Ауруханаларға - 450 млрд теңге: ем-домға төлеген ақшаның астарында не жатыр?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

БЖЗҚ-ның жаңа жеткіліктілік шектері қашан жарияланатыны белгілі болды

БЖЗҚ-ның жаңа жеткіліктілік шектері қашан жарияланатыны белгілі болды
Фото:depositphotos.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерінің жаңартылған мөлшері алдағы 10 күн ішінде жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізу туралы қаулыға қол қойған. Бұл — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражаттың бір бөлігін пайдалану үшін шотта сақталуы тиіс минималды сома. Осы шектен асқан қаражатты азаматтар тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге жұмсай алады.

Жаңа әдістеме бойынша есептеу кезінде азаматтың жасы, өмір сүру ұзақтығы, ең төменгі зейнетақы мөлшері, болашақ жарналар және инвестициялық табыстылық сияқты көрсеткіштер ескеріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Аскарбек Ертаевның айтуынша, жаңартылған формула бұрынғы 9 көрсеткіштің орнына 5 негізгі параметрге негізделеді.

– Бұрынғы формула 9 көрсеткіштен тұрды: ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы және тағы басқа параметрлер бар еді. Жаңа формула 5 көрсеткіштен тұрады. Оның ішінде 9 пайыздық жылдық табыстылық, ай сайынғы төлемдерді индекстеу коэффициенті сияқты параметрлер бар, – деді министр Үкіметте брифингте.

Оның айтуынша, өзгерістер бекітілгеннен кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 20 жастан 63 жасқа дейінгі азаматтар үшін жаңа шектерді есептеп шығарады.

– Қазіргі уақытта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз де нақты нәтижелерді әлі көрген жоқпыз. Сондықтан 10 күн ішінде ресми сайттарда жарияланады, – деді ол.

Министр сонымен қатар зейнетақы жинақтарын тұрғын үй немесе емделу мақсатында пайдалану мүмкіндігі сақталатынын атап өтті.

– Бұл мүмкіндік қалады. Егер азаматтың шектен тыс жинағы болса, оны ипотекаға немесе емделуге қолдана алады. Біз бұл бөлікті өзгертпедік, – деді ол.

Ресми органдардың айтуынша, реформаның негізгі мақсаты — зейнетақы жүйесінің жинақтау функциясын күшейту және азаматтардың қарттыққа арналған қорын арттыру.

Автор
Жарқын Омаров

C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері kznews.kz тілшісі