Бүгін Әділет партиясы ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өтті. Сарапшылар бұл оқиғаны елдегі саяси жүйенің дамуы мен азаматтық белсенділіктің жаңа кезеңге көтерілуінің маңызды белгісі ретінде бағалап отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
Партияның құрылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған азаматтарды біріктірудің жаңа мүмкіндігі ретінде қарастырылуда. Жаңа саяси ұйым қоғам өміріне белсенді араласуға дайын, жауапты әрі бастамашыл азаматтардың басын қосуды мақсат етеді.
Осыған байланысты республикалық «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының бірқатар өкілдері Әділет партиясының құрамына қосылды. Партияның Саяси кеңесіне қозғалыстың негізін қалаушы Әсел Баденова, баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов және тең құрылтайшысы Мейіржан Ғарифолаев енді.
«Жаңа адамдар» қозғалысы соңғы үш жарым жыл ішінде еліміздің әр өңірінен мыңдаған белсенді жасты біріктірген қоғамдық күшке айналды. Қозғалыс мүшелері экологияны қорғау, балалар қауіпсіздігі, қалалық ортаны жақсарту, заң мен тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағыттарында ондаған азаматтық науқан мен еріктілік жобаларын жүзеге асырды.
Қозғалыс өкілдерінің айтуынша, қоғамдық бастамаларды іске асыру барысында жинақталған тәжірибе азаматтардың өзекті мәселелерді шешуге қатысуға және мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне ықпал етуге деген сұранысының артып келе жатқанын көрсетті.
Әсел Баденованың сөзінше, бүгінгі таңда қазақстандықтар қоғамдағы өзгерістерді сырттай бақылаумен шектелмей, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін белсенді әрекет етуді қалайды.
– Мемлекет басшысы ұсынған Адал азамат қағидатының мәні де осында. Азаматтардың жауапкершілігі, адалдығы және жасампаз ұстанымы нақты істер арқылы көрінуі керек. Әділет партиясының Саяси кеңесіне қосыла отырып, біз бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастырамыз. Елдегі реформалардың табысты болуы әр азаматтың өзгерістерге белсенді қатысуына байланысты, – деді Әсел Баденова.
Партия өкілдерінің мәліметінше, Әділет партиясы жаңа конституциялық құндылықтарды, Президент реформаларын және Әділетті Қазақстан идеясын қолдайтын азаматтарды біріктіретін саяси алаң болуды көздейді.