Үкіметтен талап етемін: Журналист зейнетақы қорындағы ақшаны алу жолын қайта қарауды ұсынды
Журналист Гүлвира Биғалиева зейнетақы қорындағы ақшаны алу жолын қайта қарауды талап етті. «Ертең жау шапса, тым болмаса бес соттық, он соттық жерімізді қорғайық деп атқа қонамыз ғой» деп ашынды Г.Биғалиева.
«Зейнетақы қорынан ақшамды алып, жер алайын десем, Үкіметтің шығарған ережесі бойынша, үй салатын компанияны жалдап, оның сметасын көрсетуің керек екен. БҰЛ НЕ МАСҚАРА? Егер үй салатын компанияны жалдайтын ақшамыз ағыл-тегіл болса БЖЗҚ-дағы ақшамызды алмайтын едік.
Қарапайым халық жиған тергеніне жер алса оның несі жаман? Ал жалдайтын компанияң мен сметаны(есеп) көрсет деп талап қою өте ауыр ереже. Себебі пенсионкадағы ақшаңа жер алған соң, мәселен мен өзім қалтама қарай балшықтан “былш-былш” дегізіп үй салатын шығармын. Мал өсіріп, бақша жайқалтатын шығармын.
Осылайша көптеген жастар зейнетке шыққанға дейін жер алып, шаруашылығын дөңгелетіп алар еді.
Алайда пенсионкадағы ақшаға жер ала алғаныммен, үкімет айтқан талапты көрсету қарапайым қазаққа өте қиын.
Өз елімізде отырып өзіміз зейнетақы қорымызға жиған ақшадан құртақандай жер ала алмасақ үкіметке сын емес пе? Ертең жау шапса, тым болмаса бес соттық, он соттық жерімізді қорғайық деп атқа қонамыз ғой. Сондықтан мен журналист ретінде үкіметтен зейнетақы қорынан алатын ақшамызға жер алуға мүмкіндік беретіндей жобаны қайта қарастыруды талап етемін.
Ереже жеңілдетілсін. Президент жанындағы Ұлттық кеңес осы мәселені қайта қараса екен. Депутаттар да осы мәселені көтерулері керек» дейді журналист.