Сәтбаевта Кеншілер мен байытушылар күніне орай үлкен мерекелік концерт өтті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Атыраудағы миллиардтарды жұтқан «пирамида»: бес жылға созылған мектеп құрылысы қашан бітеді?

Атыраудағы миллиардтарды жұтқан «пирамида»: бес жылға созылған мектеп құрылысы қашан бітеді?
Фото:ЖИ

Атырау өңірінде созылып кеткен сыңаржақ уәделер мен аяқсыз қалған құрылыс нысандары халықтың төзімін тауысып, ел ішінде үлкен нараздық тудыруда, деп хабарлайды kznews.kz.

Елу жылда ел жаңа» демекші, бес жыл бойы іргетасы қаланып, қабырғасы тұрғызылғанымен, пайдалануға берілмей қаңтарулы тұрған Талғайран, Балықшы және Нұрсая сияқты шағынаудандардағы 1200 орындық білім ошақтарының жайы бүгінде жұртшылықтың бас ауруына айналды. Бастапқыда құрылыс бюджеті 2,3 миллиард теңге шамасында бекітілгенімен, уақыт созылған сайын қайта есептеулер жасалып, құжат жүзінде сметалық құны 4 миллиард теңгеден асып жығылды. Ел қазынасының мұншалықты есепсіз жұмсалуы халықтың зығырданын қайнатып отыр. Шенеуніктердің су аяғын құдым ғып, «сең қозғалды, келер айда ашамыз» деген кезекті желеуі мен жауырды жаба тоқыған уәдесіне қалың бұқараның сенуден қалғаны қашан. «Есепсіз жұмсалған миллиардтар қайда кетті?» деген сұрақ сүйектен өтіп тұрғанда, мыңдаған жылдар бойы тас пен құмнан салтанат құрған Египет пирамидаларын тұрғызу үшін кеткен уақыт пен күш-жігер бұл құрылысқа да керек болғаны ма деген ащы мысқыл еріксіз ойға оралады.

Әттең, бұл мәселе бір ғана Атыраудың емес, тұтас елдегі білім беру жүйесінің қабырғасын қайыстырып отырған басты дерті екені жасырын емес. Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, Атырау облысы бойынша 155,5 мыңнан астам оқушы білім алып жатқанымен, өңірдегі оқушы орнының тапшылығы 15 мыңнан асып жығылады. Тек Атырау қаласының өзінде 5 мектеп үш ауысымдық тығырыққа тіреліп, балалардың таңның атысынан кештің батысына дейін тар сыныптарда сабылуына мәжбүр етуде. Республикалық деңгейге көз жүгіртсек, елімізде 100-ден астам мектеп үш ауысымда жұмыс істеп, 100 мыңнан астам бала сапалы білімнен мақұрым қалуда.

Осы түйткілді тарқату үшін мемлекет тарапынан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып, республикалық бюджеттен 2,6 триллион теңгеге жуық орасан зор қаржы қарастырылды. Бұл бағдарлама аясында еліміз бойынша 740 мың оқушы орнына арналған жүздеген жаңа заманауи мектептер салу, соның ішінде Атырау облысында 12 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланған болатын. Алайда жергілікті жердегі бармақ басты, көз қысты әрекеттер бұл игі бастамалардың аяғына тұсау болуда. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегендей, жауапты азаматтардың өз ісіне салғырт қарауы келешек ұрпақтың тағдырына балта шабумен бірдей. Таңның атысынан кештің батысына дейін үш ауысыммен тығылып білім алған баладан қандай сапалы білім мен жарқын болашақ күтуге болады? Бөлінген миллиардтар тесік қалтадан аққан судай ғайып болып, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың құрбанына айналса, бұл – ұлт болашағына жасалған қиянат. Ел ішіндегі наразылықтың өрттей қаулап бара жатқанын шенеуніктер ұғынатын сәт жетті, себебі сөзден іске көшетін, құрғақ уәдені қойып, әрбір теңгенің есебін беретін уақыт баяғыда келген.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.