Олжас Бектенов Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Орта дәліз және отандық логистика: төте тасымал жолы Ресейге тәуелділікті азайта ма?

Орта дәліз және отандық логистика: төте тасымал жолы Ресейге тәуелділікті азайта ма?

Отандық тасымалдау бағытында ерекше жаңалық болып жатыр. Жақында Қызылорда облысынан шыққан жүк пойызы Бельгияға барып табан тіреді.

Сыр бойында өскен күрішті тиеген состав Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы алыс шетелге алғаш рет шығып отыр.

Қазақстаннан жөнелтілген жүк Антверпен портына 30 тәулік шамасында жеткен. Ең маңыздысы, бұл тасымалдың құны Солтүстік дәлізбен салыстырғанда төмен болған. Екіншіден, күріш тиеген вагондардың кәрі құрлыққа тұмсық тіреуі жай ғана транзиттік жолсапар ғана емес, еліміздің логистика саласындағы түбегейлі таңдау кезеңінің бастауы болып отыр. Яғни, Бельгияға жеткен отандық өнімнің жолы елдің сыртқы сауда географиясындағы стратегиялық бетбұрыс барын аңғартатын қадам.

Бұдан еліміз бірнеше бағытта пайда көреді деген сенім бар. Әуелгісі, экономикалық тиімділік. Енді Орта Азия мен Еуропа арасындағы тауар тасымалы бағытында тарифтік бәсеке басталады. Өйткені, бұған дейін еуропалық бағыттағы жүктердің басым бөлігі Ресей аумағы арқылы өтетін. Солтүстік дәліз аталатын бұл жол Қазақстан үшін тиімсіз еді. Оның үстіне, көрші елге салынған санциялардың салдары біздің елді тәуекел аймағына тірейтін. Осылайша, геосаяси тәуекелдер, санкциялық қысым және логистикалық іркілістер бұл бағыттың тұрақтылығына күмәнмен қарауға мәжбүр етті.

Ал Орта дәліздің артықшылығы қандай? Біріншіден, бұл бағыт Ресей аумағын   айналып өтіп, Каспий және Қара теңіздері арқылы балама маршрут ұсынып отыр. Сарапшылар бұл дәліз Қазақстанға мультимодальды формат есебінен икемділік береді дейді. Атап айтқанда, аймақтағы жүк тасымалы үшін тарифтік бәсекені күшейтеді.Егер жаңа маршрут шынымен де арзан әрі тұрақты болса, онда бұл экспорттаушылар үшін нақты экономикалық аргументке айналады.

Егер жаңа маршрут шынымен де арзан әрі тұрақты болса, онда бұл экспорттаушылар үшін нақты экономикалық аргументке айналады.

Мұнан бөлек, еліміздің геосаяси салмағын да арттырады екен. Яғни, қазақ саясаткерлері жиі айтатын көпвекторлы саясат нақты жемісін бере бастады деген сөз.

Қазақстан соңғы жылдары барлық мағынасында көпвекторлы саясат ұстанатынын дәлелдеуге күш салып келді. Бірақ көпвекторлық сөз жүзінде емес, инфрақұрылым арқылы бекітілгенде ғана шынайы болатын еді. Ал Орта дәліз бағыты дәл сондай инфрақұрылымдық шешімнің жүзеге асуын білдіреді.

Екіншіден, Транскаспий көлік дәлізі Қазақстан – Әзербайжан – Грузия – Түркия – Еуропа желісі бойынша экономикалық әрі саяси байланыстарды одан әрі күшейтеді. Қазақстан тарапы жүзеге асырған бұл пилоттық жобадан кейін Каспий аймағын транзиттік хабқа айналдыруға кеңінен жол ашылады деген сенім зор.

Тағы бір астын сызып айтар тұс, Орта дәліз еліміздің көрші мемлекеттерге логистикалық тәуелділігін азайтуға мүмкіндік бермек. Әсіресе, экономикалық тұрғыдан басымдыққа ие солтүстіктегі көршіміздің талаптарын қайта қарауға жетелейді.

Рас, бұл қадам Ресейге қарсы ұстаным емес, бірақ тәуелділікті азайтатын прагматикалық таңдау ретінде тарихқа енуге тиіс

Алайда Орта дәліздің әлсіз тұстары да бар екенін естен шығармау керек. Қазір Каспийдегі паром тасымалы қуатының шектеулілігі басты кедергі болуы мүмкін. Яғни, порт инфрақұрылымының өткізу қабілеті төмен. Екіншіден, жүктердің бірнеше елдің шекарасынан өтуіне байланысты әкімшілік рәсімдер әлі де қиындық тудырады. Маусымдық ауа райы факторлары да ықпал етеді екен. Мұнан бөлек, Қазақстан бастаған 30 күндік транзит жобасы әзірге пилоттық режимде болып отыр. Ал келешекте тұрақты жүк ағыны көбейсе, инфрақұрылым қысымға түсуі мүмкін. Саяси тұрғыдан да қазақ шенеуніктерінің ерік-жігері сыналатын күн алда.

Жалпы, Орта дәліз жобасы тарифтік тұрғыда бәсекеге қабілетті болса, уақыт жағынан тұрақтылық танытса және инфрақұрылымдық жаңғырту жұмысы лайықты жүрсе, онда Қазақстан Еуразиядағы негізгі құрлықтық-транзиттік ойыншылардың біріне айналуы ықтимал. Бұл тек осы жолғыдай күріш экспорты туралы ғана емес, металл, астық, мұнай-химия өнімдері және тұтас контейнерлік тасымалдың болашағы жарқын болатынына кепілдік береді.

Әзірге Қазақстан жағы логистикалық саясат бағытындағы Ресейге тәуелділікке балама іздеп қана қоймай, оны іс жүзінде іске асыра бастағанына қуанамыз. Айтпақшы, Транскаспий халықаралық көлік жолының Орта дәліз бағыты арқылы жүк тасымалын "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының еншілесі KTZ Express іске асырған. Ал теңіз учаскесіндегі тасымалға CMA CGM Group компаниясы қатысыпты.

Күріш тиелген контейнерлер Қызылорда – Ақтау порты – Поти порты – Антверпен арқылы Бельгия королдігінің аумағына отыз күнде жеткен.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.