Сенім статистикасы: құзырлы органдарға халық көзқарасы қандай?
RU KZ
476.81
528.4
5.21

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Сенім статистикасы: құзырлы органдарға халық көзқарасы қандай?

Сенім статистикасы: құзырлы органдарға халық көзқарасы қандай?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Ұлттық статистика бюросы ел тұрғындары арасында сауалнама жүргізіп, мемлекеттік институттарға деген халық сенімінің үлесін анықтапты. 

Жалпы, қазақ қоғамының басқарушы элитаға деген сенімі қалыпты деуге болады екен. Президент және оның әкімшілігі мен атқарушы Үкіметке, тіпті заң шығарушы органның жұмысына тұтас халық риза болмаса да, өз тағдырын сеніп тапсыруға бейіл екенін байқатады. Алайда, бұл пікірді күштік құрылымдардың қызметіне қатысты оң деп айту қиын. Әсіресе, прокуратура, полиция, сот жүйесіне қатысты тұрғындардың сенімі ала-құла екен.

Статистикаға сенсек, сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 66,2 пайызы прокуратураның жұмысына сенім артса, полицияға деген сенім 65,3 пайызға және сот жүйесіне деген үміт 63,2 пайызға жеткен көрінеді. Айтпақшы, арнайы қызметтің арасынан халық сеніміне риясыз ие болғандардың көшбасында өрт сөндіру қызметі тұр екен, оларға тұрғындардың 81,8 пайызы дән риза-мыс.

Бір қарағанда, бұл деректер мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың тұрақты екенін аңғартатындай. Алайда көрсеткіштерге тереңірек үңілсек, сенімнің сапасы мен мазмұнына қатысты бірқатар маңызды сұрақтар туындайды. Өйткені, осы статистикада аталған қызметтердің жұмысына "жартылай сенім артушылар" үлесі жоғары болып отыр. Әрине, бұл "жауап беруге қиналамын" немесе "мүлдем сенбеймін" деген жауапқа қарағанда нанымды болғанымен, тұрғындардың қандай да бір қиындықпен бет-бет келу кезінде органдарға арқа сүйеуге дайын еместігін білдіреді. Дерекке қарасақ, прокуратура мен полицияға ішінара сенетіндер үлесі 26–28 пайыздың шамасында екен. Яғни, елдегі әрбір үшінші азамат бұл институттарға толықтай сенбейді. Ал мұндай "шартты сенім" көрсеткіші қоғам мүшелерінің құқық қорғау жүйесін формалды түрде мойындайтынын, алайда әділдік пен теңдікке қатысты күмәннің әлі де сейілмегенін білдіреді.

Сот жүйесіне қатысты да осылай деуге болады. Әділқазыларға деген әлеуметтің сенімі 63,2 пайыз болғанымен, оған да ішінара сенетіндердің үлесі 28,7 пайыз шамасында тұр. Бұл зерделеу сот жүйесінің институционалдық беделі бар екенін, бірақ нақты істердегі тәуелсіздік пен әділеттілікке қатысты сұрақтар көп екенін көрсетеді. Яғни, қазақ қоғамы сотты заңның тірегі ретінде қабылдай алады, алайда шешімдердің саяси немесе әкімшілік ықпалдан толық арылғанына күмәнмен қарайтын сияқты.

Айтпақшы, жақында Алматы қаласының мектептеріндегі электронды күнделік операторының ауысына қатысты сот шешімі санаулы сағатта бірнеше рет құбылған болатын. Анығында, қалалық сот бірінші шешімімен бұрынғы оператордың әрекетін заңды деп тауып, екінші шешімімен оның күшін жойды. Және алдыңғы шешімді техникалық қате деп жария етті. Ал жұртшылық бұл шешімді жоғарыдан келген тапсырманы орындау деп түсінді. Осы бір кішкентай мысалдың өзі сот жүйесіне деген сенім мен көзқарасқа әсер еткені анық.

Ал статистика көрсеткендей, қоғамның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен Экономикалық тергеу құрылымына деген сенімі әлсіз болып тұр. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенетіндер үлесі 51,2 пайыз болса, Экономикалық тергеу қызметіне тұрғындардың небәрі 47,2 пайызы сенім артады екен. Және бұл органдар бойынша жауап беруге қиналғандардың көптігі де құрылымның жұмысындағы ашықтықтың жоқ екенін көрсетіп отыр.

Жалпы, құзырлы органдарға деген халық сенімінің көрсеткішін әлеуметтік сауалнамамен анықтау қиын екені анық. Басқаша айтқанда, қоғамдағы шынайы оқиғалар картинасы құқық қорғау саласындағы көптеген мәселенің бар екенін айғақтайды. Ең өкініштісі, өткір мәселеден қоғам да, жүйе де сабақ алуға асығар емес. Екіншіден, жүйелі проблеманың себебін анықтап, жағдайды түбегейлі өзгертудің орнына оңай шешімдер қабылдап, мән-жайдың салдарымен күресу белең алуда. Мысалы, күні кеше Шымкенттегі бойжеткеннің өлімінен кейінгі полиция жүйесіндегі шұғыл жазалау әрекеттері мен басшылық құрамның жауапкершілікке тартылмай қызметтен алынуы Ішкі істер министрлігінің жалпы қоғам пікіріне жүре қарайтынын білдіргендей. Онда да аталған оқиға биік мінберден Президенттің дуалы аузымен айтылмаса шешілмейтін бе еді?

Мұнан бөлек, полиция, прокуратура, сот жүйесі тарапынан жиі болатын әрекетсіздік пен әділетсіздік тұрғындардың ашу-ызасын туғызып, заңсыздыққа жол ашатынын да көріп жүрміз. Мысалы, күні кеше қатардағы тәртіпсіздігі үшін полиция тарапынан ауыр жазаланған тұрғын қызметкерлердің көлігін өртеп жіберген. Ол өзінің бұл әрекетін "әділетсіздікпен күресу мен заңсыздықтан кек қайтару" деп түсіндірген...

Әрине, қоғамдағы қандай да болмасын құқық бұзумен күресте арнайы қызметтердің көмегіне арқа сүйейтініміз анық. Алайда, қоғамдық пікірдің құзырлы органдар жұмысына қатысты ала-құла болуына қатысты жауапкершілік ең бірінші сол органдардың өзінде тұрғанын айтуымыз керек. Бұл сөзді кеше Прокуратурадағы кездесуде күштік құрылымлардың жұмысы сынаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нығыздап айтты.

Тоқетері, сенім статистикасы мемлекеттік институттарға деген оң көзқарасты анықтап берді. Алайда, бұл сенімнің елеулі бөлігі шартты, сақтықпен берілген және тұрақсыз күйді көрсетеді.

Демек, қоғам мен құзырлы органдардың арасындағы байланыстың әлі де әлсіз екенін, соның кесірінен заң мен тәртіп қағидасының әділет пен теңдік жолына ұласа алмай отырғанын мойындамасқа амал жоқ сияқты...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.