Саяси сауалнама: тұрғындардың 87,8 пайызы елдің саяси даму бағытын қолдайды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жеткілікті шектің жыры: мемлекет әлеуметтік теңсіздікті "заңдастырды" ма?

Жеткілікті шектің жыры: мемлекет әлеуметтік теңсіздікті "заңдастырды" ма?
Фото: ашық дереккөздерден

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған ең төменгі жеткілікті жинақтаудың шекті мөлшерін жариялады. Жаңа талап бойынша енді 20 жастағы азаматтың зейнетақы шотында кемінде 6,67 млн теңге, 30 жаста 9,75 млн теңге, ал 40 жаста 13,37 млн теңге болуы тиіс. Осы сомадан асқан қаражат қана тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсалуы мүмкін.

БЖЗҚ мәліметінше, қабылдаған жаңа ереже азаматтың жасын, зейнетке дейінгі қалған уақытын, күтілетін өмір сүру ұзақтығын, болашақ жарналарды және инвестициялық кірісті ескереді. Мұндай тәсіл халықаралық тәжірибеге де сәйкес келеді екен.

Алайда, қоғамдағы пікірталас төменгі шектің есептелу әдістемесіне емес, оның қолжетімділігіне қатысты болып отыр. Яғни, қазір қоғам "20 жастағы адам 6,67 миллион теңге жинай ала ма?" деген сұраққа жауап іздеп отыр. 

Қисын бойынша, 20 жастағы азаматтың зейнетке шығуына шамамен 40 жылдан астам уақыт бар. Егер ол бүгін жинағының бір бөлігін алып қойса, сол қаражат ондаған жыл бойы инвестициялық табыс әкелмейді. Нәтижесінде болашақтағы зейнетақы көлемі де азаяды. Сондықтан, мемлекет азаматтың шотында белгілі бір сома сақталуын талап етеді.

Жалпы, жеткіліктілік шегі болашақ зейнетақыны қорғауға бағытталғаны анық. Бірақ, тәжірибеде бұл талап жастардың басым бөлігі үшін орындалмайтын міндетке айналып отырғаны алаңдатады.

Біріншіден, еңбек жолын енді бастаған 20–25 жастағы азаматтардың көпшілігі жоғары жалақы алмайды. Қазақстанда жастар арасында ең жиі кездесетін табыс деңгейі орташа немесе одан төмен жалақы саналады. Мұндай жағдайда бірнеше миллион теңге көлемінде зейнетақы жинағын қалыптастыру оңай емес.

Сарапшылардың есептеуінше, жаңа шекке жету үшін кейбір жас санаттарында өте жоғары ресми табыс қажет. Тіпті, кейбір талдауларда 20 жастағы азаматтың шотында 6,67 млн теңге болуы үшін еңбек жолын ерте бастап, бірнеше жыл бойы өте жоғары жалақы алуы керек болады.

Яғни, бұл жердегі мәселенің түп-төркіні жеткіліктілік шегінде емес, азаматтардың табыс деңгейінде жатыр. Қарпайым есепке жүгінсек, ай сайынғы жалақы 150 мың теңге болса, БЖЗҚ-ға түсетін міндетті жарна шамамен 15 мың теңгені құрайды. Ал 250 мың теңге жалақы алатын қызметкердің жарнасы шамамен 25 мың теңге болады. Демек, жарна көлемі табысқа тікелей байланысты болғандықтан, жоғары жалақы алатын азаматтардың жинағы әлдеқайда жылдам өседі. Ал төмен және орташа жалақы алатын азаматтар үшін жеткіліктілік шегіне жету ұзақ жылдарға созылады. Сондықтан заң бәріне бірдей болғанымен, оны пайдалану мүмкіндігі бәріне бірдей емес.

Екіншіден, 2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы жинағының артық бөлігін тұрғын үй сатып алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге пайдалана бастады. Бұл бастама қоғамда үлкен сұранысқа ие болды.

Алайда, соңғы жылдары жеткіліктілік шегінің бірнеше рет өсуі қаражаттарын мерзімінен бұрын пайдалана алатын азаматтардың қатарын азайтып келеді. Ал жаңа әдістеме енгізілгеннен кейін шекті мөлшер айтарлықтай ұлғайды. Мысалы, 20 жастағы азамат үшін шекті мөлшер 6,67 млн теңгеге дейін, 60 жастағы азамат үшін 22,5 млн теңгеге дейін көтерілді. Нәтижесінде тұрғын үй мәселесін шешу немесе емделу үшін зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі көбіне жоғары табыс табатын азаматтардың қолында қалып отыр. Әлбетте, бұл елдегі әлеуметтік теңсіздіктің ара жігін ашып, бай мен кедей бөлінісіне әкелетіні анық.

Үшіншіден, дәл осы мәселеге қатысты экономистердің пікірі нақты емес. Мамандардың бір бөлігі жеткіліктілік шегі қаржылық тұрақтылық үшін қажет екенін айтса, екінші тарап бұл көрсеткіш халық табысының нақты деңгейімен сәйкестендірілуі керек деген пікірде екен.

Өйткені, қазіргі жағдайда бір азамат үшін зейнетақы жинағы тұрғын үй мәселесін шешудің нақты құралы болса, екінші азамат үшін ол тек қағаз жүзіндегі мүмкіндік болып отыр.

Жалпы, зейнетақы жүйесінің басты мақсаты адамның қамсыз қарттығына кепілдік беру екені белгілі. Бірақ, халықтың едәуір бөлігінің жинағы жеткіліктілік шегіне жетпесе, заңда көрсетілген жинақты мерзімінен бұрын пайдалану құқығы әлеуметтік тұрғыдан тең қолжетімді құралға айнала алмайды.

Қорыта айтқанда, БЖЗҚ енгізген 6,67 млн теңгелік шек қаржылық логика тұрғысынан түсінікті. Мемлекет болашақ зейнетақының азайып кетпеуін көздейді. Бірақ, қоғамдағы негізгі сұрақ басқа болып тұр. Мәселе "20 жастағы азаматқа неге 6,67 миллион теңге керек?" дегенде тұрған жоқ. Басты қатыратыны "Бүгінгі жастардың басым бөлігі мұндай соманы жинай ала ма?" деген сауал.

Осы жерде мемлекет зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі азаматтың жасына ғана емес, ең алдымен оның табысына тәуелді екенін ескермеген сияқты. Шынымен де халықтың табыс деңгейі төмен болып қала берсе, бұл құқық көптеген қазақстандық үшін заңда бар болғанымен, өмірде қолжетпейтін мүмкіндік болып қала береді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.