Құрылтай сайлауы белгіленді: 7 партия додаға қатысудан дәмелі
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Құрылтай сайлауы: саяси архитектура имитациядан институционалдық бағытқа ауыса ма?

Құрылтай сайлауы: саяси архитектура имитациядан институционалдық бағытқа ауыса ма?
Фото: election.gov.kz

Биылғы 23-тамызға белгіленген парламенттік сайлау еліміздегі кезекті саяси науқан емес, біртұтас институционалдық қайта құрудың логикалық жалғасы ретінде қарастырылып отыр.

Сырттай қарағанда, сайлау күнтізбесі мен рәсімдері қалыпты сияқты көрінгенімен, ішкі құрылымдағы өзгерістер оның саяси салмағын айтарлықтай арттырғаны анық.

Бұл жерде ең алдымен көзге түсетіні үгіт-насихат кезеңнің қысқаруы. 23- тамызға дейінгі 53 күндік науқан саяси партияларды бұрынғыдан әлдеқайда тығыз уақыт режимінде жұмыс істеуге итермелейді. Бұрынғы сайлауларда партиялар қоғаммен байланыс орнатуға, ішкі іріктеулерді аяқтауға және аймақтық штабтарды күшейтуге жеткілікті уақыт табатын. Енді бұл процестер бір мезгілде, жедел форматта жүруге мәжбүр. Жалпы, саяси жүйе үшін бұл тек жылдамдық мәселесі емес, ұйымдастырушылық қабілеттің сынағына айналады.

Бірақ, негізгі өзгеріс уақыттың қысқаруында емес, сайлау архитектурасының өзінде жатыр деген пікір бар. Мысалы, бірмандатты округтердің алынып тасталуы және толықтай партиялық тізімдерге көшу Қазақстандағы заң шығару өкілдігінің тың табиғатын қайта анықтайтын қадам. Бұл жерде жеке кандидат пен жергілікті электорат арасындағы тікелей байланыс әлсірегенімен, партиялық бренд пен орталықтандырылған шешім қабылдау тетіктері күшейеді.

Осы тұрғыдан алғанда, парламенттік бәсекенің құрылымы да өзгереді. Ендігі жерде негізгі ойыншылар ретінде жеке тұлғалар емес, партиялық құрылымдар алға шығады. Ал бұл саяси жауапкершіліктің сипатын да өзгертеді. Яғни, қоғам үшін "кім өтті?" деген сұрақтан гөрі, "қай партия қандай бағдар ұсына алды?" деген мәселе маңызды.

Жергілікті басқару жүйесіндегі соңғы өзгерістер де осы логикамен үндес. Аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайланбай, тағайындалуы жергілікті деңгейдегі саяси бәсекені тарылтатыны анық. Бұл жағдай саяси белсенділіктің бір бөлігін орталық деңгейге ығыстырып, парламенттік сайлаудың салмағын арттырғандай әсер қалдырады. Бірақ кері сұрақ та туындайтыны рас. Жергілікті саяси арналар әлсіреген жағдайда орталықтағы бәсеке қаншалықты шынайы болады?

Ал партиялық жүйеге келсек, қазіргі конфигурация тұрақты құрылымнан гөрі өтпелі кезеңді еске салады. 7 партияның формалды түрде тіркелуі саяси әртүрліліктің белгісі болғанымен, олардың институционалдық тұрақтылығы біркелкі емес. Бірі жаңа тіркеліп, кадрлық база жинақтап жатса, енді бірі ішкі қайта құрылымдау кезеңін бастан өткеруде. Бұл жүйенің әлі де толық қалыптасу үстінде екенін көрсететін маңызды индикатор.

Мандат құрылымының өзгеруі де назардан тыс қалмауға тиіс. 145 депутаттық орынның толықтай партиялық тізім арқылы бөлінуі ірі саяси күштердің позициясын арттыруы мүмкін. Яғни, 5 пайыздық шек формалды түрде бәсекені сақтағанымен, практикада мандаттардың шоғырлану тенденциясын күшейтеді. Мұндай модель көбіне саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету құралы ретінде қарастырылады, бірақ ол плюрализмнің деңгейіне қатысты сұрақтарды да бірге алып келеді.

Осы жерде Президенттің сайлауға қатысты "ашық және бәсекелі саяси үдеріс" деген сипаттамасы жүйенің айқын мақсатын көрсетеді. Ал шынайы бәсеке сол мақсатқа қаншалықты сәйкес келетіні сайлау нәтижесінен ғана емес, оның алдындағы институционалдық теңгерімнен де байқалады.

Осы тұста "формалық өзгерістер саяси мазмұнды автоматты түрде жаңарта ала ма?" деген сауал туады. Яғни, сайлау ережелері жаңаруы мүмкін, партиялық тізімдер қайта құрылуы мүмкін, тіпті мандаттар саны да өзгеруі мүмкін. Бірақ, саяси бәсекенің сапасы – тек механизмге емес, сол механизмді толтыратын нақты саяси мазмұнға тәуелді екенін ұмытпауымыз керек.

Сондықтан да биылғы сайлау Қазақстан саясаты үшін екі деңгейде маңызды болғалы тұр. Біріншіден, институционалдық модельдің орнығуы көз алдымызда жүруде. Екіншісі, сол модельдің шынайы саяси бәсекені қаншалықты туындататынына қатысты болжамдардың ақиқатқа айналуы.

Тоқетерін айтқанда, біз осы екі нұсқаның алғашқысын халық Конституциясы атанған бас құжаттың қабылдануы мен Президенттің Құрылтай сайлауын белгілеген Жарлығы жария болған сәттен бастап сезіндік деуге болады.

Ал екінші болжамның жауабы әлбетте сайлаудан кейін белгілі болады.

Айтпақшы, біз Құрылтай сайлауына дайындық пен саяси күштердің таңдауы туралы бұған дейін жаздық.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.