Олжас Бектенов министрлерге: Бос әңгімені доғаратын уақыт келді
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Қазақстан транзиттік державаға айнала ма?

Қазақстан транзиттік державаға айнала ма?
Фото: ЖИ көмегімен жасалған.

Еліміздің көлік-транзиттік әлеуеттін дамыту туралы аз айтылып жүрген жоқ. Және бұл бағыттағы жұмыстарда ілгерлеушілік бар. Күн тәртібінде тұрған мәселе Президенттің де тікелей бақылауында.

Жалпы, "Қазақстан транзиттік державаға қашан айналады?" деген сауал кейінге кезде жиі қойылып жүр. Бұл заңды да. Өйткені, елдің географиялық орналасуы, саяси-экономикалық ұстанымы мен тұрақтылығы және күн санап артып келе жатқан халықаралық сұраныс та тасымал бағытындағы қомақты үлеске қол созуға міндеттейді. Бірақ, бүгін-ертең бұл мақсат толық орындалады деп айту қиындау. Яғни, Қазақстан транзиттен табыс таба алады, бірақ оны тез іске асыра алмай отыр.

Әлбетте, талап жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына айқын міндет қойған болатын. Ол бойынша Қазақстан тек шикізат тасымалдаушы ел емес, Еуразиядағы негізгі логистикалық хабқа айналуы тиіс-тұғын. Қазір Үкімет осы стратегиялық мақсаттың орындалуына жанын салып жатқандай. Бұған кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен көлік-транзиттік бағытты дамытуға қатысты жиын мысал.

Жиында инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық шешімдер енгізу және саланың ел экономикасындағы үлесін арттыру бойынша қойылған міндеттердің сапасы мен мерзімінде орындалуына назар аударылды. Көлік министрлігінің деректері бойынша 2025 жылдың қорытындысы бойынша көлік және қоймалау саласындағы жалпы өнім көлемі 12,2 трлн теңгені құрады. Ал биылғы қаңтар-наурыз айларындағы саланың өсімі 12,8 пайызға жеткен. 

Жалпы, былтыр ішкі атокөлік жолдарымен 353 млн тонна жүк тасымалданған. Бұған іске қосылған немесе күрделі жөндеуден өткен көлік дәліздері мүмкін бергенін айтуымыз керек. Атап айтқанда, Қалбатау - Майқапшағай, Талдықорған -Өскемен, Атырау - Астрахан және Қарағанды - Алматы бағыттары бойынша жалпы ұзындығы 2 мың шақырым болатын 4 ірі жоба жұмыстары аяқталды.

Қазір Ақтөбе - Қызылорда, Бейнеу - Сексеуіл, Орталық - Батыс, Қарағанды - Жезқазған және Сарыағаш айналма жолы бағыттарын қамтитын транзиттік дәліздерді дамыту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, жол жөндеу жұмыстарының қамту көлемі 13 мың шақырымға жеткізілген көрінеді. 

Әрине, жиында есеп берген "Қазақстан темір жолы" басшылығы мен Көлік министрлігі баяндамаларында өсім бар, бірақ, жобалардың орындалу жылдамдығы күткен деңгейде емес екенін айтуымыз керек. Жүйелі мәселе ретінде өткізу бекеттерінің баяу жаңғыртылып жатқанын, теміржол құрылыстарындағы ресурстың жетіспеушілігін, қажетті тасымал кемелерін сатып алудың кешіктірілуін және теміржол вокзалдар реконструкциясының созылып кетуін мысалға алсақ жеткілікті.

Мәліметке қарағанда, былтыр ЕАЭО ішкі шекараларындағы автокөлік өткізу пункттерін жаңғырту аясында 2 учаскедегі жұмыс аяқталған. Осы кезеңде 37 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оларды толық аяқтау 2027 жылға жоспарланған екен.

Премьер-министр де өткізу пункттеріндегі жаңғырту жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқанын сынға алып, қарқынның жоқтығын алға тартты. Тиісті басшыларға барлық операциялық процестерді жеделдету тапсырылды.

Енді кейбір мәселелерге жеке тоқталайық. Осы жиында транзиттік әлеуетті кешенді дамыту талабы аясында теміржол көлігін дамыту мәселелері де қаралды. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының деректеріне сәйкес, былтыр транзиттік тасымалдау көлемі 33 млн тоннаға жетіпті. Бұл 2024 жылғы деңгейден 20 пайызға жоғары. 

Жалпы, транзиттік тасымал үлесі жалпы көлемнің 10 пайызын құрап отыр. Биылғы қаңтар-наурыз айларында транзит тағы 14 пайызға өсіп, 8 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін жеткен. Бұл ретте контейнерлік тасымал 6 пайызға ұлғайған.

Мұнан бөлек, жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырым болатын теміржолда бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде Мойынты - Қызылжар және Бақты - Аягөз желілерін салу мен Алтынкөл - Жетіген, Шалқар - Бейнеу, Бейнеу - Маңғыстау және басқа да бағыттарғы жол учаскелерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айтпақшы, Үкіметбасы Олжас Бектенов Бақты - Аягөз теміржол желісінің құрылысы бойынша ресурстардың жеткіліксіз жұмылдырылғанын атап өтті. Нысандағы техника мен жұмыс күшінің жеткіліксіздігі жобаны жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғанын да баса айтты.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның транзиттік державаға айналуына ықпал ететін ішкі факторларға қатысты мәселелерді Үкімет білмей отырған жоқ. Ал стратегиялық мақсатқа жету үшін барлық бағыттағы жұмыс бірдей жүруге тиіс-ті. Мысалы, Транскаспий халықаралық көлік бағыты соңғы жылдары ерекше маңызға ие болды. Бұл бағыт Ресейге балама ретінде қарастырылып отыр. Оның артықшылықтары ретінде маршруттың қысқа мерзімде орындалуы мен геосаяси тәуекелдің салыстырмалы түрде төмендігі айтылған. Бірақ шектеулер де бар. Біз бұл жайында жазғанбыз.

Атап айтқанда, порт инфрақұрылымының әлсіздігі, теңіз флотының шектеулі мүмкіндігі және тарифтік және әкімшілік үйлестіру жұмысының төмендігі көзге ұрып тұр. Яғни бұл дәліз әлеуетті, бірақ әлі толық қалыптаспаған. Үкімет осы бағытта асығуы керек сияқты.

Айтпақшы, елімізде логистика саласын цифрландыру белсенді жүргізілуде. Оған іске қосылған электронды рұқсаттар, e-CMR, автоматтандыру жүйелері дәлел. Бірақ халықаралық тәжірибе көрсеткендей цифрландыру тек технология емес, институционалдық өзгерістердің бастауы болуға тиіс. Егер шешім қабылдау баяу болса, ведомствоаралық үйлесім әлсіз болса және әкімшілік кедергілер сақталса онда цифрландыру нақты нәтиже бермейтіні анық. Өкінішке қарай, дәл осы картина қазір бізге тән екенін жасырмай айтуымыз керек.

Екіншіден, Қазақстанның транзит нарығындағы жалғыз ойыншы емес екенін де ескермесе болмайды. Негізгі бәсекелестер ретінде Ресей арқылы өтетін транзиттік дәліздер мен Кавказ және Түркия бағыттарындағы теңіз логистикасының да жылдам дамып келе жатқанын көріп отырмыз. 

Тоқетерін айтқанда, транзиттік держава болу дегеніміз тек экономикалық ізденіс қана емес, саяси және атқарушы биліктің басқарушылық ұтқырлығына тікелей қатысты. Ал қазіргі жағдайда Қазақстан толыққанды транзиттік хаб емес, транзиттік мүмкіндік иесі ғана болып отыр.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.