Елімізге солтүстіктегі көршімізден қоныс аударғандар тақырыбы соңғы бірнеше жылда қоғамдағы ең көп талқыланатын мәселелердің біріне айналды.
Әсіресе, Украинаға қарсы арнайы әскери операция басталған 2022 жылы Ресейде мобилизация жарияланып, соғыстан қашқан ресейліктердің Қазақстанға келуі күрт өсті. Бұл үрдіс елдегі тұрғын үй нарығына, баспана жалдау ақысына, еңбек нарығына және ірі қалалардың әлеуметтік инфрақұрылымына бірден әсер еткен болатын. Алайда, арада төрт жыл өткен соң жағдай біршама өзгергені анық. Дегенмен, ағым бәсеңдегенімен, Қазақстанда тұрақтап қалған ресейліктердің саны әлі де аз емес екен.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2022 жылы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алған Ресей азаматтарының саны 138 259 адамға жеткен. 2023 жылы бұл көрсеткіш 112 685 адамға, 2024 жылы 77 542 адамға және 2025 жылы 69 894 адамға дейін төмендеген. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында тағы 13 989 ресейлік уақытша тұруға рұқсат алған. Яғни, 2022 жылғы рекордтық деңгеймен салыстырғанда ауқым бірнеше есе азайғанымен, Ресей азаматтарының Қазақстанға келуі тоқтаған жоқ.
Әлбетте, бұл сандарға қарап, "ресейліктер Қазақстанға жаппай көшіп жатыр" деген тұжырым жасауға асықпау керек. Өйткені, уақытша тұруға рұқсат алу тұрақты көшіп келуді білдірмейді. Қазақстан заңнамасына сәйкес, мұндай рұқсат әдетте бір жылға дейін беріледі және еңбек ету, оқу, отбасының бірігуі, кәсіпкерлік сияқты әртүрлі мақсатпен рәсімделуі мүмкін. Мұнан бөлек, Ресей азаматтары Қазақстанға визасыз кіре алады.
Дегенмен, көші-қонның тұрақты сипат ала бастағанын көрсететін басқа бір маңызды көрсеткіш бар. Дерекке сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда 9 761 Ресей азаматы тұруға ықтиярхат алды. 2025 жылы олардың саны 8 148 адам болды. Ал былтыр бұрын Ресей азаматы болған 1 757 адам Қазақстан азаматтығын қабылдаған. 2024 жылы азаматтық алғандардың саны 2 148 адам болған.
Демек, 2022 жылғы төтенше көші-қон толқынының бір бөлігі Қазақстанда қалып қойды деуге болады. Бірақ, шекарадан өткен ресейліктердің саны мен Қазақстанда түпкілікті орныққан адамдардың санын бір көрсеткіш ретінде қарастыруға болмайды. Соңғы жылдардағы көші-қон статистикасы да осы өзгерісті аңғартады. 2025 жылы елдің сыртқы көші-қон сальдосы 16,1 мың адамға дейін өсті. Яғни, Қазақстанға келгендердің саны кеткендерден айтарлықтай көп болды. Бірақ, бұл өсімді тек Ресей азаматтарымен байланыстыру да дұрыс емес. Қазақстанға Орталық Азия, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа мемлекеттерден де адамдар келіп жатыр. Соған қарамастан Ресей азаматтарының үлесі ерекше назар аударуға тұрарлық.
Жалпы, Қазақстанда тұрақты тұратын шетел азаматтарының арасында ресейліктердің ең ірі топтардың бірі болып отырғанын ашық айтуымыз керек. Әдетте мұны екі ел арасындағы тарихи, тілдік, экономикалық және көлік байланыстарының тығыздығымен түсіндіріп келеміз. Өйткені, Қазақстан Ресей азаматтары үшін тек географиялық тұрғыдан жақын мемлекет емес, сонымен бірге тілдік және іскерлік ортаға бейімделуі салыстырмалы түрде жеңіл елдің санатында екен.
Айтпақшы, 2022 жылғы көші-қон толқынының алғашқы әсері ең алдымен ірі қалаларда сезілді. Астана мен Алматыда жалдамалы тұрғын үйге сұраныс артып, қысқа мерзім ішінде пәтер ақысының қымбаттауы байқалды. Кейбір кәсіп иелері мен IT мамандарының келуі қызмет көрсету және цифрлық секторға қосымша кадр әкелсе, екінші жағынан жергілікті тұрғындар үшін бәсекені күшейтті. Бұл әсіресе жоғары жалақы төленетін салаларда сезілді.
Жалпы, бұл оқиғалар мемлекеттің көші-қон саясатына қатысты ұстанымын да өзгерткені анық. Мәселен, соңғы жылдары тұрақты тұруға ықтиярхат алу талаптарының күшейгені байқалады. Бұл мемлекет үшін қауіпсіздік, құжаттардың дұрыстығы және миграциялық бақылау мәселелерін алдыңғы орынға шығарды.
Яғни, Қазақстан билігінің алдында "ресейліктерді қабылдау немесе қабылдамау" деген мәселе тұрған жоқ. Алайда, елге келетін адамдардың мәртебесін нақты ажырату мен көші-қон ағынын тиімді басқаруға бейімделу жүріп жатқаны анық. Әлбетте, ол жария түрде болмауы да мүмкін. Анығы, заң талаптарының күшейгені сезілді. Оған ұлтараздығын қоздыру бабымен қозғалған қылмыстық істер мен заң талабын бұзған ресейліктердің елден шығарылуын мысал етуге болады.
Екіншіден, мемлекет үшін де, қоғам үшін де қазір "Қазақстанға қанша ресейлік келді?" деп емес, "олардың қаншасы Қазақстанда қалып, экономикалық және әлеуметтік ортаға қаншалықты кірігіп жатыр?" деген сұрақ күн тәртібінде болуы керек.
Ресми статистика бұл процестің баяулағанын көрсетеді. 2022 жылғы 138 мыңнан астам уақытша тұру рұқсатының 2025 жылы 69,9 мыңға дейін азаюы бұған дәлел. Бірақ, жыл сайын бірнеше мың адамның тұрақты тұруға ықтиярхат алып, олардың арасынан мыңнан астам адамның Қазақстан азаматтығын қабылдауы бұл көші-қонның толық аяқталмағанын көрсетеді.
Демек, мәселені эмоциямен емес, нақты статистикамен бағалайтын уақыт келді. Мысалы, Қазақстан үшін Ресейден келетін көші-қоннан қауіп бар ма немесе саяси, әлеуметтік, экономикалық тәуекел туындай ма деген сауалға еліміздегі ықпалды зерттеу институттары әлі күнге дейін нақты жауап берген емес.
Әсіресе, мұндай мәселені Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан қарап, нақтылайтын уақыт келген сияқты...