Денсаулық және сұлулық

Қатерлі ісікпен күрес: қаржыландыру көбейсе де, қайтыс болғандар саны азаймай отыр

Қатерлі ісікпен күрес: қаржыландыру көбейсе де, қайтыс болғандар саны азаймай отыр
Фото иллюстрация: kznews

Жалпы, қазіргі медицина ғылымының дәрменсіздік танытып отырған тұсы да осы емі жоқ ауруларға қатысты. Мысалы – қатерлік ісік дерті. 

Ұзақ жылдар бойы жүргізілген ғылыми-зерттеу, тәжірибе жұмысына қарамастан қатерлі ісікке шалдыққан науқасты құлантаза емдеп шығу мүмкіндігі табылған жоқ. Әрі рак ауруына шалдығу көрсеткіші жыл сайын көбейіп келеді.

Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, қазір ғаламшарда қатерлік ісік ауруына шалдыққан 20 миллионнан астам науқас бар екен. Бұл – тұтас Қазақстан халқының санына пара-пар.

Қатерлі ісікпен ауыратындар қатары елімізде де аз емес. Статистикаға салсақ, 2024 жылдың соңында динамикалық бақылауда 230 мыңнан астам онкологиялық пациент болғаны айтылады. Және бұл цифр 2023 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға өскен. Ал биылғы 1 қаңтарға дейін жалпы саны 230,9 мың адам қатерлі ісік диагнозымен тіркелгені туралы мәлімет бар. Демек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 30–40 мың адамнан жаңадан қатерлі ісік жағдайы анықталады деген сөз. Өкінішке қарай, қатерлі ісік салдарынан жыл сайын 12 мыңнан астам науқас қайтыс болады екен.

Бір қуанарлығы, әлем дәрігерлерінің қатерлі ісік ауруымен күресу ісі толық жеңіспен аяқталмаса да, адамзат үшін үміт сәулесін жаққанға ұқсайды. Яғни, рак қазір адам үшін «өлім үкімі» тізімнен шыға бастаған. Бұл жердегі жеңіс тек медицинаның қолында емес, науқастардың өмір сүруге құштарлығы мен аурудың алдын алуға деген жауапкершлігіне де байланысты екен.

– Рак ауруымен күресу барысында медицина үшін науқастың бастапқы кезеңде келгені өте маңызды. Адам ары қарай ем алса, қажетті шараны үзбесе, құлан таза айығып кетуіне кепілдік бар. Ал адам бойында ауру белгілерінің бар, жоғын тек медициналық тексеру кезінде ғана анықтай аламыз. Ол үшін тұрғындардың өз денсаулығына немқұрайлы қарамай, мүмкіндігінше жиі тексеруден өткені дұрыс, – дейді онко-гинеколог Дина Қадырханқызы.

Ал елімізде қатерлі ісік ауруының алдын алу мен емдеу толықтай мемлекет есебінен жүргізіледі. Бұл бағытта бөлінген бюджет қаражаты қисапсыз.

Соған қарамастан емі жоқ аурулардың профилактикасына қатысты сын да көп. Дертті дер кезінде анықтаудың маңызы туралы жиі айтылғанымен, аймақтардағы онкологиялық диспансерлерде маман тапшылығы, тиісті диагностикалық құралдар жетіспеушілігі, тіпті, кейбір ауруханаларда төсек-орынның болмауы сияқты мәселелер әлі де бар.

Көп жағдайда аймақтардағы жағдайды жуып-шаюға тырасатын шенеуніктер барлық мәселені қаржы тапшылығына әкеліп тірейді екен. Алайда, бұл шындыққа жанаспайды.

– Бастапқыда бюджет жобасында онкология мен онкогематологияны қаржыландыруда 25 млрд теңге көлемінде тапшылық болған еді. Біз бұған келісе алмадық. Себебі бұл жай ғана сандар емес – адамдардың тағдыры мен өмірі. Сондықтан қосымша қаражат бөлгіздік, атап айтқанда 20 млрд теңге онкологиялық науқастарды емдеуге, 5 млрд теңге онкогематологияға, 8 млрд теңге  гемодиализге, 4 млрд теңге паллиативтік көмекке бөлінді, – деген болатын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов биылғы бюджет жобасын жасақтау барысында.

Жалпы, елімізде онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы көлеміне қатысты бірізділік жоқ. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігі мәліметі бойынша, онкологиялық ауруларды емдеуге жыл сайын шамамен 40 млрд теңге бөлінеді-мыс.

Ал мекеменің 2023-2027 жылдарға арналған жоспары бойынша онкологиялық қызметті жаңғыртуға 460,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылғаны айтылады. Бірақ, 2024 жылы онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаражат орта есеппен 20 пайызға қысқарған.

Тек биыл бұл бағыт қайта қаралып, онкологиялық ауруларды емдеуге 25 млрд теңге қосымша қаржы бөлінген.

Қалмаханбет Мұқаметқали.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz