Бесікке салу,бөлеу сценарий — Қазақша сценарийлер

0

Наурызды тойлау /бесікке
салу

Наурызды тойлау
сценарийі

Бесікке салу дәстүрін
көрсету

дайындаған Жанар
Аманғалиева

 

Сынып іші наурыз
нақыштарымен әдемі безендірілген. Көрініске ата-аналар, мұғалімдер, балалар
қатысады.

 

1-көрініс. Бесік сатып
алу.

 

Әкесі: — Саламатсыз ба,
қария!  Мына бесігіңіз қанша тұрады?

Қария: — ә, шырағым, ала
ғой. 20 мың теңге.

Әкесі: — қойыңыз, ол
қымбат емес пе, атай? 15 мыңға беріңіз.

Қария: — әй, көргенсіз,
бесіктің бағасын ешқашан саудаламайды қазақта.

Әкесі:  — ой, қария,
сіз ренжімеңіз, шынымен қымбатсып тұрмын. 

Қария: — балам, есіңде
болсын: бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына алып жүре береді.

Әкесі:  — қымбат
болса ше?

Қария: — бесік жасайтын
шеберлер аса ынсапты, ниетті келеді. Олар киелі дүниенің бағасын аспандатпау
керегін жақсы біледі,  балам.

Әкесі: — мына бесік
неден жасалған?

Қария: — Қазақтар
бесікті қарағайдан, қайыңнан, көбіне талдан жасайды. Бесікті «тал бесік» деп
атаудың сыры осында. Бесік көшіп-қонатын қазақ тіршілігіне өте ыңғайлы. Оны
түйе үстіне, өзге жүктермен қоса артып жүре береді. Кейде бала бөленген бесікті
де осылай алып жүретін болған. Себебі «баланың ұйқысын бұзған періштенің үйін
бұзғанмен барабар» деп ұққан.

Әкесі: — ал мынау не
ілініп тұрған.

Қария: — ол бесіктің бір
түрі – аспалы бесік.

Әкесі: — мақұл, ата.
Әңгімеңізге рахмет. көп нәрсені білдім. Алайын бесікті. Мінеки 20 мың теңге.

Қария: — мынауың жөн.
Сәбиің ғұмырлы болсын, халқының қалаулысы, елінің елеулісі, қоғамның 
бетке ұстар азаматы болсын.

Әкесі: — рахмет ата, сау
болыңыз.

2-көрініс. Бесікке салу.

 

Үйдің ішінде дастархан
жаюлы. Қыз-келіншектер кәде-жораларын, шашуларын алып келіп жатыр.

 

Келгендер: — Сәбидің
бауы берік болсын!

Үйдегілер: —
Төрлетіңдер, төрлетіңдер!

Дастархан басындағы
әңгіме:

Келгендер: — Апа, баланы
неге бесікке салатын болдыңыздар?

Апасы: — Қызым, саудың
асын ішіп, жындының сөзін сөйлегенді қашан қоясыңдар, осы? Бесік деген
қасиетті, киелі, құтты мүлік, сәбидің алтын ұясы болып есептеледі.

Әжесі: — Бесік туралы
мынадай әфсана бар. Ертеде  жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған
ел тау жаққа қарай босып, үдере көшкенде аяғы ауыр жас келіншек бос бесікті
арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі:
«Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай!»
— дегенде, Төле би: «Баланың бесігі — кең дүниенің есігі ғой», -деген
екен.

Келіншектердің біреуі: —
«Бесікке салған бала өспейді, оның бойында қан жүгірмейді, аяқ-қолы қисық
болады» дейді ғой.

Әжесі: — тек /жекіп/,
оның бәрі бекер айтылып жүрген әңгіме. Бесікке баланы қазақ ешқашан да
күндіз-түні матап байлап тастамаған. Бесіктегі сәбидің дене бітімі түзу,
қол-аяғы түзу, ширақ болады.

Апасы: — қой, баланы
бесікке салайық. Баланы алғашқы бөлеу ұрпақ өсірген, үбірлі-шүбірлі қадірмен
әйелге тапсырылатын ырым бар. Ендеше, Жамал апа, сіз көпті көрген, ұлын ұяға,
қызын қияға қондырған қадірменді өнегелі тәтесіз. Бесікке сіз салыңыз баланы.
Сіздің жолыңызды берсін мына отырған жас қыз-келіншектерге.

Жамал апа: — жақсы,
баланы шомылдырып болыңдар онда.

Апасы мен анасы кетеді,
баланы шомылдырып, өс-өс жасайды:

Өс-өс!
(балдырғанның қол-аяғын созу)

Өс-өс, балам, өсе бер,
Батыр бол – балуан білекті,
Батыл бол – таймас жүректі.
Аяғыңды созайық,
Саусағыңды жазайық.
Етті болсын балтырың,
Епті боп өс, жарқыным.

Анасы баланы бөлеген
соң,
 апасы: — Шақыр кісілерді.

Қыз-келіншектер бөлмеге
кіреді.

Жамал апа: қане, бесікті
әкел. Бесік – өмірге жаңа келген періште сәбидің ақ отауы, оның ер жеткенде
ардақ тұтар асыл бұйымы, мұны білген абзал.

Бір балалар: апа, мына
бесік тесік қой.

Жамал апа: ол әдейі
жасалған тесік. Бұл тесік балаға тазалық, алаңсыз ұйқы сыйлайды. Алдымен
тыштырма жасайық. /тыштырма ырымы — түбектің тесігінен» тышты ма» деп тәтті
тағамдар өткізіп, балаларға үлестіреді./ Бұл жас нәрестенің ішкі ағзалары
ауырмасын дегендік.

Жамал апа: Енді бесік
кертпе деген бар. Бесік кертпе – отқа табыну дәуірінен қалған ырым. / шымшуырды
отқа қыздырып, сонымен бесіктің басын, арқалығын қарып кетеді. Оттан
жын-шайтан, дерт-дербезе қашады-мыс. Бұл алаумен аластаудың бір түрі./
Осыдан  кейін отпен аластайды, баланы бөлейді.

Жамал апа: Енді бесікті
аластайық.

Бесікті аластау 

 Алас, алас,
баладан алас,
Иесі келді, пәлесі көш!
Алас, алас, бәледен алас,
Көзі жаманның көзінен алас!
Тілі жаманның тілінен алас!
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас!
Алас, алас, аласы,
Келді, міне, баласы.
Көш, көш, пәлесі,
Келді, міне, егесі.
Аталарың ақырса, одан қорықпа,
Аналарың, ағаларың шақырса,
одан қорықпа,
Ойнақтаған лақтан қорықпа,
Сылдыраған бұлақтан қорықпа.
Тулаған тайдан,
Қуалаған ботадан қорықпа!
Маң төбеттей ұйқылы бол,
Түлкінің баласындай күлкілі бол.
Алас, алас, аласы,
Келді, міне, баласы.
Ұйықтап дем алсын,
Қунап оянсын!

Осыдан кейін бір-екі
қыз-келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды.

Балалардың біреуі
/шүмекті нұсқап/: мынау не?

Жамал апа: Мынаны шүмек
дейді, шүмекті қойдың асықты жілігінен жасаған, ол айрықша аппақ болу үшін
сүтке қайнатылады.

Балалардың біреуі
/түбекті нұсқап/: ал мынау не?

Жамал апа: Ал мынаны
түбек дейді. Түбектің түбіне күл салып қоятын болған, оның бір себебі бесікті
тербеткенде нәрестенің зәрі шайқатылмау үшін, ал екіншісі оның күлге төгіліп,
жылы бу шығарып тұруы үшін жасайды.

Балалар: олар не үшін
керек: Мұның бәрі  сәбидің денсаулығына пайдасы өте зор. Ол баланың
тазалығына өте қолайлы, мына арнайы қойылатын түбек пен шүмек баланың дәретін
жаймай, таза және ұзақ ұйықтауына жағдай жасайды. Бұл анаға да қолайлы. Бала да
өзінің құрғақ, ұядай жылы жатын орнында алаңсыз ұйықтайды.

Жамал апа: ал енді
бесікке бөлейік.

Осы кезде бір балалар
бесікті тербетеді.

Әжесі: қой балам, бос
бесікті тербетуге болмайды.

Балалар: мыналарды
қарашы. Кіп-кішкентай көрпелер. Қандай әдемі!

Жамал апа: Бесіктің
жабдықтарын барынша әдемілеп жасаған. Түбегі мен шүмегінен басқа, құс төсек,
жастық, қолтық жастық, тізе жастық, жөргек, қолбау, тізебау, екі тартпасы
дегені болады және олар ешқашан сүреңсіз сұр түсті маталардан тігілмеген.
Кішкентай көрпешелері де мүмкіндігінше ашық түсті маталардан тігіледі.

Апасы: Бесіктің басына
үкі тағады. Өйткені бала әсемдікке, әдемілікке бесікте жатқан кезден бастап
үйренуі керек. Бала бесікте көп жатады. Бесік — баланың жылы ұясы.

Әжесі: Бесік — баланың
ұйқысын ғана күзетіп қоймайды, оны халық сенімі бойынша, жын-шайтаннан да
қорғайды. Сол үшін де халқымыз бесікті 7 затпен жабдықтаған. Олар — көрпе,
қамшы, жүген, шапан, тон, кебенек, шекпен. Баланы әруақтар қорғап жүрсін деп,
ата-бабадан қалған сырт киім, ел тізгінін ұстар азамат болсын деп, аттың
тізгінін, ел арасында айбынды болсын деп, қамшы қояды. 

Апасы:Сондай-ақ бесік
баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан қорғайды. Пәле-жаладан
сақтасын деп ырымдап, оған үкі тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі терісі сияқты
заттар да тағып қояды.

Жамал апа: Егер баланы
бесікке бөлемесе, ол анасының жанында ұйықтағасын он­ың иісін алып, онсыз ұйық­тай
алмайды. Ұйқысы жиі бұзылады. Ал ұйқының дұ­рыс болмауы баланың пси­хикасына
кері әсерін тигізеді. Анасының ұйқысы да жиі бұзылады. Ағзасы дұрыс демалмаған
ана шаршайды. 

Бесікке бөлеу 

Мойнымдағы тұмарым,
Тарқамайтын құмарым.
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп.
Мойнымдағы маржаным,
Қорадағы мал-жаным.
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой.

Балам жатсын бесікке,
Пәлесі қалсын есікте.

Бесіктен шешіп аларда
Анасы шешіп алсын,
Ұйқысы бесікте қалсын.
Балам бесіктен шықсын,
Пәлесі есіктен шықсын.

Әжесі: Ал, Жамал, мынау
сенің сыйың. /Жамал апаға және оның көмекшілеріне көйлек-жабдық сияқты
сый тартылады.

Әжесі: бата береді:

Бата:

Көтерейік білекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті:

Сәбиіміз сүйкімді
болсын,

Өнер-білімге икемді
болсын,

Бәйтеректей бойшаңданып,

Өрен, өршіл, өркенді
болсын!

Жақсы жолды таңдасын,

Жамандық тәлім алмасын!

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын, жалғасын,

Шұғылалы шуақты күн
кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын,

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын!

Апасы: — Ал енді, қызым
бесік жырыңды айтып, сәбиіңді ұйықтата ғой.

Анасы бесіктің теріс
жағынан отырады.

Апасы: бесіктің теріс
жағынан отыруға болмайды. Оң жағынан отыру керек.

Анасы жай уілдете
бастайды.

Апасы: жоқ, қызым, бесік
жырын үйренгенің жөн. Бесік жыры баланың дүние танымының ерте кеңеюіне жол
ашады. Қазақ халқының балаларының тілі ерте шығып, жатық сөйлеуінің кілті — осы
бесік жырында жатыр. Өйткені баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан
баланың құлағына сіңеді. Ана баланы әннің ырғағымен тербетеді. Өкініштісі,
бүгінде бесік жырын әндететін ана аз.

Әжесі: Ардагер
ұстаз-ғалым Рамазан Жәшиевтің айтуынша, бесік жырында түрлі фонетикалық дыбыс
кездеседі. Ашық-қысаңы да, жуан-жіңішкесі де, қатаң-ұяң, үндісі де бар.
«Әлди-әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем…» бәрі бар. Оның үстіне сазды,
әуенді болып келеді.

Жамал апа: Сәби бесікте
жатқанда ана­сының ұлағатты әнін естіп, бойына тәрбиелік мазмұндағы, рухани
өнерді өз ана тілінде қабылдайды.

Қыз-келіншектер: рахмет
сіздерге. Бүгін біз сіздерден көп нәрсе үйрендік.

Әжесі: Біз сіздерге
үйретеміз, сіздер балаларыңызға үйретіп отырыңыздар. Сонда ата-бабамыздан
қалған қазақтың әдет-ғұрпы, дәстүрі, мәдениеті, тілі өлмейді.

 

3-көрініс. Бесік жыры.

 

Бесік жыры

Қолымыздан іс алып

Мойыныңа күш алып

Бізді бағар ма екенсің?

…Жаудан жылқы айырып

Жігіт болар ма екенсің?

…Ақыры жауға тиісіп

Батыр болар ма екенсің?

…Түрлі ою ойысып

Шебер болар ма екенсің?

…Сөйлегенде сөз бермей

Шешен болар ма екенсің?

…Ұлы топта күрескен

Палуан болар ма екенсің?

…Төрт құбылаң тең
келген

Төре болар ма екенсің?

*******

 

 

Қорытынды бөлім: Ал, балалар! Бүгін біз
көп дүниені білдік. Қанеки, айтыңыздаршы:

 

1. Бесікке қатысты
тыйымдар мен ырымдар.

  • · Бос
    бесікті тербетуге болмайды.
  • ·
    Бесікті сатуға болмайды. Бесікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алу
    керек.
  • · Кез
    келген адамға беруге болмайды.
  • · Аяқ
    астына тастауға болмайды.
  • ·
    Бесіктің өзін отпен аластап қояды.
  • · Бос
    бесікті еш уақытта жабусыз қалдырмау керек. Үстіне ақ мата жауып, ең
    болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет.
  • ·
    Бесіктің теріс жағына отырмайды.
  • · Бесік
    жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын аспандатпауы
    керек.

 

/балалардың айта
алмағандарын мұғалім өзі айтып түсіндіреді/

2. Бесікке салу ырымдары
– аластау, кертпе, тыштырма

3. Бесік жабдықтары –
бесік, жастық, жөргек, түбек, шүмек, т.б.

4. Жұмбақтар шешу.

Сәбиге сәнді үй-
Әжеге ән мен күй./Бесік/

Бесікке іледі,
Әнін де,
Дәмін де
Сәбилер біледі./Сылдырмақ/

Шүберек қабығы,
Іші құс мамығы./Жастық/

5. Мақал-мәтелдерді
жалғастыр.

Ананың сүті бал,
—————— /Баланың тілі –бал/

Балалы үй-базар,
————————— /Баласыз үй мазар/

 

6. Ал енді қыздарымыз
бесік жырын айтсын.

Бесік жыры Қасым
Аманжолов

Қыздарға үлестіріп беріп
жатқа айтқызу /қолына қуыршақ бөлеп ұстатып, әндетіп немесе мәнерлеп айтқызу/

I

   
 Әлди, әлди, әлпешім!

Ұйықта
деймін, ұйықтайсың.

«Мә-мә» берсем қайтесің,

Ұйықта
десем, ұқпайсың.

Жоқсың бүгін көз ілген,

Көп ісімнен бөгедің.

Жаудыраған көзіңнен!..

Ұйықтай қойшы, бөбегім.

Әлди,әлди, әлди-ді,

Әлди біздің қалғиды.

 

     II

    Ұйықта
десем, күлесің,

Айналайын күлкіңнен!

Ер жеткен соң білесің,

«Тұр-тұрлармын» бір күн
мен.

«Кешіктің, — деп, —
сабақтан»,

Тыншыңды алсам
«тұр-тұрлап»,

«Жоқ қой әлі таң атқан»,

Деп жүрмеші бұртындап.

Әлди, әлди, әлди-ді,

Әлди біздің қалғиды.

 

      III

   
 Ұйықта, бөпем, ұйықтай ғой

Ұйықтайтын бұл шағыңда.

Қызық өмір — думан
той

Тұр ғой күтіп алдыңда.

Ұйықтап өткен не табар

Бұл өмірге бекер кеп?

Ұйықта,
бөпем, ұйықтап ал,

Ер жеткен соң бол
сергек!

Әлди, бөпем, бөпемсің,

Кім боп шығар екенсің?

 

      IV

     
Күлімдейсің — күнімсің,

Батар дағы күн шығар.

Уілдейсің — күйімсің,

Күй де бір кез тыншығар.

Сен де тынық бір
мезгіл,

Толқып кана жат, бөпем.

Аспанымда жүзе біл,

Айым менің — ақ бөпем!

Әлди, өлди, әлдиім,

Назды, нәзік ән-күйім!

 

кештің соңында Мұғалім: Ұлы тұл­ғамыз
Бауыржан Момышұлы: «Жаудан да, даудан да қо­рық­паған қазақ едім, енді
қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөле­меген, бесігі жоқ елден қор­қам.
Екіншісі, немересіне ер­тегі айтып беретін әжесінің азаюынан қорқамын. Үшін­ші,
дәмді, дәстүрді сыйла­майтын балалар есіп келеді. Оның, қолына қылыш бер­се,
кімді де болса шауып тас­тауға даяр. Қолына кітап алмайды.Үйреніп жатқан ба­ла
жоқ, үйретіп жатқан әже жоқ» деген екен терең толғаныспен.

Төле би «Баланың бесігі
– кең дүниенің есігі» десе, дана халқымызда «Туған жер – алтын бесік» деген
даналық бар. Қазақ халқы бесікті киелі, қасиетті, құтты мүлік санаған. Туған
жерді бесікке теңеу де бесікке деген құрметінен. «Сымбатыңа қарасам – асылдан
таңдап кигендей» дегендегі Алпамыс батыр да, Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды
ақылгөй даналар да, елді аузына қаратқан небір шешен билер, төрелер жатып өскен
бесік ешқашан ескірмек емес. Бесікті аялайық, ағайын!!! Бесік жыры үзілмесін.
Сәбилердің ұйқысы тыныш, аналар алаңсыз болсын! Халқымыз өсіп-өркендей, өрістей
берсін!

 

Бесік басында М.Мақатаев
/қазақтың әдемі күйін ойнатып қойып, мұғалім оқиды/

 

Ұқсайды бар
тыныштық  жер бетінде,

Ұйқыдағы сәбидің
келбетіне.

Ояту былай тұрсын,
рұқсат жоқ

Ұйықтап жатқан ұлымды
тербетуге.

Ұйықта, ұлым, ұйықта,
бөпем, қасыңдамын,

Керек емес, дүния,
асылдарың!

Бақыт, байлық — барлығы
менің үшін

Сенің бір кеп мойныма
асылғаның.

Аймалайсың жанымды
күлкіңменен,

Тамағыңнан айналдым
бүлкілдеген.

He дейсің сен бұртиып,
айтшы, сәулем,

Қытықтаған жүректі бір
тілменен?

…Қандай ғана анадан
туады адам,

Сәбилердің ұйқысын
куалаған?!

О, тыныштық! Тыныштық
қандай рақат!

Қандай рақат сәбилер
жыламаған!

 

Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!