Қазақстанда кейінгі жылдары инклюзия ұғымы әлеуметтік саясаттың бағыты ғана емес, қоғам дамуының маңызды көрсеткіші ретінде қарастырыла бастады. Бұл өзгеріс мәдениет саласына да әсер етті. Әсіресе театр кеңістігінде ерекше қажеттілігі бар жандардың өнер арқылы қоғаммен байланыс орнатуға ұмтылысы күшейді, деп хабарлайды kznews.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылғы дерегіне сәйкес, елімізде бүгінде 730 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың ішінде мектеп жасындағы, колледж бен жоғары оқу орындарында білім алатын ерекше қажеттілігі бар жастардың саны да артып келеді. Осыған байланысты мәдени ортаға, білім беру жүйесіне және қоғамдық кеңістікке қойылатын талап та өзгеріп жатыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 7 мыңнан астам мәдениет нысаны бар. Соның шамамен 2,5 мыңы ғана «Қолжетімді Қазақстан» картасына енгізілген. Бұл нысандар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген деп есептеледі. Алайда мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау пандуспен немесе арнайы орынмен шектелмейді. Негізгі түйткіл театрдың көркемдік шешімінде, ерекше көрерменмен жұмыс істеу тәсілінде, сурдоаударма сапасында, кәсіби маман даярлау жүйесінде және мәдени ортадағы инклюзивкөзқарастың қалыптасуында жатыр.
Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында инклюзив қоғам құруды мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың білім алуы, жұмыс істеуі және қоғамдық өмірге толық араласуы үшін тең мүмкіндік берілуі қажет екенін бірнеше рет айтқан еді. Бұл ұстаным мәдениет саласына да әсер етіп, инклюзив театр мәселесін күн тәртібіне шығарды.
Ерекше сахнаға алғашқы қадам
Инклюзив театр – ерекше қажеттілігі бар адамдар мен кәсіби актерлердің бір сахнада өнер көрсетуі ғана емес. Бұл – қоғамның көзқарасын өзгертуге бағытталған мәдени кеңістік. Қазақстанда бұл бағыт әлі толық қалыптасып үлгермесе де, кейінгі жылдары нақты бастамалар мен кәсіби ұжымдар пайда бола бастады.
Солардың бірі – Астанадағы «Қанаттылар» инклюзив театры. Театр 2021 жылы құрылған кезде құрамында 18 ғана адам болған. Бүгінде мұнда 40-тан астам актер еңбек етеді. Олардың арасында есту, көру қабілеті шектеулі, арбада қозғалатын және түрлі диагнозы бар жандар бар.

Театрдың негізін қалаушы Арнұр Ысқақ бұған дейін актерлердің басым бөлігінің кәсіби білімі жоқ екенін, олардың сахнада тәжірибе арқылы қалыптасып жатқанын айтқан еді. Оның пікірінше, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы актерлік кафедралар мен бейімделген оқу бағдарламалары қажет.
Бұл мәселе кейін мемлекеттік деңгейде де көтеріле бастады. Осыдан бір жыл бұрын мәжілісдепутаттары театрлардың жағдайы жайлы айтып, елдегі инклюзив театрлардың материалдық-техникалық базасы, кәсіби кадр тапшылығы, арнайы оқу бағдарламалары мен жүйелі қолдаудың жеткіліксіздігін мәселе ретінде көтерді. Сонымен қатар жоғарыда атап өткен Астанадағы «Қанаттылар» театрының ғимараты жоқтығы, актерлердің басым бөлігі ерекше қажеттілігі бар азаматтар екенін де жеткізді.
Кейін Серік Жұманғарин инклюзив театрларға қатысты бірқатар мәлімет беріп, бүгінде еліміздің сегіз өңірінде ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған шығармашылық ұжымдар жұмыс істейтінін айтты. Оның сөзінше, Астанадағы «Қанаттылар» театрына жеке ғимарат беру мәселесі қарастырылып жатыр. Павлодарда инклюзив театр үйірмесін ашу жоспарланса, Солтүстік Қазақстандағы «Sensitive» би театры мүшелеріне арнайы білім гранттары бөлінген. Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігі соңғы жылдары ерекше қажеттілігі бар өнерпаздарға арналған халықаралық және республикалық фестивальдер өткізіп келеді.
Одан бөлек, Қызылордада «Арман» инклюзивті театры алғашында үйірме ретінде құрылып, кейін облыс әкімдігінің қолдауымен театрға айналған. Ұжым кәсіби актерлермен бірге жұмыс істеп, бірнеше спектакльді сахналаған.
Ақтөбеде есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға арналған «Біз сіздерді сүйеміз» клоунада театры да жұмыс істейді.
Сурдоаудармашы – инклюзив театрдың басты тірегі
Инклюзив театр туралы сөз болғанда көбіне актерлер мен режиссерлер айтылады. Бірақ бұл саланың сахна сыртындағы ең маңызды мамандарының бірі – сурдоаудармашылар.
Қазақстанда сурдоаударма мәселесі әлі күнге дейін жүйелі шешімін таппаған саланың бірі болып отыр. 2024 жылғы мәлімет бойынша, елде сурдоаудармашыларды арнайы даярлайтын бірде-бір жоғары оқу орны жоқ. Қазақстан саңыраулар қоғамының өкілдері ым тіліне мемлекеттік деңгейде толыққанды мәртебе берілмегенін, мамандар көбіне жеке курстар арқылы даярланатынын мәлімдеген.
Қазақстан саңыраулар қоғамында 169 сурдоаудармашы жұмыс істейді. Алайда мамандар саны сұранысты толық жабуға жетпейді. Әсіресе мәдениет саласында, театр мен телевидениеде кәсіби сурдоаудармашылар тапшы.
Инклюзив театрда жұмыс істейтін сурдоаудармашы Айдана Жапарова расында бұл мамандықтың күрделі екенін атап өтті.

Ол театрдағы жұмысы жаңалықтардағы аудармадан мүлде бөлек екенін айтады. Театрда сөзді жеткізу аздық етеді, эмоцияны, кейіпкердің мінезін, сахна атмосферасын да ым тілі арқылы беру керек.
Айдана қойылым басталмай тұрып репетицияларға қатысады, режиссердің идеясын зерттеп, актерлерэмоциясын бірге бақылайды. Оның сөзінше, сахнадағы сурдоаударма – жай техникалық қызмет емес, спектакльдің көркемдік құрылымының бір бөлігі.
Әлеуметтік жоба ма әлде театрдағы жаңа бағыт па?
Театртанушы Аманкелді Мұқан Қазақстандағы инклюзив театрды бүгінгі күні толыққанды дербес театр бағыты деуге әлі ерте екенін айтады.
Оның сөзінше, бұл бағыт әзірге көбіне жекелеген театрлардың немесе белсенді топтардың бастамасымен дамып келеді.
«Қазақстандағы театр өнерінің дербес бір саласы ретінде қабылдағым келеді. Бірақ фактология жағына келсек, ондай процесс толық қалыптасқан жоқ. Барлық жерде бірдей деп айта алмаймын», -дейді театртанушы.

Оның пікірінше, бүгінгі күні инклюзив театр саласының дамуындағы басты мәселенің бірі – арнайы кәсіби маманның жоқтығы. Мұндай театрда кез келген актер немесе режиссер жұмыс істей алмайды. Бұл үшін арнайы дайындық қажет.
«Бұл жерде шыдамдылық қажет. Мұндай театрда істейтін мамандар психологияны, медицинаны жақсы білуі керек. Сондықтан режиссер бола ма, актер бола ма, бәрін арнайы дайындықтан өткізу қажет», - дейді ол.
Театртанушы мәселенің шешімі мемлекеттік деңгейдегі нақты бағдарламаға байланысты екенін айтады.
«Мемлекеттік бағдарлама болмаса қазір ешкім жұмыс істемейді. Театрларға арнайы қаражат бөліп, кәсіби біліктілікті көтеруге мүмкіндік жасалса ғана бұл бағыт тұрақты дами алады», - дейді Аманкелді Мұқан.
Оның пікірінше, театр мамандықтарында оқитын студенттерге инклюзив театрмен жұмыс істеудің негізін студент кезінен бастап үйрету қажет. Бұл үшін факультативтік курс енгізілуіи керек.
Шетелдік тәжірибе қандай?
Еуропа мен АҚШ-та инклюзив театр әлдеқашан әлеуметтік жоба деңгейінен шығып, кәсіби мәдени индустрияның бір бөлігіне айналған.
Британиядағы Graeae Theatre Company осы бағыттағы ең танымал театрдың бірі саналады.

Бұл мәдени ошақ «Access aesthetics» қағидасымен жұмыс істейді. Атап айтқанда, сурдоаударма, титр және аудиодискрипция спектакльге кейін қосылатын техникалық құрал емес, қойылымның көркемдік құрылымының бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Бұл модельде ым тілі режиссураның, хореографияның және сахналық әрекеттің құрамына енеді. Соның нәтижесінде қойылым бір мезетте еститін, естімейтін, көру қабілеті шектеулі және нейроерекшелігі бар көрермендерге бірдей түсінікті болады.
Британияда инклюзив театрларды мемлекеттік грантпен тұрақты қаржыландырады. Мұндайтеатрларға салық жеңілдігі де қарастырылған.
Арнайы академиялар мен университеттік бағдарламалар да жұмыс істейді. Мәселен, Mind the Gap ұйымы Йорк Сент-Джон университетімен бірлесіп ерекше қажеттілігі бар актерлерге арналған кәсіби білім береді.
Ал АҚШ-тағы Deaf West Theatre еститін және естімейтін актерлерді бірге сахнаға шығарады. Мұнда ым тілі спектакльдің поэтикалық тіліне айналған.
Германияда 2025-2028 жылдарға арналған Inclusive Academy of Cologne жобасы іске қосылды. Бұл бағдарлама мүмкіндігі шектеулі суретшілерді кәсіби даярлауға бағытталған.
Ал Қазақстанда бұл жүйе енді ғана қалыптасып келеді.
2025 жылы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Инклюзив театр артисі» білім беру бағдарламасының енгізілуі осы бағыттағы маңызды қадам болды. Бағдарлама бойынша студенттер дуалды жүйемен оқып, тәжірибені «Қанаттылар» театрында өтеді.
Қазақстандағы инклюзив театр қазіргі таңда толық қалыптасқан өнер бағыты емес, бірақ әлеуметтік бастамадан кәсіби мәдени индустрияға өту кезеңінде тұрған жүйе. Оның дамуы мәдени саясатқа ғана емес, қоғамның инклюзияға деген көзқарасына да тікелей байланысты.
Аманкелді Мұқан атап өткендей, инклюзив театрдың шынайы күші оның сахнадағы формасында емес, қоғамның ішкі мәдени кодын өзгерту қабілетінде жатыр.
Арайлым Майсатай,
MNU студенті