Әлеуметтік желіде кейінгі күндері Азамат Қапеновтің есімі жиі талқыланып жатыр. Ол мемлекетке опасыздық және жемқорлық ісі бойынша сотталған Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде белгілі, деп kznews.kz тілшісі Kozachkov offside арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Азамат Қапеновке халықаралық іздеу жариялаған еді. Осыдан кейін оның әлеуметтік желідегі белсенділігі артып, ол өзіне тағылған күдіктерге қатысты пікір білдіре бастады. Жазбаларында Қапенов заңсыз әрекеттерге қатысы жоқ екенін айтып, өз ұстанымын ашық жеткізіп жүр.
Дегенмен құқық қорғау органдары тарапынан оған қатысты сауал аз емес. Мәліметтерге қарағанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оны 2024 жылдан бері алаяқтық ісі бойынша іздестіріп келеді. Бұдан бөлек, Ресей құқық қорғау органдарының да Қапеновке қатысты сұрақтары бар екені айтылып отыр.
Тергеу материалдарында "Қазтеміртранс" компаниясына қатысты миллиардтаған теңгенің жеңілдіктері сөз болады. Құқық қорғау органдары 2015 жылы бірқатар компанияға шамамен 5 млрд теңге көлемінде заңсыз жеңілдік берілген болуы мүмкін деген деректі тексерген. Кейін бұл іс тоқтатылғанымен, 2025 жылы Бас прокуратура бұрынғы шешімді жойып, тергеу қайта жалғасқан.
Арна мәліметінше, Азамат Қапенов бірнеше елдің азаматтығын рәсімдеген. Ол Қазақстан азаматтығын 2001 жылы алған, кейін Ресей мен Қырғызстан азаматтығын иеленгені айтылады. Сонымен қатар БАӘ резиденті мәртебесін алғаны да хабарланды.
Дереккөздің жазуынша, қазіргі уақытта Азамат Қапенов Қырғызстан аумағында болуы мүмкін. Бұған дейін ол БАӘ-де Қазақстан тарапының сұрауы бойынша ұсталғанымен, кейін Қырғызстанға кеткені айтылып отыр.