбек Ертаев зейнетке шығу жасын ұлғайту мәселесі қарастырылып жатқан жоқ екенін айтты.
– Біз зейнетақы қорының жеткіліктілік шектерін азаматтардың қартайған шағында лайықты зейнетақы алуы үшін көтеріп жатырмыз. Зейнетақы қорының негізгі мақсаты – қаражат жинақтау. Ол депозиттік шот емес, сондықтан ондағы ақшаны жиі шешіп алуға болмайды, – деді министр.
Сондай-ақ министр зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленетін жаңа жеткіліктілік шектерінің көтерілуі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаржылық жағдайымен байланысты емес екенін атап өтті. Жаңа шектер алдағы күндері жарияланады.