Атырауда 17 жастағы қыз жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын және кейін жүкті болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Қыздың айтуынша, ол ер адаммен танысқаннан кейін жыныстық зорлыққа ұшыраған. Кейін өзінің жүкті екенін білген.
Жәбірленушінің сөзінше, ер адам кейін оған үйленуге ұсыныс жасаған. Алайда оның сол кезде некеде болғаны және алты баласы бар екені айтылады. Қыздың мәлімдеуінше, уақыт өте келе ер адам оған күш қолдана бастаған.
– Бір жағдайдан кейін мен полицияға арыз жаздым. Кейін ер адамның жұбайының өтінішімен арызымды қайтарып алдым. Бұдан соң жыныстық зорлық фактісі бойынша істің тергелуіне бірнеше рет әрекет жасадым. Тамыз айында полицияға қайтадан арыз бердім. Алайда кейін қылмыстық істің тоқтатылғанын білдім, – дейді жәбірленуші.
Қазір бойжеткен 18 жасқа толған. Ол құқық қорғаушы Ләззат Рақышевадан көмек сұраған. Құқық қорғаушы бұл жағдай туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Әзірге аталған жағдайға қатысты құқық қорғау органдарының ресми түсініктемесі жарияланған жоқ.