Маңғыстау облысында жылына 5 мың тонна балық өсіретін жоба іске асырылуда
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстан экономикасы жаңа кезеңге қадам басты: Үкімет тұрақты өсімге сенімді

Қазақстан экономикасы жаңа кезеңге қадам басты: Үкімет тұрақты өсімге сенімді
Фотоиллюстрация: primeminister.kz

Бектенов басқарған Үкімет 2027–2029 жылдары экономиканың жыл сайын 5 пайыздан жоғары өсетінін болжап отыр. Біз бұл туралы осыған дейін де жаздық. Тақырыпты жалғастырсақ.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, алдағы кезеңдегі негізгі өсім мұнайдан тыс секторлар есебінен қамтамасыз етіледі екен. Бұл экономиканы әртараптандыру тұрғысынан оң белгі. Бірақ, болжамның орындалуы мемлекеттік шығындардың көлемі мен сапасына тікелей байланысты.

Дерекке қарасақ, 2027 жылы республикалық бюджет шығыны 30,2 трлн теңге болып, кірістен шамамен 4,6 трлн теңгеге артық болады. Бұл жерде инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк ақша ұсынысын қысқартуды көздеп отырса, үкіметтің ауқымды бюджет шығыстары экономикадағы сұранысты керісінше арттыруы мүмкін. Сондықтан 2027 жылғы 9,5 пайыздық инфляция болжамы бюджет саясатына да тәуелді.

Ал бұл жердегі тәуекелдің алдын алу үшін Үкімет Ұлттық қорға арқа сүйейтінін ашық айтқан. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдап отыр.Тоқаев Қазақстанды "үлкен құрылыс алаңына" айналдыру, әсіресе, әлеуметтік инфрақұрылымды жаппай жаңарту қажеттігін ескерткен. Осылайша, Мемлекет басшысы Ұлттық қордағы қаражаттың бір бөлігін ел ішінде пайдалануды қолдайтынын да ашық білдірген еді.

Яғни, алдағы үш жылда бюджетке қордан кепілдендірілген трансферттермен қатар қосымша мақсатты қаражат тарту жоспарланып отыр. Бұл өткен жылғы жоспарлардың өзгергенін білдіреді. Былтыр билік мақсатты трансферттерден бас тартуға ниет білдірген еді. Мұның бір себебі әлеуметтік және инфрақұрылымдық құрылысты жеделдету болуы мүмкін. Егер Ұлттық қордан алынған ақша жаңа өндіріс, энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым сияқты ұзақ мерзімді қайтарым беретін жобаларға жұмсалса, мұндай саясаттың негізі бар. Ал бюджет тапшылығын тұрақты түрде қор есебінен жабу экономиканың құрылымдық мәселесін шешпейді дейді сарапшылар.

Мысалға, саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, бұл жерде Үкіметтің жұмысына сындарлы көзбен қарай отырып, әділетті баға беру керек екен.

- Ұлттық қордың моделіне әркім әртүрлі көзқараста болуы мүмкін. Дегенмен, ол бюджет тұрақтылығын, ал бұл өз кезегінде әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр. Мемлекет Ұлттық қорды толықтыру және бюджетті теңгеру қажеттігін үнемі мәлімдеп келеді. Алайда, бірнеше жылдан бері қор қаражатын түсініксіздеу мақсаттарға белсенді түрде жұмсау жалғасып келеді. Мемлекеттік аудит материалдарының жариялануы барынша шектеліп отырғанына қарағанда, бұдан тиісті қорытындыны өздігінен жасауға болады. Мемлекеттік инвестицияларда қандай да бір тәртіп пен тиімділік байқалмайды. Мұны экономикалық статистикаға қатысты да айтуға болады. Экономиканың өсімі, инфляция және халықтың нақты табыстары жөніндегі деректер, жұмсартып айтқанда, парадоксалды әсер қалдырады. Мемлекет экономикаға триллиондаған теңге құюды, Ұлттық қор қаражатын пайдалануды, несие алуды жалғастырып отыр. Бірақ бұл қаржының қаншалықты мәнді әрі тиімді жұмсалып жатқанына аса бас қатыра бермейтін сияқты. Халықтың жекелеген бөлігінің, әсіресе құрылыс бизнесіне, майнингке, жасанды интеллектіні енгізуге байланысты мемлекеттік келісімшарттарға қатысы бар азаматтардың нақты табыстары, әрине, өсіп жатыр. Сонымен бірге активтерді қайта бөлу процесі де "масштабталып" келеді. Бірақ, мұның стратегиялық даму мен мемлекеттік басқару сапасына қандай қатысы бар? Негізгі мәселе де осында, - дейді саясаттанушы Данияр Әшімбаев.

Жалпы, Үкімет Ұлттық қор активтері 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін өседі деп күтеді. Бірақ, активтердің өсуі қордан қаржы алудың тәуекелін жоймайды. Мұндағы негізгі өлшем қордың қанша ақша жинағаны ғана емес, бюджетке тәуелділіктің біртіндеп азаюында болып отыр.

Сондықтан алдағы үш жылдағы басты көрсеткіш 5 пайыздық ЖІӨ өсімі емес, сол өсімнің қайдан келгені болмақ. Егер оның негізі жеке инвестиция, өндіріс пен өнімділік болса, бұл тұрақты өсімді білдермек. Егер негізгі тірек бюджет пен Ұлттық қор болып қала берсе, онда Қазақстан экономикалық өсімнің қарқынын сақтағанымен, оның сапасы жөніндегі мәселе ашық күйінде қалады.

Қалай болғанда да Бектеновтің командасы қазіргідей аумалы-төкпелі шақты отандық экономиканы нықтай алғанын айтуымыз керек. Оны елдің сыртқы сауда саясаты мен инвестициялық тартымдылығының оң бағытта ілгерлегенінен және ішкі экономикадағы инфрақұрылым мен өндірістің алға жылжуы мен инфляцияның "қызыл сызық" шегінен аспай, сақталуынан көріп отырмыз.

Деп келгенде, бұған дейінгі істелген жұмыс қазіргі Үкіметке берілген сенім кредитінің толықтай өтелгенін көрсетеді. Ал алдағы үш жыл бойы экономиканы 5 пайыздық өсіммен қамтамасыз етуге қатысты жасалған жоспар атқарушы билік үшін тағы бір сынақ екені даусыз.

Яғни, бұл уәде арқылы Бектенов пен оның командасы биліктегі орынын сақтап қалуды көздей ме, әлде елдің дамуы үшін жауапкершілік арқалауға үнемі дайын екенін білдере ме, оны уақыт көрсетеді!

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.