«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы болып Мәжіліс төрағасының орынбасары Дәния Еспаева сайланды. Оның кандидатурасын партияның кезекті съезіне қатысқан делегаттардың басым көпшілігі қолдады, деп хабарлайды kznews.kz.
Осылайша, Дәния Еспаева Қазақстан тарихында саяси партияны басқарған алғашқы әйел төраға атанып отыр. Бұл шешім елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі ретінде бағалануда.
Партияны бұған дейін шамамен 15 жыл бойы басқарған Азат Перуашев съезд барысында төрағалық қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол өз сөзінде партияның алдағы дамуына жаңа серпін беру қажеттігін атап өтіп, делегаттарға Дәния Еспаеваның кандидатурасын ұсынған.
Дәния Еспаева – еліміздегі тәжірибелі саясаткерлердің бірі. Ол ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет пен заң шығарушы органда жұмыс істеп, экономикалық және әлеуметтік мәселелер бойынша белсенді ұстанымымен танылған. Қазіргі уақытта Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Саясаткер 2019 жылғы Қазақстан Республикасы президенті сайлауына қатысып, тәуелсіз Қазақстан тарихында президенттікке кандидат ретінде тіркелген алғашқы әйел атанған болатын. Бұл оқиға оның есімін елдің саяси тарихына енгізді.
Съезд қорытындысы бойынша делегаттар Дәния Еспаеваның кандидатурасын бірауыздан қолдап, оны «Ақ жол» партиясының жаңа төрайымы етіп сайлады. Партия мүшелері жаңа басшылық кезеңінде ұйымның саяси белсенділігі артып, бағдарламалық мақсаттары мен бастамалары одан әрі жүзеге асады деген сенім білдірді.