Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тергеу аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр. Бұл туралы марқұмның отбасы мүддесін қорғайтын адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Адвокаттың айтуынша, жәбірленуші тарап пен олардың қорғаушылары қылмыстық істің алғашқы жеті томымен толық танысып, қажетті құжаттардың көшірмелерін алған. Қазір іс материалдарын зерделеу жалғасуда. Заңда көзделген барлық рәсімдер аяқталған соң іс сот қарауына жолданады.
Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 11 қаңтар күні Шымкент қаласында болған. Тергеу мәліметінше, 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы бірнеше жерінен пышақтап, ауыр жарақат салған. Жас қыз алған жарақаттарынан көз жұмды.
Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары адам өлтіру, некеге тұруға мәжбүрлеу және сталкинг фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. 28 жастағы күдікті екі күннен кейін, 13 қаңтарда Шымкент қаласынан шамамен 10 шақырым жерден ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
Тергеу барысында күдіктіге сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Алғашқы қорытынды бойынша одан психикалық ауытқу белгілері анықталып, ол Алматы облысы Талғар ауданындағы Ақтас ауылында орналасқан мамандандырылған медициналық мекемеге мәжбүрлі емдеуге жіберілген болатын. Алайда кейінгі қосымша сараптамалар нәтижесінде күдіктінің ақыл-есі дұрыс екені анықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз бар деген қорытынды жасалды.
Нұрай Серікбайдың қазасы қоғамда үлкен резонанс туғызып, құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты көптеген сұрақтар көтерілді. Осы оқиғадан кейін қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың арыз-шағымдарына тиісті деңгейде назар аудармау мәселесіне байланысты Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы, оның бірінші орынбасары және бірқатар жауапты қызметкерлер қызметінен босатылған еді.
Қазіргі таңда іс бойынша барлық материалдар жинақталып, тараптардың танысу рәсімі аяқталғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданады. Марқұмның жақындары кінәлі тұлға заң алдында толық жауап беріп, әділ жаза алады деп үміттенеді.