Ел Үкіметінің жоспары негізінде алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражатын бюджетке тарту жалғаспақ. Яғни, 2027–2029 жылдарға арналған жоба бойынша қордан жалпы шамамен 11,86 трлн теңге алу жоспарланып отыр. Оның 6,86 трлн теңгесі бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт, тағы 5 трлн теңгесі аса маңызды нысандар мен жалпыұлттық маңызы бар жобаларға арналған нысаналы трансферт болмақ.
Нақтырақ айтқанда, 2027 жылы Ұлттық қордан 2,43 трлн теңге кепілдендірілген және 2 трлн теңге нысаналы трансферт бөлу қарастырылған. 2028 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 2,43 және 1,5 трлн теңге, ал 2029 жылы 2 және 1,5 трлн теңге болады. Яғни үш жылда нысаналы трансферттің өзі 5 трлн теңгеге жетеді.
Бұл жерде бір маңызды айырмашылық бар. Кепілдендірілген трансферт бюджеттің тұрақты кіріс бөлігін қалыптастыратын механизм болса, нысаналы трансферт нақты ірі жобаларға бағытталуы тиіс. Сондықтан соңғысының көлемі салыстырмалы түрде шағын болғанымен, оның экономикаға ықпалы тікелей болуы мүмкін.
Үкіметтің есебінше, алдағы жылдары Ұлттық қорға түсетін жалпы қаражат та өседі. Мәселен, 2027 жылы 5,1 трлн, 2028 жылы 5,5 трлн, 2029 жылы 5,7 трлн теңге түседі деп болжанып отыр. Таза түсім де 0,5 трлн теңгеден 2 трлн теңгеге дейін ұлғаймақ. Демек, Үкімет бір жағынан қордан қаражат алып отырса, екінші жағынан оның активтерін біртіндеп көбейтуді көздейді.
Осы тұста мәселенің ең даулы тұсы пайда болады. Ұлттық қордың қаражаты әлеуметтік инфрақұрылым сияқты ұзақ мерзім қызмет ететін активтерге жұмсалса, оны жай ғана "бюджет тесігін жабу" деп бағалау қиын. Оның үстіне Үкімет 2027–2029 жылдары құрылыс секторын көлік, энергетика, су, тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым есебінен өсіруді жоспарлап отыр.
Сарапшы Ғазиз Әбішевтің пайымынша, осы тұрғыдан алғанда Ұлттық қордан алынатын қаражаттың белгілі бір бөлігін инфрақұрылымға бағыттаудың экономикалық қисыны бар. Оның айтуынша, мектеп, аурухана, жол мен көпір секілді нысандардың қажеттілігі бүгін туындап отыр. Әсіресе халық саны жылдам өсіп жатқан өңірлерде тек бюджет қаржысының жиналуын күту әлеуметтік мәселелерді созып жіберуі мүмкін.
Бұған қоса, мұндай шығындар экономикалық белсенділікті қолдау құралына айналады. Құрылысқа салынған мемлекеттік инвестиция мердігерлерге, құрылыс материалдарын өндірушілерге, көлік пен қызмет көрсету салаларына сұраныс қалыптастырады. Үкіметтің өзі алдағы үш жылда экономиканың жылына 5 пайыздан астам нақты өсімін күтеді.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау күні айтқан ұстанымын да осы контексте қарауға болады. Әлеуметтік инфрақұрылымды халықтың нақты қажеттілігіне қарай жедел дамыту қажет. Демек, мәселе Ұлттық қорды пайдалану фактісінен гөрі, оның уақытша әрі мақсатты инвестициялық құрал болып қала алуында, - дейді сарапшы Ғазиз Әбішев.
Тағы бір фактор – инфляция. Қажетті инфрақұрылымды бірнеше жылға кейінге қалдыру кей жағдайда үнемдеу емес, керісінше қымбатшылыққа әкелуі мүмкін екен. Құрылыс материалдары, еңбек ақысы мен мердігерлік қызметтердің бағасы өсетін жағдайда бүгін салынбаған мектеп немесе аурухана ертең қымбатырақ түсуі ықтимал.
Сондықтан мәселені "Ұлттық қордан ақша алу керек пе, жоқ па?" деген қарапайым сұраққа тіреу жеткіліксіз. Негізгі өлшем қордан алынған әр теңге қандай активке айналады және оның ел экономикасы мен азаматтарға беретін қайтарымы қандай болады? Егер қаражат нақты инфрақұрылымға жұмсалса, оның экономикалық негіздемесі бар.
Ал Ұлттық қор тұрақты бюджет тапшылығын жабатын негізгі көзге айналса, бұл қордың жинақтау функциясына қауіп төндіреді екен. Бұл енді басқа тақырып...