Қазақстан түрмелерінің 80 пайыздан астамы ескірген

0

Қазақстандағы түрмелердің 80 пайыздан астамы ескірген. Бұл туралы 29 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен қылмыстық атқару жүйесін реформалау мәселесін арналған форумда Қазақстан бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов айтты.

Жиынға қатысқан Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «биыл елде төрт түрмені жабу жоспарланған. Оған соңғы сегіз жылда елдегі сотталғандар саны 50 пайызға азаюы себеп» деді. Оның сөзінше, 19 жыл ішінде сотталғандарды қамтамасыз етуге қолайсыз деп танылған 8 түрме жабылған.

«Осы жылы төрт түрмені жабу жоспарланып отыр. Сотталғандарды жеке камераларға ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Қамалғандар мен сотталғандардың қауіпсіздігі үшін мекемелердің барлық жеріне бейнекамера орнату басталды» дейді Тұрғымбаев.

Министрдің сөзінше, қылмыстық атқару жүйесі мен пробация қызметкерлері де бейнетаспамен қамтамасыз етіледі.

«Сотталғандардың өтініштерін электронды түрде жолдау жолға қойылмақ. Бұл үшін мекемеде тиісті терминалдар орнатылады. Мекеме қызметкерлерін бейнетіркегіштермен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Біздің бастамамыз бойынша, сотталғандарды медициналық көмекпен қамтамасыз ету ісі Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына берілуі мүмкін» деді Ерлан Тұрғымбаев.

Оқи отырыңыз: «Түрмеде түбіне жетті». Үйіне оралмаған тұтқын жайлы хикая

Ішкі істер министрлігі сотталғандар саны «едәуір қысқарды» деп бұған дейін мәлімдеме жасаған. Ресми дерек бойынша, 1991 жылдан бері Қазақстанда түрмедегілер саны 57 782 адамнан 44 пайызға азайып, 2018 жылы 32 512 адамға жеткен. «Халықаралық түрме реформасы» ұйымы «Қазақстан 2018 жылы түрмедегі адам саны бойынша ең көп елдер тізіміндегі 220 ел арасында былтырғы 48-орнында қалды» деген. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша Түркіменстан, Чили, Беларусь және Танзаниямен қатар тұр.

Azattyq