Тауға келсең

0

Тауға келсең, қыста емес,

Күзде келгін!

Қарсы алдыңнан табылар іздегенің.

Жапырақтың көресің әлі-дағы,

Тіршіліктен күдерін үзбегенін.

Ойландырар шақ қой бір — күз дегенің.

Ойландырар күз деген — кіші бесін,

Күн төбеңнен ауғанын түсінесің.

Ескі жұртты көргенде жайлаудағы,

Құлын да жоқ желіде байлаудағы,

Шыдап баққын, бір сәтке мүсірерсің!

Жазынды еске жабығып түсірерсің.

Жадыда кеп жалпақ жаз, бақ — мекенің,

Түсінесің думанды шақ та өтерін.

Құлақ түріп, қурайдың ызыңына,

Ұғынасың өмірдің тәтті екенін.

 

Мұқағали Мақатаев