Ел диқандары биылғы көктемгі егіс науқанын толық аяқтады.Дерек бойынша, игерілген егіс көлемі 23,8 миллион гектарға жеткен.
Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық өңірдегі жұмыстар агротехникалық мерзімде басталып, дер кезінде аяқталғаннын жариялады. Ресми мәліметтерге сәйкес, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шараларының арқасында шаруалар жанар-жағармаймен, техникамен және қаржыландырумен қамтамасыз етілген.
Жалпы, биыл майлы дақылдар мен мал азықтық дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылып, су көп қажет ететін күріш алқаптары қысқартылған. Сонымен қатар, мақта шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жалғасуда екен.
Атап айтқанда, республика бойынша жалпы егіс көлемі 23,8 миллион гектарды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Егіс құрылымында дәнді дақылдар 14,6 млн гектарды, майлы дақылдар 4,2 млн гектарды, мал азықтық дақылдар 1,2 млн гектарды қамтыды. Сонымен қатар, мақта 166 мың гектарға, картоп 126 мың гектарға, көкөніс 120 мың гектарға, бақша дақылдары 84 мың гектарға, ал қант қызылшасы 22 мың гектарға егілді.
Алайда, егіс жұмыстарының уақытында аяқталуы ауыл шаруашылығы саласындағы барлық мәселе шешілді дегенді білдірмейді. Елімізде соңғы жылдары егіс көлемі мен мемлекеттік қолдау көлемі артқанымен, өнімділік көрсеткіштері тұрақсыз күйінде қалып отыр. Бұған климаттық өзгерістер, құрғақшылық қаупі, су тапшылығы және ауыл шаруашылығы техникасының тозуы әсер етеді.
Тағы да АШМ есебіне тоқталайық. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында оңтүстік өңірлерде су көп қажет ететін дақылдардың көлемі қайта қаралыпты. Республика бойынша күріш алқабы 20,6 мың гектарға қысқарған. Ал мақта шаруашылығында дәстүрлі суару әдістері 12 мың гектарға азайтылып, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқаптар 29,8 мың гектарға көбейтілді дейді.
Сондай-ақ, биыл шаруаларды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де биліктің бақылауда болды. Жеңілдетілген дизель отынының бағасы литріне 281 теңге деңгейінде белгіленіп, бұл елдегі орташа бөлшек бағадан шамамен 15 пайызға төмен болды. Жалпы жоспарланған 402,3 мың тоннаның 324,8 мың тоннасына келісімшарт жасалып, оның 300,9 мың тоннасы өңірлерге жеткізілген.
Әлбетте, егіс науқанының сәтті өткенін нақты бағалау үшін күзгі өнім көлемін күту қажет. Себебі, шаруалар үшін басты көрсеткіш игерілген гектар саны емес, алынған өнім мен оның нарықтағы бағасы болмақ. Кейбір өңірлерде көктемгі ылғал қоры жеткіліксіз болғаны, ал оңтүстік облыстарда су тапшылығы мәселесі әлі де өзекті екені айтылуда.
Мемлекет дизель отынының бағасын нарықтан төмен деңгейде ұстап отырғанымен, көптеген шаруалар тыңайтқыш, қосалқы бөлшек және ауыл шаруашылығы техникасының қымбаттауынан шығындардың өскенін алға тартады. Сондықтан, субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің тиімділігі тек егіс көлемімен емес, фермерлердің нақты табысы арқылы бағалануға тиіс.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы саласындағы өнімділікті арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мәселен, дамыған аграрлық елдерде бір гектардан алынатын өнім көлемі Қазақстандағы көрсеткіштерден бірнеше есе жоғары екен. Бұл салада заманауи технологияларды енгізу, сапалы тұқым қорын қалыптастыру және су ресурстарын тиімді басқару бағытындағы жұмыстарды күшейтуді талап етеді.
Демек, егіс науқанының аяқталуы туралы ақпарат қағаз жүзіндегі нәтиже ғана. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялаған көрсеткіштердің тиімділігі күзгі орақ науқаны мен жиналған өнім көлемі арқылы бағаланатын болады.
Қорыта айтқанда, егіс науқаны туралы есептерде көбіне гектар саны, бөлінген қаржы мен жеткізілген жанар-жағармай көлемі айтылады. Алайда, ауылдағы қарапайым диқан үшін басты нәтиже статистика емес, күзгі табысқа деген үміт пен сенім. Себебі, жер жыртып, тұқым сепкен шаруаның еңбегі қағаздағы жоспармен емес, қамбаға құйылған астықпен өлшенеді. Әрине, ең маңыздысы осы болуға тиіс. Өйткені, елімізде кезең сайын егіс көлемінің артқаны туралы мәлімет беріледі, бірақ, өнімділікті арттыру, шаруаның табысын көбейту және ауылдағы еңбек адамының тұрмысын жақсарту мәселелері әлі де өзекті күйінде қалып отыр.