"Ойын" алаңына айналған Ормуз: бұғаздың қайта жабылуы қаншалықты қауіпті?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

"Ойын" алаңына айналған Ормуз: бұғаздың қайта жабылуы қаншалықты қауіпті?

"Ойын" алаңына айналған Ормуз: бұғаздың қайта жабылуы қаншалықты қауіпті?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Таяу Шығыстағы текетірес әскери қимылдардан бөлек, әлемнің сауда-экономикалық жүйесіне жаңа соққы болып тиюде. Әсіресе, онсыз да қалт-құлт етіп энергетикалық нарықтағы ахуал тағы ушығатын сияқты. Өйткені, Иранның бірлескен әскери қолбасшылығы Ормуз бұғазын барлық кемелер үшін жапты. 

Бұл ақпарат Иранның мемлекеттік және Сақшылар корпусына жақын ақпарат құралдарында айтылуда. Онда Ормуз бұғазының "келесі хабарламаға дейін жабылғаны" және бұғазға жақындаған кез келген кеме "дұшпандық ниеттері елдермен ынтымақтастық" ретінде қарастырылатыны жарияланған.

Осылайша, Ормуз бұғазының жабылуы туралы Иранның мәлімдемесі Таяу Шығыстағы шиеленісті жаңа деңгейге шығарды. Әлемдік мұнай экспортының бестен бір бөлігі өтетін стратегиялық су жолының бұғатталуы халықаралық энергетикалық нарыққа тікелей әсер етуде. Сарапшылардың пікірінше, егер бұғаз ұзақ уақытқа жабық қалса, мұнай бағасы қымбаттап, әлемдік инфляцияның күшеюіне, ал энергия импорттайтын елдердің экономикасына қосымша қысым түсуі мүмкін.

Алайда, "АҚШ әскери қолбасшылығы коммерциялық кемелердің әлі де бұғаз арқылы қозғалып жатқанын және теңіз қатынасы толық тоқтамағанын мәлімдеді" деп жазды бүгін Reuters агенттігі инсайдерлерге сілтеме жасап.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Ормуз бұғазын жабу туралы мәлімдемесіне өте қатаң реакция білдірген көрінеді.Соңғы мәлімдемесінде Трамп егер Иранмен бейбіт келісім жасалмаса, АҚШ "өте күшті соққы береді" деп ескертті. Жалпы, мұндай суық сес Иран әскерилерінің бұғаз маңында америкалық тікұшақты атып түсіргеннен кейін айтылып, жағдай күрт шиеленісе түскен.

Яғни, АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Ормуз бұғазын жабу әрекетін халықаралық сауда мен энергетикалық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде бағалады. Ақ үй Иранға қысымды күшейтіп, бұғаздағы кеме қатынасының еркіндігін сақтауға ниетті екенін мәлімдеуде. Сарапшылардың пікірінше, Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетірестің жаңа кезеңге өтуі Таяу Шығыстағы онсыз да күрделі ахуалды одан әрі ушықтырып, әлемдік мұнай нарығына елеулі ықпал етуі мүмкін.

Тоқетерін айтқанда, Ормуз бұғазы әлемдегі энергетикалық қауіпсіздіктің негізгі күретамырларының бірі. Әлемдік мұнай тасымалының шамамен бестен бір бөлігі осы су жолы арқылы өтеді. Сондықтан бұғаздағы кез келген әскери шиеленіс халықаралық нарыққа бірден әсер етеді. Иранның соңғы мәлімдемесінен кейін мұнай бағасы бірнеше пайызға өсетінін болжаған сарапшылар, энергия тасымалына қатысты жаңа тәуекелдер туралы да ескертуде.

Айтпақшы, Қазақстан үшін де бұл жағдай бейжай қарайтын мәселе емес. Мұнай бағасының өсуі экспорттық кірісті арттырғанымен, әлемдік экономиканың баяулауы мен геосаяси тәуекелдердің күшеюі ұзаққа созылатын қосымша сын-қатерлер туындатуы да ықтимал. 

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.